«Ештен кеш жақсы» дейміз бе?
2020 жылдың 4 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді. Осы кеңесте бірқатар жұмыстың дұрыс жолға қойылмағаны айтылды. Өйткені Мемлекет басшысы кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысқан болатын. – Цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажет. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құру маңызды, – деді Президент. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегеніміз де айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен. – Big Data технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлы қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін де айтып өткен еді. Алайда коронавиурс пандемиясы кезінде бізде ортақ деректер базасы мәселесінде олқылықтың көп екенін байқадық. Өзгені айтпағанда, мемлекет жәрдеміне мұқтаж болып қалған азаматтарға арналған 42 500 теңгені үлестірудің өзі қиынға соқты. Масс-медиа жалақылары жоғары мыңдаған адамға әлгі көмек берілетіні туралы СМС тарағанын жазды. Енді біреулер тиісті құрылымдар ұсынған интернет ресурстарымен кері байланыс мүлдем нашар екенін айтып шағымданды. Ақпараттық технологиялар маманы Нұрлан Құлымбетовтың айтуына қарағанда, ортақ деректер базасының қалыптаспауына мемлекеттік мекемелермен қатар халықтың да белгілі мөлшерде айыбы бар. Бұқара әлі күнге онлайн жүйеге, ортақ деректер базасына сенбейді. Соның да кесірі тиіп жатқанын айтады маман. Нұрлан ҚҰЛЫМБЕТОВ, ІТ маманы: – Канада, Жаңа Зеландия тәрізді елдерде бірыңғай жүйе жұмыс істеп тұр. Онда ақпараттық технологиялар әлеуметтік көмекті кімге беру керек екенін автоматты түрде анықтайды. Жүйе кімнің жұмыссыз қалғаны, табысынан айырылғанын анықтайды да, мемлекет бөлген қаржыны тағайындайды. Ал бізде жыл сайын бірнеше млрд теңге бөліп жасап отырған «электронды үкіметіміз» нағыз өзін ақтайтын кезде жарамай қалды. Адамдар не тіркеле алмады, не өзіне қажет ақпаратты таппады. Серверлер құлаумен болды немесе өтініш саны көп болып кетті деп өздері жауып қойып отырды. Яғни, бұл өтініштерді де менеджерлер қолмен сұрыптап, тексеріп отыр деген сөз. Оның қай жері «цифрландыру» немесе «электронды үкімет» болды? Ал негізі қалай болуы керек? Дені дұрыс алгоритм арқылы жұмыс істеу керек. Электронды жүйеде барлық азамат жайында деректер бар. Алгоритм өзі сұрыптап, шын мәнінде кім табысынан айырылғанын көре алады. Сол кезде ешкім қайтыс болған туысының атынан өтініш тапсыра алмайды. Өйткені оны тіркеу кезінде алгоритм бірден шығарып тастап отырады. Әрине, елде ортақ база жоқ дегім келмейді. Бірақ ондай база бар болса да, оның бір-бірімен байланысы жоқ екені байқалып қалды. Серверлері әлсіз. Бір уақытта көп адам кіре бастаса болды, құлай салады. «Электронды үкіметімізді» ретке келтіреді деген үміттемін. Дәл қазіргі жағдай цифрландыру саласында алысқа кетпегенімізді айқын көрсетіп тұрғандай.Шетел тәжірибесі қандай еді?
Жаһандық пандемиямен күресте шетелдерде түрлі тәсіл қолданылғанын жұрт біледі. Дегенмен біздің назарымызға бірден Азияның бірқатар елі ілікті. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Тайвань тәжірибесі пандемияны ауыздықтауға тәуір үлгі екені анық. Әрі бұл елдерде ортақ деректер қорын пайдаланудың озық үлгісін де көрдік. Әрине, әлемнің көптеген елі тәрізді аталған мемлекеттер де елге келетіндердің санын шектеген болатын. Дегенмен олар медицина, кеден және миграция салаларының ортақ деректер базасын қалыптастыра алды. Мысалы, Тайваньда осылай топтастырылған деректер азаматтардың жүріс-тұрысын бақылауға мүмкіндік берді. Ал Оңтүстік Корея болса, азаматтарды бақылайтын заманауи жүйелер енгізді. Атап айтқанда, смартфондар үшін арнайы қосымшалар әзірлеп, сол арқылы вирус жұқтырғандарды бақылады. Карантинге жабылған аймақтарды да назардан тыс шығарған жоқ. Әрі ақпараттарды жасырмады. Сонымен қатар азаматтарды тексеру жүйесін күрт күшейтті. Медициналық тексерулерді жиі қайталау арқылы да вирусты дер кезінде анықтап, індет жұқтырғандарды қоғамнан оқшаулаудың тиімді тәсілін пайдаланды. Қысқасы, олар жоғары технологияның пайдасын індетпен күресте де көрді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай тәсілді қолдануға ұмтылғандарды байқай қоймадық. Бізде пандемия туралы ақпарат тарататын арнайы сайт, Telegram желісінде арна ашылды. Болды. Азаматтардың жүріс-тұрысын, вирус тараған аймақтардың картасын көрсетіп тұратын жүйе болған жоқ. Рас, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, интернет ресурстарда кейбір қалаларда вирус жұқтырған адамдар тіркелген өңірлер туралы карталар тараған. Кейін оны түрлі мекеме жоққа да шығарды, одан соң қайта растады. Ал тұрғындар болса, баяғыдай той-томалаққа, құдалыққа баруын жалғастыра берді. Жалпы, ортақ деректер базасымен жұмыс істеу технологиялық алгоритмнен бастап, түрлі мекеменің тізе қоса қызмет жасауына дейінгі сансыз қатпарлардан құралады. Біз сөз еткен Тайвань өз тарихындағы бірнеше эпидемиядан кейін қуатты база қалыптастырып алды. Қазақстанның да дәл сондай болмаса да соған жетеғабыл негіз қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Тек түрлі құрылымның үйлесімді жұмысы жоқ. Шетелден көргенімізді өзімізге пайдалана алмай, тек тамсанумен ғана келеміз.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ