Қазақстан қос елге көмек көрсетеді
Қазақстан қос елге көмек көрсетеді
202
оқылды
Қазақстан Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанға гуманитарлық көмек жіберуді жоспарлап отыр. Көмектің жалпы құны 3 млн доллардан асады. Пандемия салдарынан әлем елдері бір-біріне көмек қолын созуға әзір. Гуманитарлық көмек беру – халықаралық тәжірибе. Мемлекеттер арасында өзара қол­дау білдірудің жарқын үлгісі. Сон­дықтан Қазақстан да барымен бөлісуге дайын. Коронавируспен күрес кезінде көршілес елге эко­номикалық қолдау көрсету игі іс. Сол себепті Мемлекет басшысы гуманитарлық көмек ретінде қыр­ғыз елі мен Тәжікстанға 5 мың тонна ұн жөнелтуге шешім қа­былдады. Бұл шешімге Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз және тәжік та­раптарының ресми өтінішіне сай қарар берді. Президентпен те­лефон арқылы сөйлескен Тәжік­стан Президенті Э.Рахмон тәжік халқына осы қиын кезеңде қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол, сонымен бірге ел азамат­та­рына Қазақстан аумағы арқылы жүкті тасымалдауға көмектескені үшін ризашылығын жеткізді. Қырғыз халқы да Президен­тімізге қысылтаяң шақта қолдау білдіргеніне дән риза. Мұны ­Қа­зақстан және Қырғыз Рес­публика­сының Сыртқы істер министрлері М.Тілеуберді мен Ч.Айдарбеков телефон арқы­лы сөйлесу бары­сында білуге бо­лады. Қырғыз тарапы бауырлас елдің азаматтық танытқанына шын қуанды. Гуманитарлық жүк жақын арада Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанға жеткізіледі. Қазақ­стан халықаралық қоғамдас­тық­тың жауапты мүшесі ретінде қолдан келгенін аянып қалмайды. Пандемия жағдайында серіктес елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырады. Аталған көмек жомарт жұрттың алғашқы қадамы емес. Қытайда COVID-19 індеті өршіп тұрған кезде еліміз алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қор­ғау құралдары түрінде гумани­тарлық көмек көрсеткен. Жалпы, гуманитарлық көмек көрсету – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағытта­рының бірі. Өткен жылдары Қа­зақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғыз Рес­публикасы, Молдова, Моңғо­лия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және тағы басқа елдерге түрлі көмек жіберген еді. Сондай-ақ сырттан Қазақ­станға да қолдау ретінде гумани­тарлық көмек келіп жатыр. Елі­мізге 17 наурыз-12 сәуір аралы­ғында АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия мен БАӘ-ден гуманитарлық жүк кел­ді. Ал 13 сәуір күні Польшадан чар­терлік рейспен көп мәрте қол­данылатын бетперде мен компью­терлер жеткізілді.  

Айбике ЖАНАСЫЛ