Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстары аясында Қарағанды облысына келді.
Мәулен Әшімбаев жетекшілік ететін РҚШ өкілдері алдымен Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинаты алаңындағы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шараға қатысты.
– Сапарымызды Қарағанды облысынан, дәл сіздердің зауыттарыңыздан бастауымыз кездейсоқ емес. Себебі, бұл зауытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталды. Осы жерде Елбасымыз шыңдалып, тұлға ретінде қалыптасып, қайралып, қайраттанып шықты. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі саясаткер болуының негізі де осы өңірде, осы зауытта қаланды, – деді Мәулен Әшімбаев.
– Елбасымыздың ерен еңбегінің басы-қасында үнемі Қасым-Жомарт Тоқаев жүрді. Шекарамызды шегендеу, халықаралық келісімдерге қол қою, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету сияқты аса маңызды жұмыстарға біздің кандидат тікелей қатысып, өзінің елеулі үлесін қосты. Ол осы істің бәрін алдағы уақытта да жалғастырып, еліміздің әділ жолмен өсіп, өрлеуін қамтамасыз ететінін өзінің сайлауалды бағдарламасында анық көрсетті, – деді РҚШ мүшесі, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев.
РҚШ мүшелері «Шахтинская» шахтасының кеншілерімен де кездесті. Кездесуде Республикалық штаб басшысы Қ.Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының маңызы туралы кеңінен айтып берді.
РҚШ мүшелері Қарағанды қаласының активімен кездесіп, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына ұсыныстар мен тың идеялар жинау үшін қолға алынған BIRGE жалпыұлттық акциясының басталуына қатысты. РҚШ мүшелерінің тағы бір тобы облыстың шалғай өңірлеріне арнайы барып, Kazakhmys Smelting ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауыты мен Utari KZ ЖШС-ның қызметкерлерімен, Жезқазған жұртшылығымен және Сәтбаев қаласының активімен кездескенін де айта кеткен жөн.
Айдана БЕГІМ