Башқұрттың белгілі этнограф-ғалымы Әбубәкір Диваевтың (1856-1932) қазақ жұрты үшін қылған еңбегі ұшан-теңіз. Ол, әсіресе, дүниетанымымызға, ауыз әдебиетімізге қатысты қымбат қазынаны аршып, айдай әлемге танытты. Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Әбубәкір ақсақал – қазақ-қырғыз елімен қаны дәл бір болмаса да, жанын бір қылып, шамасы келгенше еңбек қылған адам».
Әбубәкір 1876 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітіргеннен кейін, қызмет жолын Ташкенттегі су-халық басқармасында тілмаш болып бастады. Ұзамай Сырдария әскери губернаторының тілмашы қызметіне ауысты. Осы кезден, яғни 1883 жылдан бастап ол түріктілдес халықтардың (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ т.б.) тыныс-тіршілігімен тереңірек танысып, олардың салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, дәстүр-жоралғысына қатысты тың деректер жинады.
Соның ішінде қазақ фольклоры мен этнографиясын бөлек қарастырды. Диваев ел арасынан қазақтың ай, күн, жұлдыздар, басқа да нәрселерге қатысты ырым-сенімдері, ай атаулары, жерлеу рәсімдері, бақсылық, марқұмға дұға бағыштау, неке қию рәсімдері, түс жору, албасты, жын секілді кейіпкерлердің шығу төркіні, оларға қатысты халық арасындағы аңыздар, қазақтың бесік жыры, мақал-мәтелдері, батырлар және ғашықтық жырлары, ұлттық өнері, ойындары, нақыл сөздері, мал шаруашылығы туралы айтылған құнды дүниелер тапты.
Мағжан Жұмабаев 1923 жылы Әбубәкір жайлы жазған мақаласында: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы. Қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиет, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі – осы. Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет-журнал жоқ болғандықтан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында жарияланып отырған» деп жазады. Рас, Әбубәкір бүкіл жиған-терген деректері негізінде ғылыми-зерттеу мақалаларын жазып, сол кездегі «Туркестанские ведомости», «Этнографическое обозрение» басылымдарында жариялады.
Әбубәкір Диваевтың «Туркестанские ведомости» газетінде «Исчисление времени года по киргизскому стилю с обозначением народных примет» (1892 жыл), «Призыв ветра. Киргизское поверье» (1892), «Волшебный заговор против укуса ядовитых насекомых и пресмыкающихся» (1893), «Причитание» (1896), «Предание о Хазрети-Исмаилата» (1901), «Алача-хан: Киргизская сказка» (1903), «Как Алдар-Косе надул черта: Из киргизских побасенок» (1902), «Киргизские болезни и способы их лечения» (1902), «Игры киргизских детей» (1905), «Киргизские пословицы» (1905), «Четыре века» (1906), «Древние игры киргизской молодёжи» (1907), «Легенда о великане Адж по прозвищу Алангсар-Алиф» (1908), «О трёх мыслящих братьях. Из киргизских сказок» (1909), «Великан Алпамыс. Из киргизских сказаний» (1916), «Киргизский сал» (1916), «Легкомысленная Маиз-Гуль. Из киргизских анекдотов Чимкентского уезда» (1916) секілді еңбектері жарық көрді.
Ал «Этнографическое обозрение» журналында «Из области киргизских верований. Баксы как лекарь и колдун» (1899), «Семь сказок киргизов Сыр-Дарьинской области» (1906), «О народном суеверии» (1907), «Киргизские афоризмы» (1907), «Олян: Любовная песнь» (1907), «Итала-каз» (1908), «Как киргизы развлекают детей» (1908), «Как восьмидесятилетняя старуха родила сорок ушей» (1909), «Похищенная царевна» (1909), «Заклинание и призыв ветра. Из киргизских поверий» (1910), «Киргизский заговор против укуса ядовитых насекомых и пресмыкающихся» (1910), «Сказки киргизов Сыр-Дарьинской области» (1912) секілді зерттеу мақалалары шықты.
Революциядан кейінгі жылдары Ә.Диваев ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойып айналысты. Ол 1918 жылы Түркістан халық музейін құрушылардың бірі болды. Осы жылы Халық университетін құруға атсалысты. 1920 жылы Сырдария этнографиялық экспедициясына жетекшілік етті. 1921 жылы Қазақ ғылыми комиссиясы, 1922 жылы Жетісу этнографиялық экспедициясы құрамында болды. Осы экспедициялар нәтижесінде, қазақ фольклорына қатысты құнды қазыналарды тапты. Атап айтқанда, қазақтың «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Шора батыр», «Бекет батыр», «Айман-Шолпан» жырларының ел арасындағы түрлі нұсқасын жинақтады. Сондай-ақ Алдар көсе мен Жиренше шешенге қатысты аңыз-әңгімелер және ел арасында сирек кездесетін қазақ ертегілері, шешендік сөздер, жұмбақтар, қиссалар жинады.
Мағжан Жұмабаев 1923 жылы Әбубәкір жайлы жазған мақаласында: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы. Қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиет, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі-осы. Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет-журнал жоқ болғандықтан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында жарияланып отырған» деп жазады.
Әбубәкір Диваев қазақ ертегілеріне екінші өмір сыйлады. Оларды ел арасынан жиып алып, барша жұртқа таныстырды. «Сказки киргизов Сыр-Дарьинской области», «Царь-девица и чёрный раб: Киргизская сказка», «Семь сказок киргизов Сыр-Дарьинской области» деген еңбектері бұған дәлел бола алады.
Әбубәкір, әсіресе, Сыр бойы қазақтарының фольклоры мен этнографиясын түп-тамырына шейін қопарды. Сыр қазақтары арасынан жинаған этнографиялық материалдары (ертегі, мысал, мақал-мәтелдерден бастап аймақтың статистикалық мәліметтері) 1891-1896 жылдары Ташкенттен шыққан «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» топтама жинақтарында жарияланып тұрды.
Диваев ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап қана қойған жоқ. Ол жойылу қаупі төніп тұрған қазақ ескерткіштеріне де қорған болды. Атап айтсақ, Қорқыт ата бейітін су үңгіп, жойылып кеткелі тұрғанда жергілікті билікті құлағдар етіп, адамзат мәдениеті тарихындағы озық ескерткішті сақтап қалуға жәрдем жасады. Оның «Несколько слов о могиле святого Коркут-ата» мақаласы 1894 жылы Орыс археологиялық қоғамы Шығыс бөлімінің жазбаларында жарияланғаннан кейін Қорқыт бабамыздың бейіті мемлекеттік қорғауға алынды.
Әбубәкір ұлты башқұрт болғанымен, оның көптеген шығармалары қазақ халқына арналды. 1923 жылы ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және насихаттау ісімен айналысқан Түркістан өлкесіндегі «Талап» қоғамы құрылғанда Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаевтармен бірге Әбубәкір Диваев та тер төкті. Ол қазақ ауыз әдебиетін орыс тіліне аударып, Ресейдің алдыңғы қатарлы басылымдарына жариялады. Бұл жайлы Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында: «Біздің қазақ халқын шын көңілмен жақсы көріп, қолынан келген қадірінше қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарында Әбубәкір Диваевтың аты айтылса керек. Әбубәкір мырза көп жылдар Түркістан генерал-губернаторына тілмаш болып тұрды. Қызмет үстінде қазақтармен таныс болып, тілі бай, сөзге шебер екенін байқап, бұлардың құр арыздарын тәржімә ете бергенді былай қоя тұрып, ертегі, мақал, нешетүрлі өлеңдерін жинаумен болды. Әдейі бұл жұмыс үшін олай-бұлай шығып жүре алмаса да, өзінің таныс адамдары арқылы халық арасында айтылып жүрген белгілі сөздерді жаздырып алып, орыс тіліне тәржімә етумен болды» деп жазады.
Диваевтың білімге қосқан үлесі де үлкен. Ол 1918 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетін құрушылардың бірі болды. Осы оқу орнының профессоры бола жүріп, түрколог ғалымдардың қанатын қатайтты. Университетте қазақ этнографиясына қатысты дәріс оқыды. Бұл жайлы ғалымның шәкірті, академик М.Массон: «Әбубәкір қазақ этнографиясынан сабақ берді. Ол өте қызықты мұғалім болатын. Дәрісті оқымайтын, әңгімелеп беретін. Ол лекцияға ешқашан дайындалған емес. Қазақ фольклоры мен этнографиясын бес саусағындай білгені сонша, ешқашан қателесіп көрген жоқ. Егер студент әлденені білмей қалып жатса, асықпай түсіндіретін», – дейді.
Өкінішке қарай, Әбубәкір ақсақал өмірінің соңғы жылдары күтімсіз қалып, тақыр кедей күй кешкен көрінеді. Мұны естіген қазақтың қайраткер ұлдары оны қадірменді қарт деп бағалап, қаржылай көмек көрсетті.
1923 жылдың 21 наурызында Түркістан Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың қаулысымен Ә.Диваевтың ғылыми қызметінің 40 жылдығына байланысты оған ай сайын берілетін 75 рубль көлеміндегі зейнетақы тағайындалып, Ташкенттегі 36 жыл тұрған үйі жеке иелігіне берілді. Салық, басқа да төлем қызметтері дереу тоқтатылды. Бүкіл шығармалары кітап қылып бастырылды.
Этнограф 1933 жылдың ақпанында 96 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Әбубәкір Диваев атында көше бар. Мұның бәрі де ғалымға көрсетілген құрмет деп білеміз.