Не деп еді?
Осы сайтқа шыққан мақалада Қазақстан жері Қытайдың иелігінде болуы тиіс, ежелгі мекен дейтін мазмұнда әңгіме айтылды. Көршілер Қытай қорғанынан бергі жерді көшпенділер билеген көне дәуірге барыспады, орта ғасырлар әңгімесін алға тартты. Онда да тым үстірт, жалпылама айта салады. «Тан империясы кезінде Шығыс Түркі қағандығын жойдық» дейді. Енді бірде қытай қазақты жеңуге шақ қалғанда моңғолдардың кесірі тигенін айтады. Сырт көзге бірді айтып, бірге кеткен қойыртпақ тәрізді мазмұны бар дүние. Алайда астары ондай емес. Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына күмән келтірген дүниелер айтады. Мәселен, әлгі мақалада «ХVIII ғасырда Жоңғар хандығы құлаған соң Ұлы, Орта және Кіші жүздің аумақтары бірте-бірте Цин империясының қоластына өтті...» дей келе «ХIX ғасырдағы Апиын соғысынан кейін Цин империясы әлсіреп, Ресей оның иелігіндегі жерлерді жаулап алды да, Қазақстан Ресейдің құрамына қосылды. Осылайша, жерді әділетсіз бөлудің салдарынан Қытай бірден Қазақстаннан айырылып қалды» дейді. Сонымен қатар Қытайдың Қазақстанға мол инвестиция салғаны, біздің елде 400 мыңдай қытайлықтың жұмыс істеп жүргені де жазылған. Әрі «Бүгінде қазақстандықтар: «біздің қанымызда қытайдың қаны бар» деп айтады. Әрине, тарихи зерттеулерде қазақстандықтардың еуропалықтармен тегі бір екені анықталса да, бірақ олар «біздің қанымызда қытайдың қаны бар» деп айтады. Олардың арасында кейбір адамдар Қытайдағы соғыстан қашып барған еді. Шыңғыс хан қуып жіберген ханзулар Қазақстан территориясына келіп, осы халыққа сіңісті. Әрине, бұл қазақстандықтардың өз ойы ғой...» дейтін жері тағы бар. Сондай-ақ «Бұдан бөлек, Қазақстанның кішкентай бір қалашығында қазақстандықтар өздерін Ли Байдың тұқымымыз деп атайды Тіпті, кейбір адамдар өздерін «ханзудың тұқымымыз» деп айтады. Олар «соғыс кезінде қашып келіп, жергілікті адамдармен сіңісіп кеттік», дейді. Олар Қытайға қосылғысы келеді немесе Қытайға қайтқысы келеді. Олар өздерінің территориясымен, өз жерімен Қытайға қосылғысы келеді» дейтін жолдар да кездеседі. Бұл дегеніңіз – елдің тамырын басып көру тәсілі емес, ашықтан-ашық аумақтық тұтастыққа күмән келтіру. Сонымен бірге мақала қытайлардың қазақстандық медианы ұдайы бақылауда ұстайтынын да байқатады. Шамасы, Ли Байдың тұқымы туралы әңгіме айтыла бастаған 2000 жылдардан бері бізді бақылап отырғанға ұқсайды. Біздің кейбір зиялылар көне заманда, нақтырақ айтсақ 701-762 жылдары өмір сүрген Ли Бо есімді қытай ақынын Дулат тайпасынан шыққан, Шу өңірінде туған адам деп жаһанға жар салып, көлдей-көлдей мақала жазғаны бар. Енді келіп қытайлар оны өзімізге қарсы пайдаланып кетті. Ал өздерін «ханзудың тұқымы» санап жүргендер кім екенін білмейміз. Өткен ғасырларда қазақ жеріне қоныс аударған кейбір этнос өкідерін «ханзу» қатарына қосатын болса керек. Қысқасы, қазақ қоғамындағы артық-ауыс әңгімені, дау-дамайды, түрлі пікірді әбден зерттеп, сол арқылы өзімізге «сый» тартып отырған жайы бар.Қауіп қайдан?
Әрине, мақаланы бірден елдің егемендігіне қауіп төндіретін мәселе деп қарастыруға болмас. Алайда мұндай мазмұндағы дүниелердің жариялануы ұзақ мерзім үшін қатерлі. Қытай қоғамындағы Қазақстанға қатысты көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Күндердің күнінде буын ауысып, Қытай билігіне радикалды көзқарастағы, осындай мақалалармен «көзін ашқан» адамдар келсе, аннекция мәселесін де көтеруі мүмкін. Ондайда түрлі құжаттың да іске жарамай қалатынына 2014 жылы Украинада болған оқиғалар дәлел. Қауіпті деуіміздің сыры осында. Екіншіден, Қазақстанда синофобияның артуына да әсері бар. Сонымен қатар ел ішінде түрлі пікірдегі топтардың көбейіп, билік пен халықтың арасын алшақтатуға да апарып соғуы мүмкін. Сырттан айтақтап отыратындар «көрдіңдер ме, билік Қытайға ләм-мим дей алмады, сендерді олардың табанына салып береді» деп өршіте түсуіне қолайлы жағдай қалыптасар еді. Әрі ресми билік мұндай деректерге қатысты ұстанымын білдірмей, үнсіз қалса, бұқараның өз билігіне деген сенімі де азаяды. Өйткені арандату мақсатындағы мақала қазақтың намысына тиді. Абырой болғанда, осы жолы Қазақстан билігі «бұға бермейтінін» байқатып, наразылық нотасын жолдады. Сыртқы істер министрлігінің қадамдарынан кейін атышулы мақаласымақ Sohu.com сайтынан алынып тасталды ма, әйтеуір ашылмай қалды.Көршілермен «хат алмасып» тұрамыз
Дипломатияда «нота жолдау» дегеніңіз – қысқартып айтсақ, мемлекеттердің өзара сыпайы түрде «хат жазысуы». Қоғам әдетте нота ұғымын наразылықпен байланыстырып жатады. Алайда нотаның бәрі наразылық сипатында болмауы мүмкін. Құрметтеу, ілтипат білдіру, алғыс айту, құттықтау және тағы басқа мазмұнда болуы ықтимал. Дегенмен наразылық ноталары бірден көзге түседі. Өйткені онда бір елдің екіншісіне өкпе-назы, келіспеушілігі сипатталады. Кейде нота арқылы қандай да бір мәселені түсіндіріп беруді талап ететін кездер де болады. Қазақстан дипломаттары да өз кәсіптерінің осынау ерекшелігін назардан тыс қалдырған емес. Соңғы оншақты жылда Қазақстан территориялық тұтастық, қауіпсіздік, азаматтардың өмірі мен денсаулығына байланысты көршілерге, алыс-жақын шетелдерге бірнеше мәрте нота жолдаған. Мәселен, 2014 жылдың 23 ақпанында Сыртқы істер министрлігі Ресейге наразылық нотасын жолдаған. Өйткені ресейлік саясаткер, ЛДПР жетекшісі, Мемлекеттік дума мүшесі В.Жириновский митингтердің бірінде Орталық Азия елдерін, соның ішінде Қазақстанды Ресейге қосып алуға шақырған еді. Бір қызығы, сол кезде Орталық Азияның көп елі, атап айтқанда Түркіменстан, Өзбекстан мен Тәжікстан билігі үнсіз қалған. Тек қазақ пен қырғыз тулаған еді. Бірақ сол жолғы Қазақстанның нотасы «жұмсақтау» болғанымен есте қалыпты. Сол жылы СІМ Ресейдегі әріптестерінен Э.Лимонов дегеннің Қазақстанның теріскейін қосып алу туралы мәлімдемесіне түсінік беруін сұраған. Бірақ наразылық нотасы емес еді. Одан беріде, 2015 жылы Өзбекстанға нота жолдағанбыз. Оған өзбек шекарашыларының Қазақстан азаматын атып өлтіргені себеп болды.Жалпы, өзбек-қазақ қатынастарында нота алмасу 2000 жылдары жиі болатын. Кейін сиреді. Соңғы наразылық нотасы 2015 жылғы еді. Ал Қырғыз Республикасына келсек, ресми Бішкек пен сол кездегі Астананың арасында «нота соғысы» болғаны бар. 2017 жыл еді. Сол кездегі Қырғызстан президенті А.Атамбаев бір сұхбатында Қазақстанды қатты айыптағаны бар. СІМ сол үшін нота жолдаған. Оқиға 2017 жылдың ақпан айында болған. Күзде нағыз ақпараттық майдан басталған-ды. А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты ашық айыптап, жамандаған-ды. Сол кезде екі елдің дипломаттары нота алмасқан. Айтпақшы, біз Қытайға нотаны бірінші рет жолдап отырған жоқпыз. Кейбір мәселелерді түсіндіріп беруін сұрап дипломаттар «құсни-хат» жолдап тұратыны бар. Мәселен, 2018 жылы СІМ шығыстағы көршіге дипломатиялық нота жолдап, ата-аналары Шыңжаңдағы еңбекпен түзеу мекемелерінде қамалып, өздері Қазақстанда қалған балалардың бейнеүндеуіне қатысты мәселенің мәнін сұраған. Бұл оқиғалар көршілермен арадағы жағдай. Кейде алысқа да «сәлем айтып» жіберетініміз болады.Алысқа кеткен ноталар
2011 жылы СІМ Оңтүстік Америка құрлығындағы Эквадор еліне наразылық нотасын жолдады. Оған сол елдегі бір компанияның Қазақстанның елтаңбасын жеке логотип ретінде қолданғаны себеп болған. Ал 2016 жылы Оңтүстік Кореяға «хат жазғанбыз». Өйткені корейлер сол жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның 418 азаматын депортациялап, корей шекарашылары оларға дөрекілік танытқан еді. Біздің дипломаттар мұндай радикал шешімнің себебін түсіндіруді сұраған. Ал қазақстандықтардың Кореяға көптеп баруына сол елде визасыз 30 күн жүре алатыны туралы келісім себеп болған-ды. Шамасы, оны корейлер жақтырмағанға ұқсайды. Алысқа жолдаған наразылық ноталарымыздың бірі 2017 жылы Мысырға «кетті». Оған Мысыр қауіпсіздік қызметі мамандарының 6 қазақстандық студентті тұтқындағаны себеп болды. Біздің тарап мәселенің мәнін түсіндіруді және тұтқындалған азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың кездесуін қамтамасыз етуді талап етті. Осы талаптың нәтижесінде мысырлықтар студенттерді босатып, олар елге оралды. Қысқасы, наразылық ноталары жай ғана қағаз емес. Оның астарында мемлекеттің, ұлттың мүддесі тұрады. Мемлекет өз азаматтарының иесіз емес екенін байқату үшін де ноталарды пайдаланатыны бар. Біз бір мақалаға бола наразылық нотасын жолдау арқылы «тепсініп келгенде тең атаның ұлы» бола алатынымызды байқаттық.Амангелді ҚҰРМЕТ