Будапештте жүзуден әлемдік Champions Swim Series турының екінші кезеңі аяқталды. Қазақстандық Дмитрий Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуден қола жүлде жеңіп алды.
Баландин аталған қашықтықты 2:10,73 уақыт көрсеткішінде жүзіп өтіп, үздік үштікке енген. Әлемдік турнирдің бұл кезеңінде ресейлік Антон Чупков тағы да көш бастаған. Оның уақыт көрсеткіші – 2:08.23. Екінші орында 2:08,61 нәтижесімен жапондық Иппэй Ватанаба. Айта кетелік, тап осы жапондық спортшы 200 метрге брасс әдісімен жүзуден әлемдік рекордтың иегері (2:06,67). Аралас эстафетада Дмитрий Баландин екінші рет қола медаль иеленді.
Енді Дмитрий Баландин әйгілі америкалық бапкер Дэйв Салоның қол астында жаттығатын болады. Сало әлемдегі ең табысты бапкерлердің көшін бастайды. Аты аңызға айналған бапкер Баландинмен қатар Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай есімді қазақстандық спортшыларға да тәлім үйретпек. Ол өз карьерасы барысында ондаған әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін және олимпиада ойындарының жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарған.