Карантин кезінде Nur Otan мен Jas Otan еріктілері жалғызбасты қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте қажетті тауарларды, оның ішінде медициналық бетперделер мен антисептикалық құралдарды таратып жүр. Көпшілік алғысын жаудырып жатыр. Алайда бұл көмекті азсынып, алған үстіне ала беруді ойлайтын азаматтар да бар. Қоғам масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм дертінен неге арылмай отыр?
Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, «Біз біргеміз» челленджінің аясында елорда бойынша 500-ден астам ерікті жұмылдырылған. Барлығы үй-үйді аралап, азық-түлік себеттерін апарады.
– Біз өткенде бір үйге барсақ, үйінде қара нан мен тұзынан басқа ештеңе жоқ бір ата мен әже наурыз көже дайындап қойған. Екінші бір жерге барған кезде бізге маска сыйлап жатқан ата-апаларымыз бар. Кейбірі батасын беріп, қуаныштан жылап жатады. Ал кей жерлерде «Мына азық-түліктерің аз, тез бітіп қалады. Тағы да алып келіңдер» деп сынайды. Волонтерлардан қосымша ақша сұрайды. Волонтерлер үйіне бара жатқан кезде телефондарына да хабарласып жатады ғой. Сол телефонға қайтадан кейіннен қоңырау шалып, «Мынадай азық-түлігім бітіп қалды, алып келіңдер, жеткізіп беріңдер» деп те қорқытып, әкімшілікке, басшылыққа айтамын деп қоқан-лоқы жасайды. Ондайда біз волонтерларымызға «Сендердің басшыларың жоқ, еркінсіңдер, өз еріктеріңмен жұмыс істейсіңдер» дейміз. Олардың ішінде 50-ден асқан аға-апаларымыз да, 20-22-дегі жастар да бар, – дейді Дәулет Кәрібек.
Масылдық мәселесі дамыған елдерге де тән. Мысалы, Еуропада кей азаматтар жұмыс істегеннен гөрі әлеуметтік жәрдемақылар мен сақтандыру төлемдері есебінен өмір сүреді. Бізде ондай жағдай жоқ. Кеңес Одағының ыдырағанына отыз жылдай өтті. Халықтың жаңа буыны өсіп шықты. Алайда қоғамда «мемлекет асырайды» деген психология мұрты бұзылмастан мызғымай қалып қойған секілді.
– Кейбір кезде интернетте жазып, басқа жерлерде хабарласып жатқан соң, біз азық-түлік себеттерін алып барсақ, үлкен-үлкен зәулім сарайдай, жаңадан соғылған тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтар алдымыздан шығып, азық-түлігімізді алып жатады. Оларға біз ескертіп айтамыз: «Жағдайы сізден де өте нашар азаматтар бар, біз соларға жеткізіп тастауымыз керек, сіздерге керек болып жатса, кейіннен жеткіземіз, бірақ бірінші кезекте тұрғандар бұған қатты мұқтаж» дейміз. Олар «Мен сендерді әлеуметтік желіге жазамын, жұмыстарыңды жоққа шығарамын» деп бопсалайды. Адамның байлығы дүниесімен емес, көңілімен есептелетініне көз жеткіздік. Өйткені өздері жертөледе тұрып жатқан аға-апаларымыз, жалғызбасты аналарымыз бізге наурыз көжесін беріп, қолдан маска тігіп сыйлауы – осыған айқын дәлел, – дейді Дәулет Кәрібек.