Жәнібек салған ән қандай?!
Жәнібек салған ән қандай?!
823
оқылды

Жәнібек Кәрменовті «ән академигі» атанған Жүсіпбек Елебеков үлкен сахнаға алып шықты. Жәнібек те Жүсекеңдей аяулы жанды әкесінен кем көрген жоқ. Түрлі ән мектебін зерттеп, зерделеп, ұлттық өнер көкжиегін барынша кеңейтуге тырысты.

«Қазақ елінде қанша ән дәстүрі болса, соның бәріне дендеп барды. Ақселеу Сейдімбек ағасы екеуі жасаған оншақты телевизиялық хабар бар. Сонда білікті маман ретінде Мұхит, Кенен әндері, өзге де халық ақындарының шығармалары, Шәкәрім мен Сәкен мұраларын зерттеп, бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі бағыттағы дүниелерді жан-жақты саралады» дейді Жәнібек Кәрменовтің аяулы жары Тұрар апай. Биыл ән еркесіне – 70 жыл. Мерейтойы қарсаңында белгілі журналист Дәулет Сейсенұлы «Жәнібек» атты деректі кітап жа­зып, «Жәнібек ән салады» атты пье­саны өмірге әкелді. Бүгінде бұл пьеса Семейде облыстық театр­дың сахнасында қойылып жүр.

Бес жасында Ақылбайдың әнін айтқан

«Жәнібек қайтыс болғаннан кейін 2001 жылы естеліктер жи­на­ғы шықты. Оны құрастырған – Тұрсын Жұртбай мен жолдасы Тоты. Жәнібек екеуміз бір өңір­дің, Абай ауылының тумасымыз. 1949 жылдың ақпан айында туғанбыз. Ол кездері дәл туған күніңді көрсетпейді ғой. Қай күні құжат аласың, сол күнді белгілеп береді. Жәкеңнің туған күні құжат бойынша 22 наурыз деп естіген едік. Екеуімізде поли­гон­мен таласып туған ұрпақпыз. Бала кезінде Жәнібекті «кіш­кентай шал» деп атайды екен. Ол менен он күндей кіші болғанымен, өзін он жастай «ересек» сезінетін еді. Ол Абай ауданының орталығы Қарауылда оқыды. Айымыз да, жылымыз да бір болғанымен, екеуміздің білім алған мектебіміз екі бөлек. Туғаннан бір-бірімізді білеміз десек, өтірік болар, Жә­нібекті алғаш көргенім жетінші сыныпта ғана. Жәнібектің ұстазы Кәмен Оразалин деген атақты жазушы. Ол кісі Мейірғали Ыбы­раев дейтін талантты ақынның да алғашқы ұстазы. Роллан Сей­сенбаев дейтін атақты жазушы бар. Кітаптары шет елдерге де таралған. Мейірғали – ақын, Роллан – жазушы. Осындай бір шоқ жастар өсіп шықты. Алды – 41-42 жылғылар. Жәнібек жас­тайынан алғыр болды. Ауданда «Абай ұрпақтары» атты журнал шығады. Мұхтар Әуезовтің баста­масымен жарық көрген қолжазба журнал. Қолжазба журналдың негізгі жетекшісі Кәмен Оразалин болғанымен, оң қолы – Жәнібек. Оның екі қыры бар: біріншісі – әншілік болса, екіншісі – жазу­шылық қабілеті. Он екі-он үш жастағы бала болса да, оның екі қабілетін де бірден аңғардық. Кәмен аға оған Кененнің әндерін айтқызды. Кенен Әзірбаев «Бозторғай» әнін он бір жасында шығарған екен. Жәнібек те ол әнді он бір жасынан бастап орын­даған. Жәнібектің әнін тыңда­ғанда аузымыз ашылып, көзіміз жұмылып қалады. Ол кезде ән айтумен бірге, әңгіме де жазып жүрген. Ең алғашқы әңгімесі «Ақылбайдың әні» деп аталады. Ақылбай – Абайдың ұлы. Одан қалып отырған – бір ғана ән. Оны жеткізуші – Жәнібек. Оның қаламгерлігіне келер болсақ, өнер тақырыбын көбірек жазған. Өнер адамдары туралы көбірек толғады. Көзі тірісінде үш кітабы шықты. Алғашқысы – «Ақылбайдың әні», екіншісі – «Ғашықтың тілі», үшінші кітабы – «Махаббат әні». Бес жасында айтқан алғашқы әні – әнші, сазгер Манарбек Ержановтың «Қойшының әні». Жәнібектің әнге, сөзге бейім болатын себебі, анасы Мағрипа сөзге шешен, тапқыр кісі бо­лыпты. Өзінен екі жас үлкен Бану дейтін апайы да керемет әнші болған. Кенжегүл қарындасының да сөзге шешендігі, әншілігі бар. 14-15 жасында «Ақылбайдың әнін» жазады. 1966 жылы Алма­тыға барып, әншілердің байқауына қатысады. Онда Жә­нібектің жасы – 17-де. Сол жолы атақты өнертанушы, ғалым Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Сонда Ахаң: «Қарауылдан кере­мет, дауысы өзгеше бір бала кел­ді», – деп Жүсекеңе айтады. Ара­да бір ай өткенде Сапарғали Бе­галин жетпіске толып, қасында Жүсіпбек Елебеков бар, Абай ауданына келеді. Ауданның бі­рін­ші хатшысы – Кәрім Нұрғораев. Кәмен Оразалин Алматыдан келген қонақтарға таныстыру үшін Жәнібекті арнайы алып барады. Алғашқы кезде жолдан қатты шаршаған болуы керек, онша мән бере қоймайды. Сол күні кешкісін Сапарғали Бега­линнің 70 жылдығына орай Қара­уылда үлкен кеш өтеді. Кеште сах­наға домбырасын алып, Жә­нібек те шығады. Сонда Жүсекең елең ете қалып: «Әмі­ренің жал­ғасын Қарауылдан тап­тым», – дейді. Ауданның бі­рінші хатшысы да Елебековке «осы баланы Ал­матыға ала кет­сеңіздер» деп, өтініш айтады. Сөйтіп, Жәнібек 17 жасында Алматыға келіп, Қа­зақконцертке қабылданады. Жү­секеңнің қа­сында жүріп, бір жыл бойы ел аралайды. Ол қай өңірге барса да, сол өңірдің ту­масы екен деп ой­лайтын көрінеді. Өйткені оның айрықша қасиеті – халық ән­ші­лерінің өмір тарихын жетік біл­ген. Жәнібек Алматыға кел­ген­нен кейін, Жүсекең оқуға тү­­сірді. 20 жасында алғашқы пәте­ріне қол жеткізді. Жәнібектің аса танылған ке­зі – өткен ғасырдың 70-жылдары. «Асыл мұра» атты бағдарлама жүргізді. Оны көрнекті жазушы Ақселеу Сейдімбек екеуі бірге жасады. Өкінішке қарай, ол хабардың көбі сақталған жоқ. 1984 жылы Жәнібекке Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1985 жылы Мәскеуде өткен Жас­тар мен студенттердің ХІІ фес­тиваліне қатысты. Сол жылы Құр­манғазы атындағы консерва­торияның жаңадан ашылған дәстүрлі ән кафедрасының бас­тауында болды. Сөйтіп, атақ-даң­қы шыққан Жәкеңе 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Жастайынан өтірікке жаны төзбейтін, шын­шыл адам еді. Айналдырған үш-төрт-ақ жылда шет елдерді ара­лап, ән шырқады. 1990 жылы «Өнер» баспасынан «Халық ән­дері мен халық композитор­ла­рының әндері» деген екі томдық антология шығарды. 1992 жылы 43 жасында өмірден озды. Жә­ні­бек­­сіз таңды атырғанымызға 25 жылдан асыпты. Жәнібек ту­ралы кітап, пьеса жаза қоямын деп ойлаған емеспін. Негізгі ма­мандығым – журналист. Жәні­бектің 70 жылдығына орай деректі дүние жазсам деп ойладым. Оның қаламгерлік, әншілік, ұстаздық қырын көрсеткім келді. Ол әнші-қаламгер ғана емес, ұстаз бола­тын. Бекболат Тілеухан, Әділет Мұса – Жәнібектің төл шәкірт­тері. Кітап жазбас бұрын «Жәні­бек ән салады» деген пьеса жаз­дым. Кітапты да, пьесаны жазар алдында Тұрсын Жұртбаймен ақылдасып, кеңесіп алдым. Пье­саның атауын «Жәнібек ән са­лады» деп неге атадым? Ақын Жарасқан Әбдіраштың «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзі елдің арасында афо­ризмге айналып кеткен. Соған байланысты «Жәнібек ән салады» деп қойдым. Пьесаны облыстық драма театры қойды. Семейде қойған спектакльді Жәнібектің жолдасы Тоты келіп, тамашалады. Бір пьесада Кәрменовтің бүкіл өмірін қамти алдық деп айта алмаймыз. Ол бар-жоғы 25 беттік шығарма ғана. Оның студияда оқыған кездегі қиындықтары, автоклуб меңгерушісі болып қыз­мет атқарған кездері, ел аралаған тұстарын толық қамту мүмкін емес. Сондықтан Жәнібектің аты ұмытылмасын, есімі ел аузында айтыла берсін деген мақсатта сах­наға шығардық. Өнерге қызмет еткен аяулы жанның ұлтына жа­саған жақсылығы ұмытылмайды деген ойдамын» дейді Дәулет Сейсенұлы.

Тулайды жүрек, қимайды…

Тұрар апай жұбайы өмірден озған соң, «Жәнібек» атты есте­ліктер кітабын шығарды. Әншінің дауысы сақталған әндерді жинақтап, аудиотаспаға басты. Қолындағы бар құнды мұраны жарыққа шығаруға тырысты. «Оның жазушы болмауы мүмкін емес. Қарауыл ауылында туып-өскен Жәнібек Шәкәрімнің көзін көрген, Мұхтар ағамыз үзеңгі қағыстырған қариялардың сөзіне зейін қойып өсті. Ұстазы Кәмен Оразалин қазақ тілі мен әдебие­тінен мұғалім болған кісі. Осының бәрінің ықпалы тимей қоймады. Өзі әкеден алты жасында жетім қалыпты. Көңілін тербеген мұң да жоқ емес. Оның үстіне Абай елі ежелден ән мен жырдың қасиетті бесігіндей киелі өлке. Соның бәрі бала Жәнібекке әсер етпей қой­маса керек», – дейді Тұрар апай. Кәрменовті жазушы еткен – белгілі ғалым, жазушы Рымғали Нұрғали. Әнші інісінің бұл жа­ғынан да қаражаяу емес екенін жақсы білсе керек, түрлі тақы­рыптарды жиі ұсынып, қоярда қоймай жүріп, қолына қалам алдыртқан көрінеді. «Ақыл­бай­дың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» – осының жемісі. Алғашқы кітабын 1980 жылы шығарады. «Түнімен отырып жазатын. Ол ұйықтап жатқанда, ұрланып оқуға құмартушы едім. Өзінен де «әлгі кейіпкерің кім туралы, ол неғып жүр, неге олай жаздың?» деп жиі сұрақ қоятын едім. «Жазушының қиялы деген болады. Ол кейіпкерді нақ бәлен, тура сол адам деп айта алмаймын» деп жауап беретін», – дейді Тұрар апай. Ол кімі жазушының газет-журналда жарияланған мақала­ларын жинақтап, «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деп, кітап шығарады. Жәнібек Кәрменовтің Тұрар апайға, бауырларына арнап жазған хаттары, мақалалары әлі күнге сақтаулы. Сондай хаттың бірі қолымызға тиді. «Рымғайша, Мейраш! 21 декабрь күні жазған ха­тыңызды 13 январь күні алдым. Ұзақ жүріп қалған екен. Бұдан бұрын хат алмадым. Хабарсыз кеткесін алаңдап жүргенімде, мына хат қолыма тиді. Амандық­тарыңды біліп, қуанған жай болды» деп жазады.Туыс-туған­ның халін біліп, өзінің жағда­йы­нан да хабардар етеді. Хат со­ңында: «Жүрек мазалайды. Бір күні оянбай қалатын секілді қор­қамын да тұрамын. Ең бол­маса, екеуін бір оқуға іліктіріп үлгерсем, арман жоқ. Шешем жиі түсімде жетелеп мазалайды. Құдайдың жазғанын көремін де» деп аяқтайды… Жүрек ауыртатын тұсы да – осы. Әнші өзін сұм ажал алып кететінін сезгендей, іштегі арпалысын хатқа жазады. Одан бөлек, әнші өзінің «Жастық шақ» өлеңінде де осы тербелісін хатқа түсіреді. – Жалындап келдім өмірге, Жайлауын кешіп жастықтың, Адасып қалдым бұл күнде, Білмеймін қайда асықтым. Зулайды күндер зулайды, Тулайды жүрек, қимайды. Жас дәурен мойнын бұрмайды, Жастығым қолын бұлғайды… Ал «Өмір» туралы толғаны­сын­да: – Мұңайма, Жәке, мұңайма, сабыр ет енді жүрегім, Бір күні сен де тоқтайсың, оны да жақсы білемін. Бас имей жүрген тағдырға, дертті жанның бірі едім. Адам боп кеп ем өмірге, Адам боп өтсем – тілегім, Бәріңе соны тіледім! – деп жырлайды. 43 жасында асыққан жүрек тоқтады. Елдің еркесіне айналған әнші жалындап келіп, жалындап кете барды. «Жәнібектің дауысы әлі күнге жадымда, жүрегімде сақталып қалды. 1986 жылы Ленин ком­сомолы сыйлығын алған кезде қуанышқа жиналған отырысты толықтай жазып алған едім. Кейін сол жазбаны қайта-қайта тыңдап жүрдім. Тіпті «әй, Тотай!» деп, мені шақырған дауысы да жазылып қалыпты. Уақыт емші деп жатады. Бірақ жан жарасын уақыт қалай емдесін», – дейді Тұрар апай. Апайдың ендігі алданышы – балалары, неме­релері. Жәнібек Кәрменовтің жалғасы – Әсет, Ақбота, Шаһ­кә­рім. Әкесінің жолын жалғап, Шаһ­кәрімнің телевизия сала­сында жүргені – анасына алда­ныш. «Атақты әнші бола қоймаса да, өзі үшін әкесінің әндерін тербетіп отыратын кездері дәтке қуат», – дейді Тұрар апай. Көзі тірісінде Тұрар деп атамай, «То­ты», «Тотай» атандырған аяулы жа­рының әндерін тыңдап, жүре­гін жылытады, көңілін жұбатады.

Әке әлдиімен ержеткен ұл

Жәнібек Кәрменов Шәкәрім әндерін жинақтап, ел алдына қайта алып шықты. Өкінішке қарай, әнші түскен кей бағдарла­малар сақталмай қалды. Тұрар апайды алаңдататын да – осы. Кенже ұлы Шаһкәрім әкесінен екі жасында жетім қалады. «Ме­нің әлдиім – әкемнің әні. Қатар өскен құрдастарым сияқты әкемнің алдына отырып, әкенің жылы алақанын сезіне алмағаным өкінішті-ақ. Кейде кең дүниеге сыймай кетемін. Ондайда қиялға берілемін. Әкемді құшақ­тап, әкемнің құшағына тығылып, айналада не болып жатқанын ұмыт­қым келеді. Тіпті түнде ұйқы­ға жатқан кезде «бүгін әкем тү­сіме кірсінші» деп, Алладан тілей­тінмін. Тым болмағанда түсімде болса да әкеммен бірге болғым келеді. Әкемнің асқақ дауысын суық үнтаспадан емес, тірідей, шынайы қалпында тың­дағым келеді. Данагөй де, қара­пайым сөздерін әкемнің доста­рының аузынан емес, өз аузынан тыңдағым келеді», – дейді Шаһ­кә­рім Кәрменов. Жәнібек Кәрменовтің ел ­ау­зын­да сақталған әндерінің бі­рі – «Өмір толғауы». «Өмірде адам қандай болуы керек, қалай өмір сүруі керек, қандай заттарға жа­қын болуы керек, неден сақ­тануы қажет?» десеңіз, «Өмір тол­ғауын» тыңдаңыз. «Ойламаң­дар, жігіт­тер, баста дәурен тұр­майды», «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа», «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», «Желігіп келсең өмірге, жерініп бәрібір өтерсің», «Бай­лықты қусаң базарлап, түбінде саған – сол қайғы», «Қулықпен тапқан мал арам, Түбінде қайыр бол­майды», «Жолдас болма жа­ман­мен, Көзің жетпей парқына», «Жалғыз шықпа сапарға, Өкі­ніште қаларсың». Осынау тіркес­тің бәрі қаншалықты жүк, қандай аманат арқалап тұрғанын іштей бағамдап көріңіз. Тұрар апай Шаһкәрімнің 7-сыныпта жазған шығармасын тауып алады. Онда кенже ұлы былай деп толғанады: «Әке» – үш-ақ әріп. Бірақ осы сөздің ба­ға­сы мен құнын адамзат біле бере ме? Әкеңді құшақтап, басыңды кеудесіне қойып, бір еркелеп алғанның өзі шексіз бақыт еке­ніне елдің бәрінің көзі жете бермейді. «Қолда барда алтының қадірі жоқ» дейді ғой қазақ. Мен баға жетпес «алтынымнан» есім кірмей-ақ ерте айырылып қал­дым. Мүмкін содан да шығар, апайым берген тақырыптан тыс әке туралы жазып отырғаным… Бұл жазғаным – мен үшін ерік­кеннің ермегі емес. Ішіме сыймай бара жатқан дерттің қысып, қинаған кезіндегі жүректен шық­қан әкеме деген пәк, сазды са­ғынышым. Жасымнан құрбы­ларым сияқты әкемнің алдына отырып, әкемнің жылы алақанын сезбегеннен шыққан сағыныш. Кейде осындай кең дүниеге сый­май, ішімдегі дертіме шыдамай, әкемді құшақтап, әкемнің қана­тының астына тығылып, бар әлемді ұмытқым келіп кетеді». Қазір Шаһкәрім – елге белгілі журналист. Әке үмітін арқалап, әке салған сара жолмен жүріп келеді. Тахауи Ахтановтың «Шы­рағың сөнбесін» дейтін шы­ғар­масын бала кезімізде сүйсініп оқыған едік. Сол айтқандай, Жәнібек Кәрменов дейтін ұлы отау­дың шырағы сөнген жоқ. Ол шы­рақ – Әсет, Ақбота, Шаһкәрім… Домбырасы – ұлының қо­лында! Әні – халқының жүрегінде! «Жәнібек ән салады» – пьеса болып өріліп, сахнаға шықты. Жәнібек салған ән көптің есінде қалды.