Бәрін ашып салатын болдық: қазір ауызда сөз тұрмайды, естіген, көрген, білгенімізді әлеуметтік желіге ақтара салып, қарап отырамыз; осының арты қалай болады, елге, жұртқа, қоршаған ортаға зияны тиіп жүрмей ме деп әсте ойланбаймыз…
«Мия» деген өсімдік бар еді. Емдік қасиеті зор. Жалпақ әлемге жайып салдық. Пысықай жігіттеріміз түбіріне дейін трактормен аударып, көрші мемлекетке асырып жіберді. Киіктің мүйізі де қазақ үшін қасиетті нәрсе болатын. Оның да пайдасын айттық, қуаяқ қулар қуып жүріп атып, киіктен киік қалдырмауға қарады. «Сұңғыла» деген өсімдіктің де адам ағзасына пайдасы мол. Біреуден біреу естіп, қазір Мойынқұм мен Қарақұмның қойнауында жиі кездесетін сорлы сұңғыланың сорын қайнатып жатырмыз. Жақында біреу «Құрқылтайдың ұясы деген сұмдық байлықтың көзі» деп жаһанға жар салды. Іле-шала жарқанаттың ұясы – жанға дәру дегенді таратты. Жоңғар Алатауының бөктерінде «Шұғынық» деген өсімдік өседі, оның да өзіндік шипасы мол. Арғы беттен енді осы шұғынықты тамырына дейін шұқып алып кетушілер көбейіпті… Айта берсек, осындай. Бұларды айтпауға тиіс едік. Ақыры айтылып, арты бағалы өсімдіктерімізден түгел айырылуға қараған соң айтып отырмыз мұны. Бұрынғының қарттары қазына болатын. Бәрін білді. Білгенін тек жөн білетіндерге ғана айтты. Көлденең көк аттыға құпия нәрселерді біз құсап жайып салған жоқ. Тіпті қазбалап сұрап бара жатсаңыз, «Е, Құдай біледі де» деп нақты жауаптан жалтарып кетуші еді. Біз сол үлгіні ұстап қала алмадық. Әлеуметтік желі деген бар сырыңды аңдитын ашық дұшпанға айналды. Қазақтың өз ортасында ғана емеурінмен айтылып, ыммен ишара жасалатын нәрселерге дейін ашық әңгіменің алаңына түсті. «Үй сыртында кісі бар» дегенді айтқан ата-бабамыздың ішкі сақтық мәселесіне зор мән бергенін естен шығардық. Ел ішінде әлі де көп нәрсенің құпиясын білетін қарттар сирек болса да ұшырасады. Әлемжеліге әуестік әулекі тірліктерге бастайды. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған емдік, шипалық әдіс-тәсілдерін түгел жария етуге болмайды. Тибет монахтары құпиясын өлсе де ашпайды. Соның арқасында бүкіл әлем бойынша ем-дом іздегендер Тибетке ағылады. Қазақстанда шипалы өсімдік өте мол. Олардың неге пайдасы барын емшілер біледі. Соның бәрін айта беруіміз керек пе? «Кел, көр, ал» дегендей, барлығын айта берсек, өзімізде не қалады? Аталарымыздың іске де, сөзге де берік қасиетін неге сақтамаймыз? «Осының мәнісін айтыңызшы» деп сұрақтың астына алып, жанын қояр да қоймай білгісі келіп бара жатқандарға: сақал-мұртын бір сипап қойып, күлімсіреген күйі «Е, бәрін Алла біледі» деп жауап қайтаратын қайран қазақтың қара шалдары-ай! Садағаң кетейін! Қайтейін!..