«Ауыл» партиясы науқанға дайын
«Ауыл» партиясы науқанға дайын
573
оқылды

«Ауыл» партиясы сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат науқанына дайын. Бұл туралы партия төрағасы Әли Бектаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық және аймақтық штабтар жұмысы ширай түскен. Арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырылып, штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің ереже-талаптарымен танысқан. Заңгерлер партия мүшелеріне «Сайлау туралы заңның» баптарын түсіндірді.

Үгіт-насихат жұмыстарына қажетті плакат­тар мен үнпарақтар, партияның бағдарламасы қажетті мөлшерде басылды. Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, 17 өңірде 17 өңірлік штаб құрылған.  

Төлеутай Рахымбековтың Рес­публи­калық сайлауалды штабына белгілі пар­тия мүшелері, қоғам қайраткерлері, жазу­шылар және ауыл­ша­руашылығы ғылы­мының өкілдері кіріп отыр. Елор­дада өткен жиынға Көпмағанбет Еле­ме­сов, Намазалы Омашұлы, Ақжол Мейір­бе­ков, Дәулеткерей Кәпұлы сынды ғы­лым және өнер саласының қай­раткерлері қатысты. Қоғамдық штабтың ресми ашылуында үгіт кезеңіндегі жоспарлар пысықталып, үгіт-насихат жұмыс­тары­ның басым бағыттары ай­қындалды.

Т.Рахымбековтың сайлауалды штабтары барлық облыста құрылды. Соның аясында мобильді үгіт топтары жұмыс істейді. Ондағы белсенділер жаңа кандидаттың саяси науқан алдындағы бағдарламасын насихаттауға ба­ғытталған іс-шараларға белсенді қатыспақ. Бұған қоса, әлеуметтік желілер кеңінен қолданылады. Өйткені сол арқылы түрлі ұсыныс-тілектерді жедел қабылдап, уақытылы жауап қатпақ.

Төлеутай Рахымбековтың сайлауалды бағ­дарламасындағы ең негізгі мәселе – ғылым мен өндірістің, оқу жүйесі мен өндірістің тікелей байланыста болуы. Теориямен шек­телмей, алған білімді өн­діріске енгізу. Бағдарлама ауыл шаруашы­лығын дамытумен бірге, төрт бө­лімнен тұратын тұғырнамада ұлттық дәс­түрлерді жаңғырту, отбасы құн­дылықтарын сақтау және жастар саясатын жүйелеу сияқты бағыттар да қамтылған.


Айдана БЕГІМ