Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Нұр-Сұлтан қаласында 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы және «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» «7 – 20 – 25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндамалар легі тыңдалды. Іс-шара партияның Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыруды бағалау орталығының аясында өткізілді.
Тұрғын үй саясатын жүзеге асырудың нәтижелерін талқылауға Мәжіліс депутаттары, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Ұлттық банк, Қазақстандағы ірі жеке құрылыс компанияларының, даму институттарының басшылары мен үлескерлер, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Іс-шараны кіріспе сөзімен ашқан Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова тұрғын үй құрылысы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші орында екенін айтты. Ол сондай-ақ 2018 жылдың қорытындысы бойынша, 12,5 млн шаршы метр пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.
– Талдау көрсеткендей, аталған көрсеткіштер сұранысты қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Бұдан басқа, бірқатар басқа да проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, елімізде тұрғын үйдің сапасы төмен, – деді Т.Дүйсенова.
Кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр да баяндама жасады.
– Барлық әкімдіктер жақсы нәтиже көрсетті. Көшбасшылар – Нұр-Сұлтан (2,4 млн шаршы метр), Алматы (2,0 млн шаршы метр) және Маңғыстау облысы (1,2 млн шаршы метр). Олар Қазақстандағы барлық тұрғын үйлердің 45 пайызын құрайды. Ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан (218 мың шаршы метр), Павлодар (284 мың шаршы метр) және Қостанай (299 мың шаршы метр) облыстарында, – деді ол.
Министр сондай-ақ сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылғанын, шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Елбасының Nur Otan партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2019 жылғы бюджетке өзгерістер енгізіледі. Жалпы, аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Демек, 7 жылда 40 мыңнан астам адам пәтерлі болады.
Айта кетейік, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan партиясының жанынан Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығы құрылған болатын. Бұл орталық әр маусым сайын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы орталық мемлекеттік орган басшыларын тыңдау, мониторинг жүргізу және соған сай ұсыныстар жасау мақсатында ашылды.
Кездесуді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізді. Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Ұлттық банк, Қазақстанның ең ірі жекеменшік құрылыс компанияларының өкілдері, даму институттары, үлескерлер, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері сөз сөйлеп, тұрғын үй мәселесі жайында өз ойын ортаға салды.