Кезектен тыс Президент сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева екі күн бұрын сайлауалды тұғырнамасын жариялады. Үш бағыттан тұратын тұғырнамада еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты ұстаным айқындалған.
Үміткер Дания Еспаева өзінің сайлауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі наубайхана – «Ақсай-нан» ЖШС-нан бастады. Кандидат пен Республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжымына сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Кәсіпорын ұжымы Д.Еспаеваның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арналған тауарлар) арналған салықты төмендету, бизнес несиелеудің үстемақысын төмендету туралы бағдарламалық ұсыныстарына алғыс білдірді.
Д.Еспаева ІІМ өкілдерінің тіркеуде жоқ азаматтардың жұмыс орны арқылы тіркеуге алыну мүмкіндігін қарастырамыз деген мәлімдемесін аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді. «Бұл мәселені қарастыруға уәде беремін. Көптеген кәсіпорынның жұмысшылары – қалада тіркелмеген ауыл азаматтары. Олар ұжымның жартысы болуы мүмкін. Егер оларды жұмыстан шығарсақ – кәсіпорындар жұмысы тоқтайды», – дейді Д.Еспаева.
Ақжолдық үміткер Алматы базарындағы кәсіпкерлермен де кездесті. «Жібек жолы» базарында өткен кездесуде шағын және орта бизнестің өзекті мәселелері сөз болды. Бұдан бөлек, Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжымына бас сұқты. 65 жылдық тарихы кәсіпорында бүгіндері 400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Ал кеше Д.Еспаеваның Республикалық штабы Талдықорған қаласындағы отандық аккумулятор өндіруші – «АКБ «Қайнар» АҚ ұжымымен жүздесті. Мыңнан астам адам еңбек ететін кәсіпорынның құрылғанына 40 жыл болған. Соңғы жылдары өндіріс көлемін 11 есеге арттырған зауыт экспорт көлемін 14,5 есеге көбейтіпті. Сайлауалды штаб жетекшісі А.Перуашевтің айтуынша, мұндай өндіріс нысандарына мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі керек, ал ол механизм Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Ал күннің екінші жартысында «Нұр Авиценум» емханасы қызметкерлерімен кездесті.
Айдана БЕГІМ