Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров Еуропалық одақтың еліміздегі елшісі Свен-Олов Карлссонмен кездесу өткізді. Оның барысында адам құқықтарын қорғау мен ілгерілетудің өзекті мәселелері талқыланды, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері пысықталды.
Омбудсмен Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысын ұлттық құқық қорғау мекемесі жұмысының негізгі бағыттары мен түрлері, оның мемлекеттік органдармен, азаматтық сектормен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы жайында хабардар етті. Бұдан бөлек, ұлттық заңнаманы жетілдіру және оған халықаралық құқық қорғау стандарттарын енгізу туралы да толық ақпарат ұсынылды.
Қазақстанға халықаралық уағдаластықтар аясында берілген ұсынымдарды жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар «Әмбебап кезеңдік шолу» форматында ұсынылатын еліміздің алдағы баяндамасын талқыға салды.
ЕО өкілі Қазақстанның бастамасы бойынша Орталық Азия елдері омбудсмендерінің ынтымақтастығына арналған алаң (CASI NHRI) құруды қолдады. Белгілі болғандай, жақын арада осы тұғырнама қызметінің жол картасы бекітілетін көрінеді. Ол құқық қорғау ынтымақтастығының аймақ елдері үшін ортақ қызығушылық тудыратын басымдықты мәселелерін қамтиды.
С.Карлссон екіжақты ықпалдастықты, соның ішінде Еуропалық одақтың «Құқық үстемдігі платформасы – Орталық Азия» атты жобасы аясында өзара іс-қимылды одан ары жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Ол «Қазақстанның сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін жақсартуды қолдау» атты ЕО мен Еуропа кеңесінің жобасындағы бірлескен жұмыстың оң тәжірибесін еске сала келе, Қазақстанмен ынтымақтастықтың тұтастай алғанда, жемісті жүріп жатқанын атап өтті.
Еуроодақ өкілі қазақстандық құқық қорғау мекемесінің қызметіне оң баға берді және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуде қолданылып жатқан шаралардың маңыздылығын айтты.