Жаһандық экономиканың қызуы қайта-қайта көтеріліп тұрған қазіргі құбылмалы жағдайда ұлттық экономиканың тамырын басып, ахуалын ұдайы біліп отыру артық етпейді. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды.
Жиында жыл басынан бері Қазақстан экономикасының 4%-ға өскені мәлімделді. Үкімет басшысы экономика өсімінің оң қарқыны сақталғанына риза екенін білдірді. Еліміздің ЖІӨ-сінің өсімі биылғы 4 айда, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 4%-ды құрады. Экономиканы ілгері сүйреген негізгі драйвер мен локомотивтер рөлін – машина жасау (жыл басынан бергі өсімі 19,8%), соның ішінде автомобиль өнеркәсібі (45,8%), жеңіл өнеркәсіп (27,4%), металл кендерін өндіру (14%), мұнай өңдеу (9,1%), құрылыс секторы (8,4%), сауда-саттық (7,3%) және көлік саласы (4,8%) атқарған.
– Енді осы қарқынды сақтап қана қоймай, сонымен бірге, экономиканы одан ары дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет! – деп жүктеді Премьер-министр.
Өңірлер арасындағы көш бастаушылар да белгілі болды. Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. Ал Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне Асқар Мамин құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Қарқынның төмендеуіне жол берген өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерге шығуы қажет. Ал көш бастап тұрған өңірлер қол жеткен қарқынды бәсеңдетпеулері керек, – деді Үкімет жетекшісі.
Бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, төрт ай қорытындысында республикалық бюджетке 2,1 триллион теңге кіріс құйылған. Бұл 2018 жылғы ұқсас кезеңнен 119,4%-ға көп. Ал республикалық бюджет шығыстарына келсек, осы мерзімде ел қазынасынан 3 триллион 647 млрд теңге әр мақсатқа арна тартыпты. Алайда соның 65 миллиард теңгесі игерілмей қалған.
Бас қаржыгердің айтуынша, анағұрлым көп игерілмеу сомалары Қорғаныс министрлігіне (7,8 млрд теңге), Білім және ғылым министрлігіне (7,8 млрд теңге), ІІМ-ге (5,1 млрд теңге) тиесілі. Осы орайда Премьер А.Мамин осы салада жұмысты күшейтіп, бюджет қаражаттарын уақытылы игеруге міндеттеді.
Мәселені талқылауды қорытындылаған ол экономиканың тұрақты өсімін ары қарай да қамтамасыз етудің маңызын қадап айтты.
– Қолда бар резервтерді тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын және басқа да салалық мембағдарламалардың сапалы әрі толыққанды іске асырылуы қамтамасыз етілсін! Бұларды жүзеге асыру экономиканы дамытуға елеулі серпін береді, – деді Үкімет басшысы.
Жиында Министрлер кабинетінің мүшелері сондай-ақ электронды сауданы өркендету мәселелерін қарады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев, «Қазпошта» басқарма төрағасы С.Сәрсенов баяндады.
– Электронды коммерция – әлемдік тренд. Ол – сервистік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі, – деді Асқар Мамин.
Ол электронды сауданы «экономикалық өсімнің қозғаушы күштерінің бірі» ретінде қарастыру қажеттігін мәлім етті. Дамыған инфрақұрылымы бар болса, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде осы және оған жапсарлас салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адамға жеткізу көзделіп отыр.
2018 жылы 2,32 млн қазақстандық интернетте өнім мен қызмет сатып алыпты. 2025 жылға қарай онлайн сатып алушылар саны 15 миллионға жетеді деп күтіліп отыр.
Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сауда көлемі қазіргі 153 миллиард теңгеден 2 триллион теңгеге дейін артпақ. Яғни, еліміздегі бүкіл бөлшек сауданың 25%-ын құрайтын болады. Оның игілік-қызығын басқа секторлар да көреді. Мысалы, электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен табатын кірісі 2025 жылға қарай 1 триллион 270 млрд теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.
– «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің инфрақұрылымы дайын екенін ескерсек, оған контейнерлік тасымалдар мен логистиканың өсетінін қоссақ, онда автотасымалдаушылар үшін үлкен бағыт ашылады. Электронды сауда-саттықтың экономикаға тигізетін мультипликативті әсері жалпы ішкі өнімге жыл сайын қосымша 1,1% деңгейінде үлес қосады, 2025 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалдар қарқынын тәулігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттырады деп болжауға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин.
Ол электронды сауда арқылы отандық ауыл шаруашылығының және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шет елдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуеті зор екеніне назар аудартты. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерінің электронды сауда-саттығы жыл сайын 20%-ға өсіп отырады деп күтіліп отыр.
– Қазіргі кезде әлемде ірі сауда желілерін жабу, оларды тек электронды коммерцияның қоймалары ретінде ғана пайдалану үрдісі белең алуда. Демек, алдағы уақытта логистикалық орталықтар нарықтың басты бағытына айналуы мүмкін, – деді Премьер-министр.
Осыған байланысты ол 2025 жылға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Асқар Мамин бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды тарту, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану керегін нықтады. Бұған қоса, ол Қорғастағы қолданыстағы инфрақұрылымды да осы мақсатқа пайдалануға мән беру керегіне тоқталды.
Үкімет отырысында кадрлар дайындау мәселесіне жеке көңіл бөлінді. 2025 жылға қарай жаңадан 280 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады деп жоспарланып жатыр. Сондықтан Үкімет жетекшісі «Қазпоштаға» және логистикалық компанияларға «колледждер мен басқа да білім ордалары базасында осы бағытта мамандар дайындауды өз басқаруларына алу» мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
– Электронды сауда – экономиканың одан ары өсуіне серпін береді. Біз транзиттік мүмкіндіктерімізді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді пайдалана отырып әрі отандық нарықтың әлеуетін ұлғайтып, сауданың бұл түрін тұтас экожүйе ретінде дамытуға барлық күш-жігерімізді салуымыз керек! – деп түйіндеді Асқар Мамин.
Жиын соңында Премьер-министр 2025 жылға дейінгі «Электронды коммерцияны дамытудың жол картасын» әзірлеу жөнінде тапсырма берді.