Ескерткіштер «үн қатады»
Ескерткіштер «үн қатады»
347
оқылды
1982 жылы ЮНЕСКО жа­нынан құрылған Халық­аралық кеңес Ассамблеясы күнтізбедегі 18 сәуірді Ес­керт­­кіштер мен тарихи орын­­­дар­дың күні етіп бе­кітті. Со­дан бері мереке халық­ара­лық дәрежеде атап өті­ле­ді. Қазақстанда ұлттық құн­­дылық ретінде санала­тын 25 мыңнан астам ескерт­кіш бар. Дегенмен ол ескерт­кіш­тер қалай қорғалады, турис­тер қызығушылығын оята ма? Осы жайында тарқатсақ.  

Сәулет өнерінің сыры не?

Ескерткіштер, стеллалар, бюст­тен бастап мемориалдық тақтайша атаулының бәрі әуе­лі өнер туындысы ретінде са­налса, келесі кезекте олар адам­зат өркениетінің басты бөлігі болып есеп­теледі. Оқиғалар мен ке­зең­дердің айғағы. Қайта өрлеу дәуірінде Италияда Ми­келанджело, Францияда Бонтан секілді мүсіншілердің аты әлем­ге әйгілі болды. XIX ғасыр­да Америка мен Еуропада саясат пен өнер қайраткерлеріне ес­керткіш тұрғызу кең етек алды. Яғни, ескерткіш пен тари­хи орын­дар ұлтты танытып, өр­ке­ниетке үлес қосудың құралы десек те жансақ емес. Қош, қазір әлемде нарықтық қоғамның бә­сі жоғары. Кез келген ел қызық­тыра алса, мұралары арқылы өзін де танытады, қаржысын да молайтады. Былтыр Париждегі Нотр-Дам де Пари ғимараты өртенген кезде адамзат атаулы­ның мұңаймағаны кем. Осыдан-ақ біз қозғаған мәселенің өзек­тілігі айқындалады. Дәл осы Париждегі 130 жылдан астам тарихы бар Эйфель мұнарасы француз халқының даңқын да, қаржысын да жебеп отыр. Мұнара туристер арқылы жы­лына 53 млн евродан астам пайда түсіреді. Ал өкініштісі – елімізде ескерткіштер мен тарихи орындарға туристер тартудан бұрын, құрылысы мен қорғалуы да мәселеге айналғаны жасырын емес. Сонымен, елімізде мәдени ескерткіштер қалай қорғалып жатыр?  

Елдегі ахуал

Туристік саласы дамыған мем­лекеттерде тарихи орын­дарды қорғау былай тұрсын, оларды таныту мақсатында фильм түсіру де жолға қойылған. Әрине, көз­бен көріп тамсану ар­қылы рухани азық сыйлайтын мұн­дай орындар Қа­зақстанда да аз емес. 25 мыңнан асады. Со­ның бірі және қазақ қоғамы үшін ең танымалы – Түр­кістан об­лы­сындағы Арыс­тан Баб кесенесі. Әлемдегі та­рихи орындардың көбі адам қолы­нан бөлек, өрт кесірінен қи­райды. Сол себепті Арыстан Баб кесенесінің қауіпсіздік жайын білмекке тырысып көр­дік. Сауалымызға Отырар мемле­кеттік археологиялық қорық-мұражайы директорының шаруа­­шылық жөніндегі орынба­сары Ержан Жүнісовтен жауап алдық.
 – Карантин кезінде Арыс­тан Баб кесенесіне адамдар ке­ліп жатқан жоқ. Дегенмен тарихи орынның қауіпсіздігі үшін өртке қарсы қызметпен ай­­налысатын компаниялармен келісім жасалған. Компания ма­­­мандары кесенеге дабыл құ­рыл­ғысын орнатқан. Ғи­марат­ты былайғы жұмыс кезін­де үш күзетші ауысыммен бақы­лайды. Кесененің сырты мен ішінде бейнебақылау каме­ра­лары орна­тылған. Оны күзет­шілер қарайды. Күдік тудыра­тын нәрселер бо­лып жатса, тек­серіске көшеді. Негізі, кесене­ге келу­шілердің са­ны өте көп. Барлығы дерлік – отан­дас­тарымыз. Шы­рақшылар жылына мыңға жуық адам келетінін ай­тады. Ал шетел­ден келетіндер санаулы-ақ, – дейді маман.
Елімізде соңғы кездері та­рихты дәріптеу мен көркемдік мақсатында орнатылып жатқан ескерткіштердің де жағдайы мәз емес. Кез келген ескерткіш эстетикалық мәнге сүйеніп тұрғызылғаны жөн. Эстетиканың өзі кері мағынасын есепке алмағанда үш категориядан тұрады, олар – асқақтық, сұлулық және өмір көрінісі. Ал бүгінгі өнер туындысы ретінде саналатын ескерткіштердің барлығынан мұндай категориялар нышанын көре бермейміз. 1992 жылы 2 шіл­деде қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңда әр тұрғызылатын ескерткіштердің нормативтік актілер мен қағи­далары бекітілген. Оны уәкілетті органдар қадағалайды. Дегенмен елімізде қоғам наразылығын тудырған ескерткіш көп. Семей­дегі Мәншүктің ағаш мүсіні, Алматыда сауда орталығының алдына қойылған жартылай жа­лаңаш үш әйелдің мүсіні қоғам сынына ұшыраған еді. Бұл әйел­дердің тұрпайы мүсінінің авторы Ники де Сен-Фалль екен. Алайда жауаптылар мүсінді қояр алдында ұлттық болмысты есепке алмаған сыңайлы. Дау тудырған ескерткіштер мұ­ны­мен шектелмейді. Елорда орта­лығындағы Ғашықтар саяба­ғында орналасқан «Ғашықтар» ескерткіші де «эротикалық мүсін» деп сынға қалған болатын. Ал осы саладағы маманның пікірі бөлек екен.
 – Сіз айтқан мүсіндердің көбі жалаңаштанған деп жазғырылған. Кәсіби суретші ретінде бұл сынға келіспеймін. Өнер туындысында шексіздік түсінігі бар. Яғни, соңғы ескерткіштерге жаңаша көзқараспен, өнер талабымен, эстетикалық талғам өлшемінде қарау керек. Мысалы, сәулет өнері ең алғаш ежелгі Грекияда бастау алды. Оларда нағыз өнер­дің шырқау шегі болды десек те артық емес. Солардың көп мүсіндерін, Еуропаның әйгілі суретшілерінің туындыларын қарасаңыз, жалаңаш бейнелер ұшырасады. Бұл жерде адамзат­тық өнер мен ұлттық, діни көз­қарастардың да қайшылығы болатынын ұмытпаған жөн. Өткен ғасырда Иранда 2000 мың жылдық тарихы бар тауды қашап жасалған Будданың мүсінін діни сенімге қарсы деп құлатқан еді. Тарихи ескерткіштерді қорғауда жан-жақты ой саралап үйренсек болар еді , – дейді суретші-сәулетші Жанұзақ Мүсәпір.
    ТҮЙІН:  

Тарихи мұралар мен ескерт­кіш­тер бағзыдан адамзаттың бүгін­гі өркениетін кезеңімен қалып­тастырды. Әлі де қалыптастыра бермек. Еліміздегі тарихи орындар жайлы аз-кем зерделедік. Бола­шақта ел тарихынан хабар бе­рер орындарға келушілердің саны артуы тиіс екенін түсіндік. Бұл ескерткіштер мен орындар бізге жеткен мұра, демек бізден кейінгілерге де қалуы керек.

 

 width=   Мадияр ТӨЛЕУ