Шындығын бүккендер
4 сәуір күні Түркістан облысындағы Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны вирустан көз жұмған болатын. Кейін белгілі болғандай, ер азамат Алматы облысының Қарасай ауданында бір ай қонақта болған екен. Дертке сол кезде шалдығыпты. 15 наурызда туған жеріне оралған азамат өзін нашар сезініп, үйінде болған. Науқас 26 наурызда ауруханаға түскен кезде бұл мәліметтің барлығын дәрігерлерге айтпаған. Осы ақпаратты жасырып қалғаны себепті дәрігерлер азаматтың вирусты кімнен жұқтырғанын білмей сарсаңға түскен еді. Шындықты бүгіп қалғандардың қатары мұнымен біткен жоқ. 3 сәуірде Көкшетау қаласында 5 жастағы баланың коронавирусқа шалдыққаны анықталды. Баланың ата-анасы бүлдіршіннің Нұр-Сұлтан қаласынан келгенін 10 күн бойы жасырған екен. Яғни, дәрігерлер баланың дерт жұқтырғанын 10 күннен кейін ғана анықтапты. Жуырда індетке шалдыққан ақтөбелік науқастың екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды. Себеп – тағы да сол жалған сөз. 2 сәуір күні коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азамат оған дейін туыстарының үйіне қонаққа барғанын жасырып келген. Енді қонаққа барған үйдегі ер мен әйелден індет табылып отыр. Аталған азамат Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша екі жылға дейін сотталуы мүмкін. Егер онымен байланыста болған адамдар көз жұматын болса, жаза мерзімі 10 жылға дейін созылады. Соңғы кездері дәрігерлер де вирус жұқтырып жатыр. Оған әрине себеп көп. Сол көп себептің біріне науқастардың жалған сөйлеуі десек, қателеспегеніміз. Өйткені жалған ақпараттың кесірінен дәрігерлер жағдайды толық бағамдай алмай отыр. Бұл сөзді медицина маманы да жоққа шығармайды. – Өз басым бізге өтірік айтқан науқастарды көрген емеспін. Қызуы көтеріліп, тұмау секілді белгілері бар науқастар жедел жәрдем қызметіне хабарласқанда, қабылдау бөліміндегілер «жуырда шетелден келдіңіз бе немесе басқа адамдармен араластыңыз ба?» деп сұрақ қояды. Сол кезде көбі мән-жайды ашып айтпай, сасқалақтайды. Жедел жәрдем қызметі алдын ала осы сұрақтарды қоюға міндетті. Себебі коронавирусқа ұқсас белгілері барын айтса, дәрігерлер жұқтырып алмас үшін оның үйіне арнайы медициналық киіммен баруы керек. Мұның бәрі сақтық шарасы. Біз аурудың белгісі байқалған науқастарды емханаға жеткіземіз, қалған диагноздарды арнайы тест анықтайды. Дегенмен жеткізілген науқастың бәрі жедел жәрдем қызметінен өтеді ғой. Сол үшін қауіпті. Дәрігерлер де инфекция жұқтырып жатыр. Сондықтан қазіргі кезде жедел жәрдем қызметі амалсыз шақырған үйлерге медициналық киіммен барып жүр, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Абзал Майлыбаев.Жаза жеңіл ме?
17 наурызда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауру жұқтырған азаматтарға айыппұлдың көбейетінін айтқан болатын. Министр вирусқа шалдығып, оған байланысты ақпаратты ашып айтпаған науқастарға 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 250 мың теңге айыппұл салынатынын баяндаған еді. Әйтсе де, бұл сөзді елеп-ескеріп жатқандардың қатары аз. Сондықтан әлі де жазаны күшейту керек пе дерсіз. Ауруын жасырғандар ісін қылмыстық әрекетке балап, небір ауыр жазаны қолданып жатқан мемлекеттер де жетерлік. Мысалы, Қытайда ақпан айында дерт өршіп тұрған шақ болатын. Сол кезде ел билігі індетке шалдыққанын бүгіп қалған жандар үшін өлім жазасына дейін қарастырды. Ал Үндістанда вирусқа байланысты кез келген заңбұзушылықтың түрін жасаған адамдарға дүре соғылды. Бірақ біз бұл жаза түрлерін үлгі етіп алуды ұсынбас едік. Осы орайда, заңгер пікіріне жүгінгенді жөн көрдік. – Вирусқа шалдыққанына байланысты ақпаратты жасырған ақтөбелік азамат жайлы білгенде, мені де бұл тұрғыдағы жаза мәселесі толғандырған. Ондай азаматтарға Қылмыстық кодекстің 309-бабы, «Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру» жазасы көзделген. Ақтөбелік азаматқа да қарастырылып отырған дәл осы бап. Мен ауруына қатысты деректерді жасырған науқастарды осы баппен жазалағанды жөн көрер едім. Егер жазаны бұдан да қатаңдату керек дейтін болсақ, басқа мәселені ескергеніміз жөн. Менің айтпағым, әр адам қатерлі ауруға шалдыққанын білсе де, илана салып, мойындағысы келмейді. Демек, моральдық соққы болады деген сөз. Сондықтан сөзін бұрмалап айтуы әбден мүмкін. Осы жағын да бағамдаған дұрыс шығар деп топшыладым, – дейді Асылхан Едірісұлы. Түйін:Қазіргідей қысылтаяң шақта әрбір адам қоғам алдындағы жауапкершілігін мықтап сезінгені жөн. Яғни, адамдар бір-бірінің өмірі үшін сұралады. Дәрігерлерден дертке қатысты ақпарат жасырған науқас адамдарға жаза қолданудың меңзегені осы. Шындығын жария ету – жамандық шақырудың жолы емес. Жұмыр басты пенденің барлығы жұртшылықтың аман болғанын қалайтыны белгілі.
Мадияр ТӨЛЕУ