Санама төңкеріс жасап, мені қатты өзгерткен кітаптың бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі». Докторантурада оны түпнұсқадан оқып, тереңнен зерттеу барысында жаңа бір әлемге енгендей болдым.
Жүсіп Баласағұн қоғамның құрылысын адамдардың айналысып жүрген ісі бойынша жеке-жеке сипаттап, олардың мінез-құлқы және елге, қоғамға тигізіп жатқан пайдасы мен зияны туралы айтады. Мысалы, еңбек адамдары ретінде ұстаз-ғалымдар, оташылар, астрономдар, дем салушылар, түс жорушылар, шайырлар, егіншілер, саудагерлер, малшылар, ұсталар айтылады. Ал әлеуметтік топ ретінде қара тобыр (қара ғам бұдұн), әләуилер, кедейлер көрсетіледі. Енді осылардың ішіндегі маған ерекше әсер еткендеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдім.
Жүсіптің айтуынша, ұстаз-ғалымдар халықтың оқу-ағарту жұмыстарымен айналысатын адамдар екен. Олар туралы он ғасыр бұрын жазылған мәтіндерді оқи бастағанда білім беру ісі Ұлы далада исламға дейінгі дәуірде де болған екен деген ой қылаң берді. Өйткені әлемде әріп ойлап тауып, әліппе жасаған, жазу үлгісін қалыптастырған санаулы халық болатын болса, солардың бірі – біздің ежелгі сақ, ғұн, көк түрік бабаларымыз. Қашқарлық Махмұттың «Диуани лұғат ат түрк» еңбегінде ескі дәуірде «әріп – үжік», «жазу, жазылған парақ немесе кітап – бітік» деп айтылғанын оқығанда бұл ойым одан ары беки түсті. Руна жазуы соның бір дәлелі емес пе?! Бабаларымыздың оған қоса, Иранның соғды әліппесі негізінде көне ұйғыр жазуын, араб графикасы негізінде қадым, шағатай, төте жазуларды жасағаны тағы бар. VIІІ-ІХ ғасырдан бастап жазылған астрономия, медицина туралы кітаптар оған дейінгі ілім-білімнің жемісі екені анық. Сондықтан болар, Жүсіп Баласағұн: «Ұстаз-ғалымдар – білімнің пайдалы және пайдасызын айырып, таза әрі тура жолды ұстанғандар» деп сипаттайды. Және: «Олардың ілімі халыққа шамшырақ болды, түнде шамшырақ жарқыраса, адамдар жолдан адаспас. Бұларды отар қойды бастаған серке деп біл» деп оларды қоғамның зиялысы, ғұлама данасы ретінде көрсетеді. Айтпақшы, бала тәрбиесі туралы бөлімде «ұл мен қызға білім мен әдеп үйрет» дейді. Иә, таңғаларлық жағдай, ұлмен қатар қыз балаға да білім мен әдеп үйретуді айтып тұр. Ол заманда әлемнің көптеген халықтарында қызға білім беру мүлде болмаған еді. Осыдан-ақ қандай халық болғаныңды бағамдай бер. Демек, ұстаз-ғалымдардың елге, қоғамға тигізген пайдасы орасан және ұлттың сапасы да тікелей ұстаз-ғалымдарға байланысты болған. Осы тұста «мен ұстаз-ғалым ретінде он ғасыр бұрынғы бабалар аманатын дұрыс атқара алып жүрмін бе?» деген сұрақ қалды санамда.
Одан кейін ерекше әсер еткені – түрлі ауруларды білім-ғылымға сүйеніп, шөптен жасалған дәрілермен емдейтін медицина мамандары. Мына қызықты қараңыз, қазіргі медицинада кеңінен қолданылып жүрген «ота» сөзі көне дәуірлерден қалған термин екен. Өзіміздің төл сөзіміз. Қашқарлық Махмұттың сөздігінде «от» сөзінің бір мағынасын «шөп», «ота – дәрімен емдеу», «оташы – дәрігер, оташы» деп түсіндірген. Сонымен қатар оташыны «ата саагуун» деп те атағаны жазылған. Бұл жоғары санатты, тәжірибелі оташы болса керек. Жүсіп Баласағұн: «Оташылардың білімі басқалардан өзгеше» дейді. Соған қарағанда, екінің бірі айналыспаған қадірлі мамандық болған-ау, сірә?! Ең бастысы «олар барлық ауру мен кеселді дәрісімен емдейді» деп анық көрсетеді. Демек, ол дәуірде де медицина ілімі біршама дамыған секілді. Шыны керек, осы сәтте бойымды «бабаларымыз мықты болған» деген сәл мақтаныш сезімі кернеді.
«Құтадғу білікте» айтылатын тағы бір мамандар – жұлдызшылар. Жұлдызшы дегенде, ол қазіргі біз көріп жүрген жұлдыз жорамалшы емес, математика, астрономия, картография ілімімен шұғылданатын ғалымдар. Жүсіп Баласағұн: «жыл, ай, күннің есебі соларда болады» дейді. «Құтадғу білікте» жыл қайырудың есебі, он екі айдың көне түрікше атауы берілген. Демек, ол осы жұлдызшылардың еңбегінің жемісі ғой. Жүсіптің айтуынша, бұл ғылымды үйрену үшін әуелі математикалық төрт амалды білу қажет. Содан соң санның квадратын, түбір астынан шығаруды, алгебра мен геометрияны меңгеру маңызды. Қызығы, Эвклид теориясы да осы жерде сөз болады. Бұл ғылымды терең игеру үшін Жүсіп: «Картографияны жетік біліп, сосын жеті планетаның картасын сызып, алақандағыдай ұста» дейді. Осының барлығы ғылым-біліммен қол жеткізуге болатын зор жетістік емес пе?! Сонда осы ғылымның бәрін сол заманның өзінде бабаларымыз білген. Осыдан соң Ұлы далада білім болмаған, ежелгі көк түріктер, берісі қазақтар бұратана, жабайы болған деп айтып көр?!
Жаныма майдай жағып, ерекше әсерге бөлеген малшылар туралы мәлімет еді. Бәлкім, бабаларымыздың ежелден бергі атакәсібі болғасын шығар?! Жүсіптің айтуынша, халықтың барлық ішіп-жемі, киім-кешегі, тұрмыста тұтынатын заттары осы малшылардың қолынан шығып отырған екен. Мемлекет экономикасының негізгі тірегі де малшылар болған. Ең маңыздысы, «малшылардың жаны таза, сөзі тура болады. Күмәнді, астыртын іске араласпайды, ешкімге зияны жоқ. Не қаласа бер, керегің болса ал. Бұл қауымның әділ болғанын көрдім, алдауды білмейді» дейді. Мынау нағыз қазақтың болмысы емес пе?! Біреуге арамдығы, қулық, сұмдығы жоқ, құйтұрқы іспен тіпті де шаруасы жоқ, істің әділін айтатын дархан халық еді ғой?! Сонда Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтығыспай жай жатқан елміз» деген сөзінің мәнін тереңнен түсінгендей болдым. Шынында, кеудені керіп тұрып мақтануға тұратындай екен. Осы тұста «мен осы сипатқа саймын ба?» деген сұрақ мазалайды.
Малшылардың болмысын суреттеген Жүсіп Баласағұн олардың ең басты мінін де тілге тиек етіпті. Мемлекет қызметкеріне малшылармен сөйлескенде «өзіңді сақ ұста, жылы сөйле» дейді. Атқа мінген соң бойына жел бітіп, басынан сөз асырмайтын, қатты сөзді көтере алмайтын болған ғой сонда.
«Құтадғу білікте» малшылармен қатар егіншілер де айтылады. Олардың егіп жатқан егінінен адамдар ғана емес, мал да, құс та, жәндік те ризығын айырады екен. Бүкіл тіршілік иесіне пайдалы қауым болып тұр ғой. Сонда Жүсіп: «Егінші кісілердің қолы кең болады. Тәңірдің бергенін кең көңілімен ұстайды» деп олардың жомарттығын тілге тиек етеді. Демек, «кеусен» дәстүрі ертеден бері бар деуге болады. Қызығы, егіншілер туралы сөз қозғағанда Жүсіп адалдық жайлы қоса баяндайды. Тіпті екеуін егіз ұғым іспетті қарайды. Тектілік пен тақуалық – адалдықтан, адал ас жегеннен болады дейді. Тегінде бағбандар сабырлы, әр нәрсенің байыбына барып, ақырын күтетін, маңайына қайырымы мол, Құдайдан қорқатын, адал, ізгі, жайсаң жандар боп келеді. Бұл кәсіп те адамды соған тәрбиелейтін секілді. Демек, сол заманда бабаларымыз мал шаруашылығымен қатар егінмен де айналысыпты. Алғаш рет әрі түпнұсқасынан оқығасын ба, бұл құнды деректер терең ойландырды. Енді мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған кедейлер мен қара тобыр туралы не дейді?
Ешкім кедей болам демейді. Бірақ тағдырдың жазуы, өмірдің заңдылығы солай. Біреудің талайына кедейлік жазылып, біреуге аста-төк байлық беріледі. Сол тағдырында кедей болған отбасылар үшін «заң орнатып, жанашырлық таныт, қайтарымсыз қайырымдылық жаса» делінген «Құтадғу білікте». Жүсіптің айтуынша, мейірімділік қылсаң, кедейлер тілеуіңді тілеп, амандығың үшін дұға қылады. Мұндай ізгілік қазақтың бойында әлі күнге бар, Аллаға шүкір.
Енді жоғарыда айтылған «қара тобыр» дегенді қалай түсінеміз? Жүсіп Баласағұнның оларды кедейден бөліп қарауында үлкен сыр бар секілді. Түпнұсқада «қара ғам бұдұн» деген. «Бұдұн» сөзі көне түрік сөзі, халық деп аударылып жүр. Алайда «Құтадғу білікте» ол тобыр мағынасында қолданылған. Жүсіп оларды былайша сипаттайды: «Қара тобырдың мінезі нашар болады. Заң, ереже дегенді білмейді. Қараңғы, надан. Бар білгені – күш көрсету, зұлымдық. Қарынның тойғанын ғана біледі. Тамақтан басқа қайғысы жоқ».
Иә, ел болғасын ішінде осындай да адамдар болады. Бұлар зұлымдыққа тамақ үшін барады екен. Елде зұлымдық пен бассыздықты тоқтату үшін оларға мемлекет тарапынан тамақ берілсін дейді. Осы жерде Жүсіп: «Қараңғы тобыр қарны тойса, шектен шығады, басынады» деп берілетін тамақтың да мөлшерін айтып отыр. Сонда бұл қара тобыр қарны ашса, тонау, ұрлық, зорлық секілді барлық жамандыққа барады екен де, қарны тойса, есіріп қоғамға, мемлекетке қауіп төндіреді екен. Шынымен, надандықтың, тобырлықтың шегі емес пе?!
...Жүсіптің айтуынша, шайырлар – қоғамның ахуалын жырға қосатын, жорықта әскерді жырымен жігерлердіретін, ұрпақты батырлық жыр-дастандарымен тәрбиелейтін, халықтың әдеби мұрасын жасаушы зиялы тұлғалар әрі мемлекет қайраткерлері екен. «Құтадғу білікте» шайырларды: «Бұлардың тілі қылыштан өткірірек, көңіл жолы қылдай жіңішке. Терең әрі нәзік сөздерді ұққың келсе, сөзді бұлардан тыңда. Көңіл қойып қарасаң, теңізде жүзгендей, гауһар, інжу, жақұт шығарғандай. Олар мақтаса, мақтауы бүкіл елге тарайды. Егер сөксе, әрқашан жаман атың қалады» деп сипаттайды. Ұққаным, сөз ұстаған тұлғалар қоғамда, жалпы мемлекетте ерекше құрметке ие болған екен. Өйткені Жүсіптің өзі де шайыр әрі ханның бас уәзірі екенін ескерсек, ол дәуірдегі жыраулардың мемлекетте дәрежесі қандай болғанын бағамдауға болады. Тағы бір дәлел, мемлекетшілдік мәселелер қозғалғанда шайырлардың сөздері көптеп мысалға келтіріледі. Осы тұста, ұрпақтың болашағы, халықтың ахуалы және мемлекеттің тұтастығы ақындарға артылған жүк екенін терең сезінгендей болдым.
Сонымен, «Құтадғу білікте» суреттелген сол кездегі қоғамның ішінен өз бейнемді көріп, өз шындығымды тапқандай болдым. Әрине, оқып отырғанда жүрегіңді қынжылтатын жерлері де жоқ емес. Десе де, кеудеңді мақтаныш кернейтін тұстары жетерлік. Билік өкілдері туралы бөлімдер тіпті керемет күйге бөлейді. Біразға дейін аспанды тіреп тұрғандай әсерде болдым. Мұндай мәліметтерді бұрын білсек те, көзбен көргенде сенімділік нығайды. Мақтандым, масайрадым. Ойландым, толғандым. Бірақ... бірақ деген ой маза бермейді енді. Иә, бір кезде сондай едік, қазір кімбіз? Демек, мақтана бергеннен гөрі көп жұмыс істеу керек екен.
Бекарыс НҰРИМАН,
PhD доктор