Сәулет өнерінің сыры не?
Ескерткіштер, стеллалар, бюсттен бастап мемориалдық тақтайша атаулының бәрі әуелі өнер туындысы ретінде саналса, келесі кезекте олар адамзат өркениетінің басты бөлігі болып есептеледі. Оқиғалар мен кезеңдердің айғағы. Қайта өрлеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Бонтан секілді мүсіншілердің аты әлемге әйгілі болды. XIX ғасырда Америка мен Еуропада саясат пен өнер қайраткерлеріне ескерткіш тұрғызу кең етек алды. Яғни, ескерткіш пен тарихи орындар ұлтты танытып, өркениетке үлес қосудың құралы десек те жансақ емес. Қош, қазір әлемде нарықтық қоғамның бәсі жоғары. Кез келген ел қызықтыра алса, мұралары арқылы өзін де танытады, қаржысын да молайтады. Былтыр Париждегі Нотр-Дам де Пари ғимараты өртенген кезде адамзат атаулының мұңаймағаны кем. Осыдан-ақ біз қозғаған мәселенің өзектілігі айқындалады. Дәл осы Париждегі 130 жылдан астам тарихы бар Эйфель мұнарасы француз халқының даңқын да, қаржысын да жебеп отыр. Мұнара туристер арқылы жылына 53 млн евродан астам пайда түсіреді. Ал өкініштісі – елімізде ескерткіштер мен тарихи орындарға туристер тартудан бұрын, құрылысы мен қорғалуы да мәселеге айналғаны жасырын емес. Сонымен, елімізде мәдени ескерткіштер қалай қорғалып жатыр?Елдегі ахуал
Туристік саласы дамыған мемлекеттерде тарихи орындарды қорғау былай тұрсын, оларды таныту мақсатында фильм түсіру де жолға қойылған. Әрине, көзбен көріп тамсану арқылы рухани азық сыйлайтын мұндай орындар Қазақстанда да аз емес. 25 мыңнан асады. Соның бірі және қазақ қоғамы үшін ең танымалы – Түркістан облысындағы Арыстан Баб кесенесі. Әлемдегі тарихи орындардың көбі адам қолынан бөлек, өрт кесірінен қирайды. Сол себепті Арыстан Баб кесенесінің қауіпсіздік жайын білмекке тырысып көрдік. Сауалымызға Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Ержан Жүнісовтен жауап алдық.– Карантин кезінде Арыстан Баб кесенесіне адамдар келіп жатқан жоқ. Дегенмен тарихи орынның қауіпсіздігі үшін өртке қарсы қызметпен айналысатын компаниялармен келісім жасалған. Компания мамандары кесенеге дабыл құрылғысын орнатқан. Ғимаратты былайғы жұмыс кезінде үш күзетші ауысыммен бақылайды. Кесененің сырты мен ішінде бейнебақылау камералары орнатылған. Оны күзетшілер қарайды. Күдік тудыратын нәрселер болып жатса, тексеріске көшеді. Негізі, кесенеге келушілердің саны өте көп. Барлығы дерлік – отандастарымыз. Шырақшылар жылына мыңға жуық адам келетінін айтады. Ал шетелден келетіндер санаулы-ақ, – дейді маман.Елімізде соңғы кездері тарихты дәріптеу мен көркемдік мақсатында орнатылып жатқан ескерткіштердің де жағдайы мәз емес. Кез келген ескерткіш эстетикалық мәнге сүйеніп тұрғызылғаны жөн. Эстетиканың өзі кері мағынасын есепке алмағанда үш категориядан тұрады, олар – асқақтық, сұлулық және өмір көрінісі. Ал бүгінгі өнер туындысы ретінде саналатын ескерткіштердің барлығынан мұндай категориялар нышанын көре бермейміз. 1992 жылы 2 шілдеде қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңда әр тұрғызылатын ескерткіштердің нормативтік актілер мен қағидалары бекітілген. Оны уәкілетті органдар қадағалайды. Дегенмен елімізде қоғам наразылығын тудырған ескерткіш көп. Семейдегі Мәншүктің ағаш мүсіні, Алматыда сауда орталығының алдына қойылған жартылай жалаңаш үш әйелдің мүсіні қоғам сынына ұшыраған еді. Бұл әйелдердің тұрпайы мүсінінің авторы Ники де Сен-Фалль екен. Алайда жауаптылар мүсінді қояр алдында ұлттық болмысты есепке алмаған сыңайлы. Дау тудырған ескерткіштер мұнымен шектелмейді. Елорда орталығындағы Ғашықтар саябағында орналасқан «Ғашықтар» ескерткіші де «эротикалық мүсін» деп сынға қалған болатын. Ал осы саладағы маманның пікірі бөлек екен.
– Сіз айтқан мүсіндердің көбі жалаңаштанған деп жазғырылған. Кәсіби суретші ретінде бұл сынға келіспеймін. Өнер туындысында шексіздік түсінігі бар. Яғни, соңғы ескерткіштерге жаңаша көзқараспен, өнер талабымен, эстетикалық талғам өлшемінде қарау керек. Мысалы, сәулет өнері ең алғаш ежелгі Грекияда бастау алды. Оларда нағыз өнердің шырқау шегі болды десек те артық емес. Солардың көп мүсіндерін, Еуропаның әйгілі суретшілерінің туындыларын қарасаңыз, жалаңаш бейнелер ұшырасады. Бұл жерде адамзаттық өнер мен ұлттық, діни көзқарастардың да қайшылығы болатынын ұмытпаған жөн. Өткен ғасырда Иранда 2000 мың жылдық тарихы бар тауды қашап жасалған Будданың мүсінін діни сенімге қарсы деп құлатқан еді. Тарихи ескерткіштерді қорғауда жан-жақты ой саралап үйренсек болар еді , – дейді суретші-сәулетші Жанұзақ Мүсәпір.ТҮЙІН:
Тарихи мұралар мен ескерткіштер бағзыдан адамзаттың бүгінгі өркениетін кезеңімен қалыптастырды. Әлі де қалыптастыра бермек. Еліміздегі тарихи орындар жайлы аз-кем зерделедік. Болашақта ел тарихынан хабар берер орындарға келушілердің саны артуы тиіс екенін түсіндік. Бұл ескерткіштер мен орындар бізге жеткен мұра, демек бізден кейінгілерге де қалуы керек.
Мадияр ТӨЛЕУ