Медицина қызметкерлері ауру жұқтырған
– Қалада бір тәулікте 174 науқас тіркелген. Оның 58-і жергілікті науқаспен байланыста болған адамдар. Соның ішінде қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, Орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 медицина қызметкері, Медициналық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №11 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 Қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар, – деді қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы онлайн-брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.13 сәуір күні Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана карантинге жабылғанын, бұл жерде 37 медициналық қызметкердің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқанбыз. Кешегі мәліметті қосқанда бұл ауруханадағы инфекция анықталған медқызметкерлердің саны 147-ге жеткен. Өкінішке қарай, қаладағы ең үлкен аурухананың бірі болып саналатын емдеу мекемесінің ахуалы осындай болып тұр. Дәл қазір инфекциялық стационарларда COVID-19 вирусын жұқтырған 295 пациент емделіп жатыр. Оның ішінде 7 адамның жағдайы ауыр. 41 адамның (бір әйел Алматы облысынан) жай-күйі орташа ауыр, 247 адамның жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде. Провизорлық орталықтарда 256 адам бар, оның ішінде 12 бала, карантиндік оқшаулануда 366, үй карантинінде 7 097 пациент бар.
– Медицина қызметкерлерінің екеуінде полисегментті пневмонияның болуына байланысты жағдайы ауыр, қалған науқастарда – қанағаттанарлық. Барлық байланыста болған адамдарға диагнозын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Вирусты олар пациенттерден де жұқтыруы мүмкін. Өйткені олар шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырып отырды. Олардың ішінде ауру белгілері жоқ пациенттер де болуы мүмкін, – деді Тілеухан Әбілдаев.Аталған факті бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін тексеріп, қарау бойынша барлық шара қолданылып жатыр. Қазіргі таңда қалалық клиникалардың бәрінде қызметкерлерді коронавирусқа байланысты міндетті түрде тексеріп, қарау ісі және эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілді.
Өзге ел дәрігерлері де індет құрығына ілінуде
Бүкіл әлемді шарпыған індет қарапайым тұрғындарды былай қойғанда, дәрігерлердің өзін әбігерге салып, тіпті осы науқастан көз жұмған жағдайлар да тіркелуде. Осы ауруды жұқтырудан Еуропада екінші орында тұрған Италияда 31 шілдеге дейін төтенше жағдай режимі енгізілген. Осыдан-ақ жағдайдың тым күрделі екенін аңғаруға болады. Күн сайын жүздеген дәрігер науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде бұл елде 100-ден астам медицина қызметкері осы індеттен көз жұмған. Ауруханалардың кәсіподақ ұйымының хабарлауынша, ауру жұқтырған медқызметкерлер саны 10 мыңнан асады.Италиялық Humanitas Gavazzeni e Castelli ауруханасының хирургі Даниэле Маккини коронавирус инфекциясының таралуынан қазір бұл елде жағдайдың тым күрделі екенін айта келіп, «Бұл індеттен тек әріптестерім ғана емес, отбасымыз да зардап шегіп жатыр. Әріптестерімнің көбінде қорғаныс киімдері мен құралдары бола тұра, ауру жұқтырған. Олар өз туыстарына да ауру жұқтырды. Отбасындағы науқастардың біразы қазір өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатыр. Коронавируспен күрес соғысқа ұқсайды» дейді.Қазіргі таңда Испанияда да коронавиус инфекциясымен күресте 10-нан астам дәрігер көз жұмды. Сондай-ақ тағы екі орта медицина қызметкері бар. Олардың басым бөлігі алғашқы медициналық қызмет көрсету саласында жұмыс істеген және қарапайым қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Испанияда 12 300-ден астам медқызметкер ауру жұқтырып үлгерген. Оның 85 пайызы ауруды жеңіл өткізуде және өз үйлерінде ем-дом алуда. Қазіргі таңда мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біздікі қазіргідей қиын сәтте «Сақтансаң, сақтаймын» деген тәмсілді тағы бір еске салу.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ