«Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыруды елорданың кіреберісіндегі Құлагер ескерткішінің жанында өткізді. «Биыл «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толады. Құлагер ескерткіші идеясының авторы әрі оны орнатқан Сәдібек Түгел ескерткіш жанында ақсақалдардың батасын алып, өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттерге тоқталды.
Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауданының құрметті ақсақалдарымен өткен бұл кездесуде жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту және халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстанымдарын жеткізді. Үміткердің атына еңбек ардагерлері Камеляш Шошай, Шайзанхан Құмария және Арыққара Қапи, мемлекет және қоғам қайраткері Қыдырбай Нұрпейісов, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер Алдаберген Омарбеков жылы лебіз білдіріп, бата берді.
Кездесуге «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы, штаб жетекшісі Марат Нәбиев қатысты.
Ал сенбіден жексенбіге қараған түні Сәдібек Түгел елордадағы үш түнгі клубта өткізілген қоғамдық рейдке қатысты. Биылғы Жастар жылында жас буынның бос уақытын қалай өткізетінін көзімен көріп, оларға адамгершілік пен ізгілік жайлы, отансүйгіштік, елдік мәселесі тұрғысында сөз қозғады.
Қазақстан Президенттігіне үміткер, қоғам қайраткері, журналист-жазушы ұлттық ат спорты ойындарының негізін қалаушы Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделгендіктен, мұндай іс-шаралардың өткізілуі маңызды деп санайды.
Жастармен сөйлескен кезде ол бос уақытты тиімді пайдалану мен көңілді өткізудің де қажетіне тоқтала келе, жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан, ар-намысты бәрінен биік қою қажет деп түйіндеді. Кандидат С.Түгел экологиялық жағдайға назар аударуға шақырады. Бұл идеяны оның сайлауалды штабының мүшелері де ұстанады. Сол себепті кеше үміткердің сайлауалды штабының өкілдері ерекше экологиялық жүгіру (плоггинг) ұйымдастырды. Экологиялық жүгіру кезінде адамдар қоқыс қалтасына қоқыстарды жинап жүгіреді.
Айдана БЕГІМ