Штаб мүшелері – Павлодарда
Штаб мүшелері – Павлодарда
255
оқылды

Қазақстан президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Павлодар облысына келді. Жергілікті этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде штаб басшысы Мәулен Әшімбаев ұлтаралық келісім Елбасы саясатының негізі саналып келгенін айтты.

– Ұлтаралық келісім, татулық пен тұрақтылық, конфессияаралық диалог Елбасы саясатының негізі болып сана­ла­ды. Өзінің сайлауалды бағдарламасында сабақтастық қағидасына басымдық бер­ген Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы жолды ары қарай сақтау үшін барлық шараны қолға алады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар РҚШ мүшелері Қа­зақстан электролиз зауытының еңбек ұжы­мымен кездесті. Кездесуде Штаб мү­шелері Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағ­дар­ламасының басымдықтарына тоқталды.

– Кандидатымыздың бағдарламасы сабақтастық, әділдік және өрлеу деген үш негізгі қағидаға табан тірейді. Сабақ­тас­тық арқылы еңбек адамын қолдау, халық­ты әлеуметтік қорғау, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау сияқты Елбасы саясатының барлық басымдықтарын сақтау көзделіп отыр. Заманауи қоғамда­ғы әділдік дегеніміз барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өрлеу қағидасы жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, үнемі дамып, ілгері ұмтылуға үндейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Облыстық Жастар бастамаларын да­мыту орталығында жас буынмен кез­дескен РҚШ мүшелері Қ.Тоқаевтың бағ­дарламасында өскелең ұрпақтың са­палы білім алып, білікті маман болып қа­лыптасуына арналған басым бағыттар­дың көрсетілгенін айтты.

– Бағдарламада жастарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Құ­жатта «Президент резерві», «Жас кәсіп­кер» сияқты жас буынға арналған бағдар­ламалардың қолға алынатыны туралы ай­тылады. Бұл жастардың қызметте өсуі­не және бизнеспен айналысуларына мол мүмкіндік береді, – деген Мәулен Әшімбаев жастар арасында еріктілер қозғалысын дамыту мәселесі де бағдар­ламада қамтылғанын атап өтті.

Одан бөлек, Штаб мүшелері «Пав­лодар» арнайы экономикалық аймағы қызметкерлерімен және Екі­бастұз қала­сының жұртшылығымен кездесті.


Айдана БЕГІМ