Ортақ дерек базасы керек
Ортақ дерек базасы керек
179
оқылды
Әлемді селт еткізіп, әбігерге салған коронавирус, бірқатар былықтың бетін ашып берді. Мысалы, елімізде онлайн сабақ өткіземіз дегенде ауыл тұрмақ кей қалаларда интернеттің әл­сіз екені ғана емес, мүлдем жоқ екені де белгілі болды. Оны ай­­тасыз, кей ауылдар пошта қыз­­­меті арқылы оқушыларға тап­­­сыр­ма тарата бастады. Бұл біз­дің елдің дәуірлеген мем­ле­кеттерден әлде­қайда арт­та қал­ғанын білдіреді. Біз тіпті ше­телден келген азамат­тардың қайда барып, қайдан келгенін де бақылай алмадық. Кеден, шекара қызметі, көші-қон қыз­меті мен денсаулық сақтау тәріз­ді салалардың өзара бай­ла­нысының тым төмен екенін, олар­дың барлығына ортақ бо­луы тиіс деректер базасының жетілмегенін байқадық. Әдетте, ортақ ақпараттық база дегенде қоғамдағы кез келген салаға, азаматқа қатысты деректер қоры жи­налатын кешен еске түседі. Заманауи техника дамыған қазіргі кезде сіз шекарадан өттіңіз бе, елге келгеніңіз немесе кеткеніңіз жайлы мәліметтер ортақ базада тұруы тиіс. Оны қажет болған жағдайда дәрігерлер, құқық қорғау қызметкерлері көріп, біліп отырмағы керек. Әрине, адамның бостандығы, жүріп-тұру еркіндігі қатарлы бірқатар мәселе ортақ де­ректер базасына қолжетімділіктің моральдық жағының бар екенін көрсетеді. Дегенмен коронавирус пандемиясы кезінде смарт тех­но­логиялар мен ортақ деректер қоры бірқатар елдің індетті дер кезінде ауыздықтауына мүмкіндік берді. Ал біз індет алғаш тарай бастағанда ескертулерге қарамай шетел асқан отандастарымыз жайлы толық мағ­лұмат ала алмадық. Дұрысы, он­дай мәлімет тиісті мекемелердің база­ла­рында болды. Бірақ шетелден орал­ған азаматтардың ел ішіндегі әрекетін дер кезінде бағдарлай алған жоқпыз. Ел кезіп, той-томалаққа бар­ғандарды көрдік. Тіпті, індет жұқ­тырғандардың да ел аралап кеткендері кездесті. Сонымен қа­тар ортақ деректер базасының дұрыс жұмыс істемей қалғанын мем­лекет әлеуметтік әсіз топтарға, жұмы­сынан айырылған азаматтарға төлем жасауға бекінген кезде байқадық. Байланыс операторлары да, «Элек­тронды үкімет» де қауқарсыз болып қалғанын көрдік. Серверлер жұрттың бір мезгілде сұраныс бер­генін көтере алмады, ел ішінде қауесет тарап кетті.  

«Ештен кеш жақсы» дейміз бе?

2020 жылдың 4 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жө­нін­де кеңес өткізді. Осы кеңесте бір­қатар жұмыстың дұрыс жолға қойыл­мағаны айтылды. Өйткені Мемлекет басшысы кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұ­мыс­тарының нәтижесімен таныс­қан болатын. – Цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, ең алдымен экономи­каның, өнеркәсіптің және қоғам­ның дамуына түбегейлі өз­герістер әкелуі қажет. Сондықтан бар­­лық мемлекеттік органдар мен ведомство­ға қарасты мекемелерге ортақ мо­ниторинг жүйесін құру маңызды, – деді Президент. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­трлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзір­ге бұл мақсатқа толық қол жет­кізбе­геніміз де айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұ­мыс­та біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифр­­­лан­дыру түрлі ведомстволарға шашы­рап, жайылып кеткен. – Big Data технологиясын, «жа­санды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер база­сын құруға, қате немесе ескір­ген ақпараттарды анықтауға, шашыраң­қы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ақпараттық техно­логия дамыған заманда мемле­кеттік цифрлы қызметтер кез кел­ген қарапайым адамға түсінік­ті және қолжетімді болуы тиіс екенін де айтып өткен еді. Алайда коро­на­виурс пандемиясы кезінде бізде ор­тақ деректер базасы мәселесінде ол­қылықтың көп екенін байқадық. Өзгені айтпағанда, мемлекет жәр­­деміне мұқтаж болып қалған аза­мат­тарға арналған 42 500 теңгені үлес­тірудің өзі қиынға соқты. Масс-медиа жалақылары жоғары мыңдаған адамға әлгі көмек берілетіні ту­ралы СМС тарағанын жазды. Ен­ді біреулер тиісті құрылымдар ұсын­ған интернет ресурстарымен кері байланыс мүлдем нашар екенін айтып шағымданды. Ақпараттық технологиялар маманы Нұрлан Құлымбетовтың айтуына қарағанда, ортақ деректер базасының қалып­таспауына мемлекеттік мекеме­лермен қатар халықтың да белгілі мөлшерде айыбы бар. Бұқара әлі күнге онлайн жүйеге, ортақ деректер базасына сенбейді. Соның да кесірі тиіп жатқанын айтады маман.    width=Нұрлан ҚҰЛЫМБЕТОВ, ІТ маманы: Канада, Жаңа Зеландия тәрізді елдерде бірыңғай жүйе жұмыс істеп тұр. Онда ақпараттық технологиялар әлеуметтік көмекті кімге беру керек екенін автоматты түрде анықтайды. Жүйе кімнің жұмыссыз қалғаны, табысынан айырылғанын анықтайды да, мемлекет бөлген қаржыны тағайындайды. Ал бізде жыл сайын бірнеше млрд теңге бөліп жасап отырған «электронды үкіметіміз» нағыз өзін ақтайтын кезде жарамай қалды. Адамдар не тіркеле алмады, не өзіне қажет ақпаратты таппады. Серверлер құлаумен болды немесе өтініш саны көп болып кетті деп өздері жауып қойып отырды. Яғни, бұл өтініштерді де менеджерлер қолмен сұрыптап, тексеріп отыр деген сөз. Оның қай жері «цифрландыру» немесе «электронды үкімет» болды? Ал негізі қалай болуы керек? Дені дұрыс алгоритм арқылы жұмыс істеу керек. Электронды жүйеде барлық азамат жайында деректер бар. Алгоритм өзі сұрыптап, шын мәнінде кім табысынан айырылғанын көре алады. Сол кезде ешкім қайтыс болған туысының атынан өтініш тапсыра алмайды. Өйткені оны тіркеу кезінде алгоритм бірден шығарып тастап отырады. Әрине, елде ортақ база жоқ дегім келмейді. Бірақ ондай база бар болса да, оның бір-бірімен байланысы жоқ екені байқалып қалды. Серверлері әлсіз. Бір уақытта көп адам кіре бастаса болды, құлай салады. «Электронды үкіметімізді» ретке келтіреді деген үміттемін. Дәл қазіргі жағдай цифрландыру саласында алысқа кетпегенімізді айқын көрсетіп тұрғандай.    

Шетел тәжірибесі қандай еді?

Жаһандық пандемиямен күрес­те шетелдерде түрлі тәсіл қолда­нылғанын жұрт біледі. Дегенмен біздің назарымызға бірден Азияның бірқатар елі ілікті. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Тайвань тәжірибесі пандемияны ауыздықтауға тәуір үлгі екені анық. Әрі бұл елдерде ортақ деректер қорын пайдаланудың озық үлгісін де көрдік. Әрине, әлем­нің көптеген елі тәрізді аталған мем­­­ле­кеттер де елге келетіндердің санын шек­теген болатын. Деген­мен олар меди­цина, кеден және мигра­ция салаларының ортақ де­рек­­тер базасын қалыптастыра алды. Мысалы, Тайваньда осы­лай топтастырылған деректер азамат­тар­дың жүріс-тұрысын бақылауға мүмкіндік берді. Ал Оңтүстік Корея болса, азаматтарды бақылайтын заманауи жүйелер енгізді. Атап айтқанда, смартфондар үшін арнайы қосымшалар әзірлеп, сол арқылы вирус жұқтырғандарды бақылады. Карантинге жабылған аймақтарды да назардан тыс шығарған жоқ. Әрі ақпараттарды жасырмады. Сонымен қатар азаматтарды тексеру жүйесін күрт күшейтті. Медициналық тек­серу­лерді жиі қайталау арқылы да вирус­ты дер кезінде анықтап, індет жұқ­тыр­ғандарды қоғамнан оқ­шау­лаудың тиімді тәсілін пай­да­ланды. Қысқасы, олар жоғары тех­ноло­гияның пай­дасын індетпен күресте де көрді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұн­дай тәсілді қолдану­ға ұмтыл­ған­дарды байқай қойма­дық. Бізде пандемия туралы ақ­­парат тарата­тын арнайы сайт, Telegram желісінде арна ашыл­ды. Бол­ды. Азаматтардың жүріс-тұрысын, вирус тараған аймақтардың кар­тасын көрсетіп тұратын жүйе болған жоқ. Рас, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, интернет ресурстарда кейбір қала­ларда вирус жұқтырған адамдар тіркелген өңірлер туралы карталар тараған. Кейін оны түрлі мекеме жоққа да шығарды, одан соң қайта растады. Ал тұрғындар болса, баяғыдай той-томалаққа, құдалыққа баруын жалғастыра берді. Жалпы, ортақ деректер база­сымен жұмыс істеу технологиялық ал­горитмнен бастап, түрлі мекеменің тізе қоса қызмет жасауына дейінгі сансыз қатпарлардан құралады. Біз сөз еткен Тайвань өз тарихындағы бірнеше эпидемиядан кейін қуат­ты база қалыптастырып алды. Қа­зақстанның да дәл сондай бол­маса да соған жетеғабыл негіз қалып­тастыруға мүмкіндігі бар. Тек түрлі құрылымның үйлесімді жұмысы жоқ. Шетелден көргенімізді өзімізге пайдалана алмай, тек тамсанумен ғана келеміз.  

 width=  Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ