Соңғы күндері ел назары Алматыға, әсіресе Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауып тұр. Емдеу мекемесі қазір карантинде. 15 сәуір күнгі мәлімет бойынша, шаһарда індетті жұқтырған медицина қызметкерлерінің жалпы саны – 218. Олардың 182-сі – Орталық қалалық клиникалық аурухана мамандары. Осы жағдайдан кейін емдеу мекемесінің бас дәрігері Алмас Джувашев қызметтен кетті.
Дәрігер де – адам, оның да кез келген уақытта ауру жұқтырып алу ықтималдығы осы індет етек жая бастағалы айтылып келеді. Дегенмен оларды әлеуметтік желі қолданушылары «Мемлекеттен бөлініп жатқан қомақты жәрдемақыны алу үшін әдейі ауру жұқтырып жатыр» деп бір кінәласа, енді қаланың Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова тағы айыптады. Оның «Дәрігерлер өз салғырттығынан ауру жұқтырып жатыр» деген сөзі алматылық дәрігерлердің шамына тиді. «Көктем» шипажайында карантинге жабылған отыз шақты медқызметкер басшылық тарапынан әділетсіздік болды деп отыр.
«Бәріміз Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қызметкеріміз. Қабылдау және гинекология бөлімінде жұмыс істейміз. Бәріміз коронавирус анықталғандармен байланыста болғанбыз. Біздің анализден теріс нәтиже шықты, ал оң нәтиже шыққан әріптестерімізді инфекциялық ауруханаға алып кетті. Біз Айзат Молдақасымованы сотқа береміз. Өйткені ол «коронавирустың жұғуына дәрігерлердің өзі кінәлі» деп бізді айыптады. Біз өз құқығымызды қорғап, өз ойымызда қаламыз» деді карантинде жатқан гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әміреева. Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер басшыларын шұғыл қайтаруды талап етіп, бейнеүндеу жариялады.
«Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының «Себептердің бірі – медициналық қызметкерлердің барлық сақтық шарасын сақтамауы» деген мәлімдемесі – жала жабу. COVID-19 қаупі және сақтық шараларын қабылдау қажет екені туралы медициналық қызметкерлерден артық кім біледі?» делінген үндеуде. Хатта дәрігерлер белсенді түрде оқытылып, коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша тренинг өткізілгені, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілгені айтылған. Олардың жазуынша, әр кезекшілікте бетперделер 10 рет ауыстырылған, төтенше қызмет өкілдері қорғаныс костюмімен жұмыс істеген.
Жағдай ушығып бара жатқан соң осы мәселе бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, қызметтік тексеру жүргізіле бастады. Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров Алматыға келіп, медицина қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруына байланысты жағдайға түсініктеме берді. Ол Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерін жұмыстан босату туралы жағдайға да тоқталды.
«Менің білуімше, бас дәрігер өз еркімен өтініш жазды. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Еңбек кодексін де, мемлекеттік қызметкерге деген қарым-қатынасты да ешкім алып тастаған жоқ. Сондықтан егер біреуде қандай да бір сұрақ туындаса, біз оларды құқықтық алаңда қарастыруымыз керек», – деді. «Бұл жағдайлар, өкінішке қарай медицина қызметкерлері арқылы да берілуі мүмкін. Немесе керісінше, эпидемиология нормалары сақталмай, медициналық ұйым ішіндегі логистиканың бұзылуы салдарынан болуы да ғажап емес. Бұл жайтқа сабырмен және түсіністікпен қарау керек. Біздің міндетіміз – жағдайдың себебі мен салдарын табу. Тағы да айтайын, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің жеке бақылауында».
Қ.Надыров медициналық ұйымдарда қызметкерлердің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауына бақылау жүргізілетінін атап өтті. Ол госпиталь ішіндегі қауіпсіздікті бақылауды сақтау – эпидемия мен пандемия кезеңіндегі негізгі талаптың бірі екеніне де тоқталды.
Соңғы күндері қалада әскери оқу орындары, емханалардың, стационарлық медициналық мекемелердің барлық қызметкерлері тексерілуде. Жедел жәрдем және қабылдау бөлімінің қызметкерлері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері, банк және пошта қызметкерлері, полиция мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, көпқабатты үйлердің аулаларына шақыруға келетін көшелерді патрульдеуші, қандай да бір дәрежеде халықпен байланысуға мәжбүр болғандардың барлығы тексеруден өтуде. Адамдардың көп жиналатын жерін және халықпен тығыз байланыста болатын адамдарды белсенді түрде тексеру коронавирустың жаңа көзінің көбеюіне әкеп соқты.
«Стратегиялық тұрғыдан біз тәуекел тобында жұмыс істейтінімізді анықтадық. Біріншіден, бұл – медициналық ұйым қызметкерлері. Олар тестілеуден толығымен өтеді. Ол үшін барлық қажетті құралдар – тесттер, шығыс материалы бар. Осы бағытта жұмыс жоспары жасалды. Статистика көрсеткішінің өсуі жағымсыз болатыны анық. Өкініштісі, біз әріптестеріміз немесе науқастар арасында жаңа инфекцияны анықтауымыз мүмкін. Бұл шаралар адам көп жиналатын ошақтарда симптомсыз науқастарды анықтауға және карантин мерзімін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді Қ.Надыров.
Қазіргі таңда Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев та карантинде. Қазір ол жұмысына қонып жүр. Біраз күн бұрын қазір карантинге жабылған Орталық қалалық клиникалық ауруханаға бір науқасты қарауға барған ол мекеменің бас дәрігері мен бөлім меңгерушісімен бірге болған. Т.Әбілдаевтың вирус жұқтырғандармен байланыста болуы ықтимал болғандықтан 14 күнге оқшауланған.