Бүгінде әлемдік пандемиямен күресте өңірлер шекарасын қымтап, барынша сақтық шарасын күшейтуде. Алайда адамнан айла артылмай, тұрғындар карантин режимін бұзып, блок-бекетті айналып өтуге тырысуда. Осыған орай, Жамбыл облысында ереже бұзушылардың жолын кесу мақсатында атты әскерлер тартыла бастады.
Осылайша,Тараздың айналасына қойылған блок-бекеттердің жұмысы атты әскери патрульмен күшейтілді. Жауынгерлік кезекшілікке «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тау-қорық бөлімшесінің әскери қызметшілері мен жауынгерлік аттары көмектесуде. Кезекші топтың міндеті – Тараз қаласына баратын ауыл жолдарын тору, тексерістен өтпеген автокөліктердің қалаға кіруіне жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Таразда карантин режимі енгізілгеннен кейін, қалаға кіруге рұқсат алмаған автокөлік иелері төте жолды, әсіресе елді мекен жолын пайдалануға тырысуда. Енді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімі блок-бекеттерді айналып өтпек болғандардың адымын аштырмайды. Айта кетейік, бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқылармен қамтылған жалғыз бөлімше. Әскери бөлімнің бірегейлігі ретінде оның құрамында тау-атқыштар, тау-кен қорықшы, жүк көтеру-көлік роталары жұмыс істейтінін атап өтуге болады.
Тау-кен қорықшы бөлімінің орналасқан пунктінен Тараз қаласына 30 жауынгерлік ат бөлінген. Оларды патрульдеу кезінде ұстау үшін Тараз гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінің базасында қора салынып, жемшөп жеткізу мәселесі шешілді.
Жылқыларды басқару және олармен жауынгерлік кезекшілік шараларын тәжірибелі әскерилер атқаруда. 91678 әскери бөлімінің командирі, майор Еркін Жоламановтың айтуынша, Тараз маңындағы блок-бекеттер аумағында жауынгерлік кезекшілік жұмыстарын атқару үшін бөлімнен ең үздік және барынша дайындалған әскери қызметшілер мен жауынгерлік аттар жіберілген.
– Біздің жылқылар жауынгерлік дайындықтан өтіп отырады. Олар бұйрықты түсінеді, у-шудан қорықпайды. Олармен машина өте алмайтын кез келген жерде патрульдеуге болады. Сондықтан енді ереже бұзушылардың адымын аштырмаймыз, – дейді тау-кен егерлік ротасының командирі, Тараздағы ат патрульдерінің жұмысын басқарып жүрген аға лейтенант Бекдаир Төлегенов.
Аталған бөлім әскери қызметшілері 2019 жылы Моңғолияда «АрМИ-2019» әскери халықаралық ойындары аясында өткен «ат марафоны» байқауында жүлделі 2-орыннан көрінген. Бұл – олардың жоғары кәсіби шеберлігін көрсетеді.
– Ат патрулінен басқа, Таразда жеті блок-бекеттің әрқайсысында ішкі істер органдарының өкілдеріне көмек ретінде бір топ әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ біздің әскери қызметшілер әскери полициямен бірге қала ішінде бақылау жұмысын жүргізуде. Ал жеке жұмыс фронты көшелерді дезинфекциялық өңдеумен айналысуда. Жұмыс Қазақстанның барлық оңтүстік аймағы бойынша жүргізіледі, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұлов.
Осылайша, Тараз тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атты әскер мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының білікті жауынгерлері келіп отыр. Бұл коронавирус індетіне тосқауыл қойып, індеттің белең алуына жол бермейді деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы