Қашықтан білім беру – күрделі құрылым. Оны сәтті іске асыру үшін жоғары жылдамдығы бар интернет қызметі сақадай-сай болуы керек. Сондай-ақ мұғалім арада делдал болмай, өзіндік контентін жасай алса тіпті керемет. Көмекші құрал ретінде білім платформаларының да маңызы бар. Орта білім жүйесі қашықтан оқыту форматына көшкенде алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған – bilimland.kz. Осы тұста жоба жетекшісі Нартай Әшімнен білім саласындағы заманауи стандарттар жайында сұрап білдік.– Нартай Қасымжанұлы, қысылтаяң кезде еліміздегі қашықтан білім беру саласында біраз ақау шықты. Мұның негізгі себебін атап бере аласыз ба?
– Білім беру жүйесінің онлайнға, тіпті басқа саланың цифрлы технологияларды қолдануға бірден кірісіп кетуіне байланысты ақаудың болуы – заңды. Оны ақау деп емес, дайындықтың аздығы деп айтуға болады. Орта білім берудің ерекшелігі – үлкен территорияны алып жатқан Қазақстанда 7 мың мектеп шалғай жерде орналасқан. Жылдамдығы жоғары интернеттің әлі жетпегенін ескерсек, цифрлы технологиямен жұмыс істеу кезінде біраз қиындық туары анық. Әрине, бүкіл білім беру жүйесі бірден цифрлы технологияға көшіп кетуі оңай емес. Екінші мәселе – адам капиталы. Адам капиталы ретінде мектептегі мұғалімнің орта жасын қарасаңыздар, әдетте 40-тан жоғары 50-дің ішінде болады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, әрі оған цифрлы технологияны мектепте кең қолданылмайтынын қоссақ, қалыс қалғанымызды байқайсыз.
– Карантин жарияланбағанда онлайн білім беру саласы тағы 2-3 жыл кешігер ме еді?
– Жалпы, онлайн білім беруде кешігу мен алға жылжудың өлшемі жоқ шығар. Дәл қазіргі өлшем – адамдардың жоғары жылдамдығы бар интернетпен қамтылуы. Екіншіден, интернетке кіретін құралының заманауи болуы. Үшіншіден, олардың IT саладағы сауаты мен білігі. Сондықтан осы факторды ескерсек, Қазақстанның өзге елдерді қуып жету мүмкіндігі жоғары. Жалпы, технологияның арқасында шалғай территориядағы адамдардың бір ортаға қосылып білім алуға, өзара қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік өте көп. Әсіресе, осы білім беру саласында. Сондықтан аталған мәселеге мән берген дұрыс. ХХІ ғасырда адамдарға ең қажетті дағдының бірі – қашықтықта отырып бір-бірімен тиімді жұмыс істеуі. Мұны коллаборативті дағды деп атайды. Ал коммуникативті дағды дегеніміз – қашықтан бір-бірімен қарым-қатынас жасау, ақпарат алмасу. Қазір ақпарат алмасу бетпе-бет әңгімелесіп, сұхбат алуға қарағанда күрделі формаға ауысты. Түрлі чат, канал мен әлеуметтік желі арқылы хат-хабар алмасады. Әр компания өзіне коммуникация жүйесін құрады. Сол сияқты әрбір адам өзіне ыңғайлы коммуникация жүйесін құруға талпынады. Ал коммуникация жүйесін басқа адамдармен бір форматта жасау маңызды.
– Қазір Bilimland-тан бөлек, Daryn online бар. Бұдан басқа, қандай платформаны қарауға кеңес бересіз? Отандық онлайн білім беру саласында компаниялар жеткілікті ме, олардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Bilimland.kz жобасына алғашқы күннен бастап қатысым болғандықтан, мен үшін ең маңызды жоба. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар мен мұғалімдерге сапалы білімді қолжетімді етіп жеткізу. Сонымен қатар әлемнің ең үздік мазмұнын қазақ, орыс және ағылшын тілінде қатар дайындау. Бұл жобаның ерекшелігі де сонда – ол жергілікті кішігірім жоба емес, әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын қазақстандық жоба. Сонымен бірге интернетте цифрлы гигиена деген ұғым бар. Білім беру саласына көлденең көк атты қосылмауы керек. Білім беру саласының талаптары өте жоғары болуы тиіс. Осы орайда, барлық тараптардың пікірі ескерілген өнім ғана мектеп бағдарламасына кіре алады. Әйтпесе, әр мұғалім YouTube-тан көңілі қалаған, бірақ сараптамадан өтпеген материалды ала берсе, мектептегі мазмұнның қалай өзгеретінін болжау мүмкін емес. Бірақ тек оқулықпен ғана сабақ жүргізу де ескі педагогика болар еді. Осындай фактор өте көп. Сондықтан өзіміздің ұлттық бағдарламаға сәйкес, барлық визуалды элементтері де ұлттық ерекшеліктерді ескеретін, әлемдегі ең жоғары сапа қағидаларын ескеретін өнім болуы тиіс. Bilimland.kz жобасынан басқа Қазақстанның ашық кітапханасы www.kitap.kz пен Қазақстанның ашық университеті www.openu.kz жобасын да ерекше атауға болар еді. Ал біз мұғалімнің біліктілігін арттыру саласында бірнеше жылдан бері www.academia.kz онлайн платформасын дамытып келеміз. Серіктесіміз Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Microsoft компаниясымен бірлесе отырып, шалғайдағы ұстаздар мен оқушыларға арнап кәсіби курс дайындаймыз.
– Әлемдегі озық оқу орындарында онлайн білім беру секторын жеке индустрияға айналдырды, онлайн мамандыққа оқытады, диплом береді. Елдегі ЖОО-ларда бұл үрдіс неліктен кенже қалды? Әлде, олар Үкіметтің грантқа бөлетін қаражатынан қағыламыз деп қорқа ма?
– Университет пен колледждерде цифрлы басқару жүйесінің кеңінен қолданылып жүргені рас. Жалпы, мұны цифрлы білім беру кеңістігі деп атайды. Яғни, карантин болғанда да, болмағанда да кез келген білім беру жүйесінің онлайн бөлімі болу керек. Себебі қазір білім беру жүйесі адамның өзіне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде оқуына бағытталып жатыр. Белгілі бір кестеге, ұстаздың сабақ беретін уақытына тәуелді болмауы керек. Қажет болса, қайталап көруге мүмкіндігі болғаны жөн. Әркімнің оқу, үйрену дағдысы бар. Оған технология көмектеседі. Асинхронды білім беру – өте маңызды форматтың бірі. Егер технологияға аналогия жасайтын болсақ, мектеп тақтасын елестетіп көріңіз. Бұрын ол бормен жазатын тақта еді. Қазір оның орнын цифрлы тақта басқан. Бірақ мұғалімнің сабақты өту процесі өзгерген жоқ. Жалпы, мектептегі қабырға, парта, қоңырау, кабинет алмасып жүріп оқу – индустриалды қоғамның ерекшелігі. Кейін мұның бәрі дағдыға айналады. Мәселен, бала өскесін зауыт немесе фабрикаға жұмысқа тұрады. Партаны станок сияқты, қоңырауды белгілі бір дыбыстың белгісі ретінде қабылдауы керек. Мұғалімнің оқушыға «таңертең 9-да видеоконференцияға қатысамыз» деуінің өзі – ескі педагогикалық тәсіл. Сондықтан мұның бәрі ескірген. Жаңа цифрлы технологиялардың келуі жаңа ойлау жүйесін және жаңа педагогиканың қалыптасуына себепші болды. Біздің де заман көшіне ілесуіміз керек. Қазір онлайн білім беруді айтқанда, ең бірінші ойлайтынымыз балалар қалай оқиды? Түсінгенін қайдан білеміз? Ойын компьютердің арғы жағында отырған мұғаліміне жеткізе ала ма? Сол үшін мұны технологиялық сынақ емес, психологиялық, педагогикалық даму өзгерісі деп қабылдаған абзал. Мектептің әкімшілік формасы мен дизайны, орналасқан жеріне дейін өзгеруі керек.
– Күзде онлайн білім саласында бестселлер жазған Барбара Оаклей Қазақстанға келді. Оаклей насихаттайтын онлайн білім қазіргі бетпе-бет аудиториядағы классикалық білім беру моделін алдағы 10 жылда 40-50%-ға алмастыруы мүмкін бе?
– Күзде Барбара Оаклейдің курсын қазақ тілінде жариялағанбыз. ХХІ ғасырда қажетті дағды – жылдам үйрену мен меңгеру. Мұғалім болсын, ата-ана болсын порталға кіріп, сабақты іздеп қарауды қиын деп санайды. Негізі, бұл болашақ ұрпақ ретінде олардың балалары мен немерелеріне қажет. Біз ұстаз әрі ата-ана ретінде мынаны түсінуіміз керек. Жылдам үйренудің технологиялық алгоритмі бар. Сондықтан біреудің дарыны бар үйреніп кетеді, екіншісінің дарыны жоқ үйрене алмайды деу – қате пікір. Егер қажет болса, кез келген адам дағдыны меңгеріп кете алады. Жоғарыдағы курстың да маңызы осы. Бұл – алдағы уақытта нейробиология ғылымының ішіндегі жаңа ашылған ғылыми жетістікті пайдалана отырып, үйренуге арналған курс. Бетпе-бет оқып, адаммен сөйлесіп отыру – ескі педагогикалық технология. Курс күшті көмекші құрал болғанымен, негізгі проблеманы шеше алмайды. Шешу үшін әдіс-тәсілді өзгерту керек.
– Facebook парақшаңызда «білім саласына әлі де біраз қаражат құю қажет екенін түсіндік» депсіз. Онлайн білім беру саласына қаражат құюға инвестор бар ма? Бұл өзін-өзі ақтайтын сала ма, әлде негізгі қаражат көзі сол баяғы республикалық бюджет бола ма?
– Негізі, білім беру жүйесіне қосымша қаражат бөлу керек. Себебі технологияны пайдалана білуге, адам капиталын арттыруға үлкен қаражат керек. Яғни, адамдардың біліктілігін арттырып, мүмкіндік беру маңызды. Мектепте цифрлы технология үшін жауап беретін тұлғалар жан-жақты болғаны жөн. Оған осы саладағы ғылыми жетістіктер қазақ немесе орыс тілінде жетіп, түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Сонда оқушы да технологияны игеру тұрғысынан сауатты болады. Қазіргідей ұсақ-түйек шаруаларға бас қатырмай, негізгі зейінді білім беруге салар едік. Оқушыларға арналған мазмұнның әрі қарай дами түсуінде қажеттілік бар.
– Өзіңіз мұны отбасыңызда қолданасыз ба? Ұлдарыңыз онлайн білім ала ма? Біліктілікті қашықтан жетілдіресіз бе?
– Жалпы, адам өзіне қажеттілік туғанда іске кіріседі. О баста жобаны бастағанда кейін балаларымның кәдесіне жарайтынын түсіндім. Мектепте оқитын 2 балам Bilimland порталымен сабақ оқиды. Өйткені мұнда ағылшын тілінде де, қазақша да контент бар. Әлемнің ең үздік контентін қазақстандық контексте ала алады. Оған қоса, дәл қазір онлайн-мектеп жобасын бастадық. Астаналық ең үздік ұстаздар телесабақтар түсіре бастады. Бұл сабақтар Bilimland.kz порталында бірден жарияланып отыр. Әр видеосабақтың соңында интерактивті тапсырма бар. Біз үшін оқырманға түсінікті болуы маңызды. Мектепте түсінбей қалған тұсын портал арқылы қайталайды. Интерактивті жаттығудың пайдасы практикалық есеп шығаруда, басқа тапсырмаларды шешкен кезде баланың дамуына көмектеседі. Балаға қажетті экожүйені қалыптастыру керек. Мектеп тапсырмасын ата-ана да, бала да түсінуі тиіс. Мүмкіндігінше оның ресурсты барынша танып, қажетіне жаратуды үйренгені дұрыс. «Баланың көзі ауырады, шаршайды» дегенді бір сәт ойыңыздан шығарыңыз. Бала көп кітап оқыса да, көздің көру қабілеті нашарлайды. Есіңізде болсын, цифрлы технология – қазіргі балалардың кеңістігі. Кеңістікте «өмір сүруді» үйрету – ата-анаға жүктелетін міндет. Смартфонды ойын ойнайтын құралы емес, білмегенін үйрететін көмекші ретінде таныстыру керек.
– Әңгімеңізге рақмет!