Тұғырнамамен таныстырды
Тұғырнамамен таныстырды
590
оқылды

Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық сайлауалды штабы Нұр-Сұлтан қаласында ашылды. Республи­калық қоғамдық сайлауалды штаб жетекшісі Бақытжан Әбдірайым сайлаудың әділ де ашық өтуіне бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.

Штаб құрамына кәсіподақ ұйымда­рының басшылары, беделді ұлттық сарапшылар, кәсіби заңгерлер, ғылым қайраткерлері және Кәсіподақтар феде­рациясының «Келешек» жастар қозға­лысы белсенділері кірді. Орталық штаб еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалала­рында ашылған аймақтық қоғамдық штабтар жұмысын үйлестіреді.

Кандидат А.Таспиховтың ел бойын­ша барлығы 2 000-нан астам сенімді өкілі, 2 000-ға жуық волонтері, 5 000-ға жуық бақылаушысы бар. Үгіт-насихат науқаны кезінде 400-ден аса іс-шара жоспарланған. Кандидат А.Таспихов­тың алғашқы үгіт-насихат жұмысы Павлодар облысынан басталды. Маңғыстау облы­сындағы сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымымен кездесті. Іс-шараға қатысушылар Президенттікке үміткер А.Таспиховты алдағы сайлауда қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен бірге, Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы мемлекеттік универ­ситеттің «Жастар сарайында» кандидат А.Таспи­ховтың Жамбыл облысы бойын­ша се­нім­ді өкілдері оқытушы-профес­сорлар құра­мы және студенттермен жұмыс кес­тесі­не сәйкес үгіт-насихаттық кездесуін өткізді.

Үміткердің Республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық аурухана­сында еңбек ұжымымен де кездесті. Кез­десуде 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Канди­даттың сенімді өкілдері еліміздің денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлерін халықаралық медбикелер күнімен құттықтады. А.Таспихов­тың рес­­­публикалық қоғамдық штабының тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Ол кандидаттың тұғырнама­сында еңбек адамының құқығы мен мүд­десін қорғауға қатысты мәселе­лерге ба­сымдық берілгенін, әсіресе, жосықсыз жұ­мыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігі, лайықты ең­бекақы мен ұжымдық шарттың маңызы қарастырылғанын айтып, кәсіподақ­тардың ұстанып отырған бағыт-бағдары сайлаушылар тарапынан қолдау таба­тынына ниет білдірді.


 Айдана БЕГІМ