Ақжайық аймағы – Еуропаға шығатын басты қақпа
Ақжайық аймағы – Еуропаға шығатын басты қақпа
563
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар нысанды аралап, аймақ жұртшылығымен жүздесті.

Мемлекет басшысы Орал ақпараттық технологиялар колледжінің оқыту­шыларымен және студенттерімен кездесті. Цифрландыру бағытында білім беруге басымдық беретін колледждің жобаларымен танысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына STEM білім беру бағдарламасы таныстырылды. STEM академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамасы – нақты өмір үлгісінде оқытатын интеграцияланған оқыту әдісі.

– Қазіргі кезде сапалы білім беру және қажетті мамандықтар бойынша оқыту аса маңызды. Колледждерде білім берудің жаңа мазмұнын енгізу жұ­мыстарын алғашқылардың бірі болып сіздердің өңірлеріңіздің бастағаны қуантты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысына өңірде цифр­ландыру бағдарламасы аясында қолға алынған «Ашық әкімдік», SmartUralsk, IkomekUralsk жобалары таныстырылды. Кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев колледж сту­дент­терімен әңгімелесіп, білім саласын қолдау ісі жалғаса беретінін атап өтті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орал трансформатор зауытына барды. Мемлекет басшысы Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы аясында іске қосылған Орал трансформатор зауытында болды. Өндіріс ошағы жылына 10 мың дана трансформатор шығаруға қауқарлы.

200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жергілікті оқу орындарымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Техникалық мамандықтар бойынша дуальды оқыту негізінде білім алатын студенттер зауытпен тығыз байланыс жасайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдегі жиһаз, азық-түлік, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмыстары таныстырылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орал қаласында биыл ашылған Uniserv medical center көпсалалы медицина орта­лығын аралады.

Заманауи техникалармен жабдық­талған денсаулық сақтау мекемесі алдын ала зерттеліп, сұранысқа сай бейімделіп салынған. Бұрындары облыс тұрғындары емделу үшін көрші елдің қалаларына көптеп баратын. Енді жергілікті тұрғындар осы орталықтан сапалы медициналық көмек алып отыр. Қазақстан Президенті орталықты өз қаржысына салып, мамандарын Оңтүстік Кореяда, Ресейде оқытқан инвесторға ризашылығын білдіріп, медицина қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орал» халықаралық әуежайын қайта жөндеу жоспарымен де танысты. Қазақстан Президенті әуежай терминалын қайта жөндеу Батыс Қазақстан облысында жайлы ин­вестициялық климат қалыптастырудың алғышарты екеніне тоқталды.

– Орал – Еуропаға шығатын басты қақпамыз. Шетелдік инвестицияға тартымды болу үшін мұндай жобаны сапалы әрі уақытылы орындау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті. Зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары және жастар өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер қатысқан жиында Мемлекет басшысы өңірдің елімізді өркендетуге қосқан үлесі мен даму ерекшеліктеріне тоқталды.

– Қазақстанның дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды өлкеге ерекше көңіл бөлінеді. Облыстың географиялық жағдайы, табиғи байлығы мен өндірістік базасы өңірдің өр­кендеуіне қолайлы. Бүгінде Ақжайық аймағы біраз салалар бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл ша­руашылығы әлеуеті жоғары өңірде агроөндірістік кешенді дамыту үшін Үкімет пен жергілікті әкімдікке тап­сырма берді.

– Ет экспортының көрсеткіші өте жақсы. Дегенмен, осы саладағы еңбек өнімділігі төмендеген. Бұл мәселені Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының қарқынын арттыруды тапсырып, өңірдегі ауызсу мәселесін шұғыл шешу қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы аймақтың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше тоқ­талып, жергілікті жолдардың сапасын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

– Өңірдегі жол проблемасы әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық маңызы бар жолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейді. Бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады, сонымен қатар, өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Орынбор тас жолын жөндеу жұмыстары, оңтүстіктегі – Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жол құ­рылысы басталғанын білемін. Үкіметке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін осы жұмыстарды аяқтауды тапсырамын. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Қазақстан Пре­зиденті еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Стройкомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.Нұрбаевты, «Авто­комбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры В.Голоуховты, Облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Н.Дмитриенконы және Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Г.Нұғманованы алғыс хаттармен марапаттады.