Келешекте Астана – Теміртау, Астана – Павлодар, Алматы – Қапшағай, Алматы – Хоргос автожолдарын ақылы ету жоспары бар. Елімізде тас жол құрылысына кететін шығын көп.
Біздің қыс қатал, көктем мен күзде жауын-шашын жиі болады. Соның салдарынан жол тез бұзылады. Жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін талай қаржы жұмсалады. Осы қаржының орнын толтыру үшін елімізде ақылы жолдар пайда болды. Ақылы автомобиль жолы әлемнің бірталай елінде бар. Төлем жүйесі әр елде әртүрлі. Қазақстан да жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қаржыландырып, пайдаланудың сапасын жоғарылатуды ойластырып отыр. Жолдарды ақылы ету мақсатында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» заң қабылданған болатын. Заң бойынша жолдың бір бағыты үшін бекітілген арнайы төлем құны бар. Біздегі алғашқы ақылы жүйе Астана – Щучье бағытындағы тасжолға енгізілді. Осы жол алғашқы жылы миллиард теңге көлемінде пайда тапқан көрінеді. Биыл да ақылы жолдан түсетін кіріс артпаса, кемімейтін түрі бар. Мұның барлығына қарсылығымыз жоқ. Алайда Астана – Щучье және Алматы – Қапшағай бағытындағы автожол қайда апарады? Негізінен елдегі казино мен ойын-сауық орындары осы екі қалада шоғырланған. Демек, құмар ойындарының қақпасы да, қазынасы да – осында. Шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін» дейді. Кімде-кім жолдасына құмар ойнауға ұсыныс жасаса, ол адам өз күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады екен. Құмар ойынды ойнау түгілі оған шақырудың өзі де харам екен. Құмар ойынға бір еліккен адам барлық жауапкершіліктен қашады. Ісінен, отбасынан береке кетеді. Ұтылыс тапқан азаматтар үйін, көлігін, тіпті әйелін бәске тігіп, тентіреп кетіп те жатыр. Тығырыққа тірелгендер кейде өз-өзіне қол жұмсауға, бір-бірін өлтіруге, отбасын ойрандап, ажырасу әрекеттеріне дейін барады. Осының салдарынан ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға белшеден бату тәрізді келеңсіздіктер орын алып та жатыр. «Ақысын төледім» деп құйындатып жол жүретін, арты жол апатына ұшырататын қаншама оқиғаға куәгер болып та жатырмыз. Қалталы қазақтардың құмар ойынға үйір болғаны аздай, сол жерге барып, ұтысқа кенелем деп ыңыршағы айналған замандастарымыздың да қатары сиремей тұр. Құмар ойыннан құмары тарқаған адам сирек. Ақылы жолдар қайда апарады? Азартқа апаратын автобанда қайыр бар ма?!.