Миллиондарды үйіне қамаған коронавирус әрбір елге және әлемдік экономикаға үлкен шығын әкелгені анық. Егер кәсіпорындар іске қосылмаса, өндіріс, сауда тоқтап, жұрт табыссыз қалатын түрі бар. Осы себепті кейбір мемлекеттер тәуекелге бел буып, карантин талаптарын әлсіретіп, экономикаға қан жүгіртпек. Бірақ бұл шешімге бәрі риза емес.
Вирус жұқтырған әлем халқы 2,1 миллионнан асты. Пандемия әр елде әрқилы жүруде. АҚШ пен Британияда дерт ушығып жатса, Еуропада инфекциядан ең қатты зардап шеккен Испания мен Италияда жағдай сәл де болса түзелгендей. Мәселен, алдыңғы апталарда Испанияда күніне 700-800 кісі көз жұмса, қазір бұл көрсеткіш 300-дің айналасында. Қауіп сейілмегенін көпшілік жақсы түсінеді, алайда миллиондаған тұрғын төрт қабырғада қамалып отыра беруден шаршағандай. Оған қоса, экономика тұралап қалды. Жұмыс орындары жабылды. Табыс көлемі күрт азайды. Бұған дейін экономистер Еуроодақ экономикалық дағдарыстан шығу үшін 350 млрд долларға шығындалады деп болжам айтқан еді. Алайда Еуроодақ мүшелерінің қаржы министрлері жақында дағдарысқа қарсы құны 540 млрд еуролық ортақ жоспарды бекітті. Яғни, пандемияның зардабы болжанғаннан да көбірек қаражатқа – жарты триллион еуроға бағаланып отыр.
Италия мен Испания. Аталған фактор кейбір ел басшыларын енгізілген карантин талабын әлсіретіп, халықты жұмысқа шығаруға итермелеуде. Мәселен, Испанияда осы апта басынан бері зауыттар қайта іске қосылды. Әзірше 300 мың адам жұмысына оралды. Олар карантиннің қатаң талаптарын орындай отырып, жұмыс істейді. Бірақ кафе, мейрамхана жабық. Алайда ел құрамындағы Каталония аймағының басшысы мұндай кеңдікке бара алмайтынын мәлімдеді. Вирусты 170 мыңдай азаматы жұқтырып, 22 мыңы бақилық болған Италия да тәуекелге бел буып, карантин талаптарын кезең-кезеңімен алып тастап жатыр. Кітап, канцелярия, балалар киімі дүкендері ашылды. Сондай-ақ ағаш өңдейтін, компьютер шығаратын кәсіпорындар да іске қосылды. Супермаркеттің жұмыс уақыты ұзартылды. Бірақ дүкендер бүкіл Италия бойынша ашылған жоқ, Пьемонт, Ломбардия вирустан көп зардап шеккен аймақ болып есептеледі. Сондықтан ол жақта әлі де ережелер қатаң. Жергілікті баспасөз Италиядағы сән, машина жасау, металл өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындар ел премьер-министрі Джузеппе Контеға жұмыс істеуге рұқсат беруін сұрап, қысым көрсетуде деп жазған еді. Алайда үкімет басшысы мұндай қадамға барғысы жоқ екенін мәлімдеп отыр. Себебі мұның соңы вирустың қайта шарықтауына әкелуі мүмкін. Сондықтан жалпымемлекеттік карантин 4 мамырға дейін өз күшінде қалып отыр.
Скандинав елдері. Карантин талаптарын Солтүстік Еуропа елдері де кезең-кезеңімен алып тастап жатыр. Соның бірі – Дания. Мұнда 11 жасқа дейінгі балаларға мектеп пен балабақшаға оралуға рұқсат берді. Осылай үкімет ата-аналарды жұмысқа шығаруды көздеп отыр. Бұл тәуекелі мол қадам, біраз ата-ана баласын үйден шығаруға қарсы. Осы себепті Данияда Facebook-те «Менің балам тәжірибе жасайтын қоян емес» атты топ құрылып, үкіметтің қадамына қарсылық танытуда. 17 сәуірдегі мәлімет бойынша Данияда 6 879 адам вирус жұқтырып, оның 321-і көз жұмған. Сондай-ақ Норвегияда 20 сәуірден бастап барлық балабақша жұмысын қайта бастамақ. Ел тұрғындарына қала сыртындағы үйлеріне баруға, спортпен шұғылдануға да рұқсат етілмек. Тағы бір аптадан соң сұлулық салондары мен шаштараз да қызметіне кірісе алады. Ал Швецияның үлгісі ешбір елге ұқсамай тұр. Мұнда қатаң карантин енгізбей-ақ пандемияны бақылауға алғандай. Әрине, көрші елдер шекарасын жауып жатқанда бұл ел де қарап отыр алмады. Алайда миллиондарды төрт қабырғаға «қамап» қойған жоқ. Тек жоғары сынып оқушылары қашықтан оқып жатыр, 50-ден көп адамның жиналуына болмайды. Ал басқа мектептер, кәсіпорындар, кафелер мен мейрамханалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек мектепте оқушыда инфекция табылса, ол жабылады. Үкімет жұмыс берушілерге қызметкерлерді үйден жұмыс істеу режиміне ауыстыруға кеңес берді. Қоғамдық көліктер қызметін жалғастыруда. Ел басшылығы қатаң шектеулерге неге бармай отыр? Себебі үкіметтің пікірінше, адамның еркінен тыс шектеулер Швеция демократиясының негіздері мен мемлекеттің саяси бағдарына қарсы әрекеттер екен. Бір қарағанда, саяси еркіндікті бағалаған билік деп тамсанарсың, бірақ бұл елдегі инфекциялық жағдай мәз емес. 17 сәуірдегі жағдай бойынша, Швецияда 12 540 кісі дерт жұқтырып, оның 1 333-і бұл дүниемен қоштасты. Есепке салсақ, көз жұмғандар ауырғандардың 10 пайызын құрайды, ал көрші Норвегияда 2,2 пайыз. Оған қоса, Швецияда дәрігерлер коронавирусты жұқтырып, халі тым нашарлағандарға ғана көмектесіп, статистиканы қолдан кемітіп жатыр деп айыптағандар да табылды. Сондықтан вирус талай жанды о дүниелік етіп жатқанда адам құқығы ең маңызды деп жағдайға немқұрайдылық таныту даулы шешім секілді.
Еуропаның ең үлкен экономикасы. Германия да карантиннен шығуға дайындалуда. 20 сәуір күні көлемі 800 шаршы метрден аз дүкендерге ашылуға рұқсат беріледі. Әрине, сатушылар мен клиенттер өзара арақашықтықты сақтауы міндет. Мектептер гигиена талаптарын сақтай отырып, тек 4 мамыр күні ашылады. Шаштараздар да осы мерзімде жұмысын бастай алады. Алайда азаматтар үй сыртында тек 1 адаммен ғана кездесіп, 1,5 метрлік қашықтықты сақтауы тиіс деген ереже өз күшінде. Концерт, спорт турнирлері секілді жұрт көп жиналатын қоғамдық шараларды 31 тамызға дейін өткізуге тыйым салынған. Яғни, елдегі Бундеслига секілді алып футбол индустриясы да күзге дейін дамыл табады деген сөз. Мейрамханалар мен кинотеатрлар, шіркеулер қашан ашылары белгісіз.