Сыртқа жайдық сырымызды…
Сыртқа жайдық сырымызды…
615
оқылды

Бәрін ашып салатын болдық: қазір ауызда сөз тұрмайды, естіген, көрген, білгенімізді әлеуметтік желіге ақтара салып, қарап отырамыз; осының арты қалай болады, елге, жұртқа, қоршаған ортаға зияны тиіп жүрмей ме деп әсте ойланбаймыз…

«Мия» деген өсімдік бар еді. Емдік қасиеті зор. Жалпақ әлемге жайып салдық. Пысықай жігіт­теріміз түбіріне дейін трактормен аударып, көрші мемлекетке асы­рып жіберді. Киіктің мүйізі де қазақ үшін қасиетті нәрсе болатын. Оның да пайдасын айттық, қуаяқ қулар қуып жүріп атып, киіктен киік қал­дырмауға қарады. «Сұңғыла» деген өсімдіктің де адам ағзасына пайдасы мол. Біреуден біреу естіп, қазір Мойынқұм мен Қарақұмның қойнауында жиі кездесетін сорлы сұңғыланың сорын қайнатып жатырмыз. Жақында біреу «Құрқылтай­дың ұясы деген сұмдық байлық­тың көзі» деп жаһанға жар салды. Іле-шала жарқанаттың ұясы – жанға дәру дегенді таратты. Жоңғар Алатауының бөк­терінде «Шұғынық» деген өсімдік өседі, оның да өзіндік шипасы мол. Арғы беттен енді осы шұғы­нықты тамырына дейін шұқып алып кетушілер көбейіпті… Айта берсек, осындай. Бұ­ларды айтпауға тиіс едік. Ақыры айтылып, арты бағалы өсімдік­терімізден түгел айырылуға қара­­ған соң айтып отырмыз мұны. Бұрынғының қарттары қа­зына болатын. Бәрін білді. Біл­генін тек жөн білетіндерге ғана айтты. Көлденең көк аттыға құ­пия нәр­селерді біз құсап жайып салған жоқ. Тіпті қазбалап сұрап бара жатсаңыз, «Е, Құдай біледі де» деп нақты жауаптан жалтарып кетуші еді. Біз сол үлгіні ұстап қала алмадық. Әлеуметтік желі деген бар сырыңды аңдитын ашық дұш­панға айналды. Қазақтың өз орта­сында ғана емеурінмен айты­лып, ыммен ишара жасалатын нәрселерге дейін ашық әңгіменің алаңына түсті. «Үй сыртында кісі бар» дегенді айтқан ата-бабамыз­дың ішкі сақтық мәселесіне зор мән бергенін естен шығардық. Ел ішінде әлі де көп нәрсенің құпия­сын білетін қарттар сирек болса да ұшырасады. Әлемжеліге әуес­тік әулекі тірліктерге бастайды. Хал­қымыздың ғасырлар бойы жи­нақтаған емдік, шипалық әдіс-тәсілдерін түгел жария етуге болмайды. Тибет монахтары құпиясын өлсе де ашпайды. Соның арқасында бүкіл әлем бойынша ем-дом іздегендер Тибетке ағылады. Қазақстанда шипалы өсімдік өте мол. Олардың неге пайдасы барын емшілер біледі. Соның бәрін айта беруіміз керек пе? «Кел, көр, ал» дегендей, барлығын айта берсек, өзімізде не қалады? Аталарымыздың іске де, сөзге де берік қасиетін неге сақта­май­мыз? «Осының мәнісін айтыңыз­шы» деп сұрақтың астына алып, жанын қояр да қоймай білгісі келіп бара жатқандарға: сақал-мұртын бір сипап қойып, күлім­сіреген күйі «Е, бәрін Алла біледі» деп жауап қайтаратын қайран қазақтың қара шалдары-ай! Садағаң кетейін! Қайтейін!..