Бейрут бейбітшілік үшін риза
Бейрут бейбітшілік үшін риза
409
оқылды

Мәжіліс төрағасы ливандық парламентшілерді Еуразия елдері парламенттері жетекшілерінің биылғы кеңесіне шақырды. Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Ливан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жискар әл-Хуриді қабылдады.

Жүздесушілер қазақ-ливан ынтымақтастығын, соның ішінде, парламентаралық қарым-қаты­нас­ты дамытудың өзекті мәсе­ле­лерін талқылады. Мәжіліс спикері «Ливан – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі» саналатынын және екі ел ара­сын­дағы қатынастар конструктивті диалог пен өзара түсіністік негі­зінде дамып келе жатқанын атап өтті.

Әңгіме барысында жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ны­ғайту тақырыбына айрықша назар аударылды. Нұрлан Нығ­матулин Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев негізін қалаған бейбіт өмір басымдықтарын атай келе, еліміз халықаралық деңгейде де осы мәселелерге баса мән беретінін нықтады.

Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, Сириядағы қақты­ғысты реттеуге бағытталған келіс­сөздерге алаң ұсынуы, қазақ­стан­дық бітімгершілік контингенттің Ливандағы БҰҰ-ның бейбіт­ші­лікті ұстап тұру миссиясына қа­тысуы – Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі болып отыр.

Кездесу кезінде қос мемле­кеттің парламенттері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері де әңгімеге арқау болды. Н.Нығ­ма­тулин ықпалдастықты дамытуға мүдделілік танытты.

Мәжіліс төрағасының ай­туынша, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында биылғы 23-24 қыр­күйекте, «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Азия мен Еуропа елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Ливан Ұлттық ассам­блея­сы делегациясының қатысуы, сондай-ақ палаталардың бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтар деңгейінде өзара сапарлар жасау –парламен­та­ралық серіктестіктің нығаюына септеседі.

Өз кезегінде елші мырза Қа­зақстан мен Ливан арасындағы қарым-қатынастар жоғары дең­гейде екеніне назар аударды және Бейруттың оны ары қарай кеңей­туге дайын екенін жеткізді. Жискар әл-Хуридің пікірінше, Ливан Қазақстанның халықа­ра­лық қауіпсіздікті нығайтуға үлесін және бітімгершілік бастамаларын жоғары бағалайды.