Диқанның жұмысы қызу
Диқанның жұмысы қызу
267
оқылды
Жер ұйығы Жетісуда өспейтін дақыл жоқ. Облыстағы әр аймақтың өзіне тән, жылдап өсіріп, баптап, мол тәжірибе жи­нақ­таған егістік түрі бар. Мәселен, Қаратал, Балқаш аудандары кү­рішімен, ал Кербұлақ  астығымен танымал. Райымбек кар­то­бымен елді мойындатса, Сарқан, Ескелді, Көксу, Ақсу қант қы­зылшасымен белгілі. Ал Алматының іргесінде орналасқан Қа­расай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында өсімдік шаруа­шылығының барлық түрі дамыған. Жері – құнарлы, елі – еңбекқор. Әлемді қауіпті індет әбігерге са­­лып жатқанымен, алдағы күн­нің қамын ойлау, «қыс шананы, жаз сайлау» да естен шықпауға тиіс­­ті. Жұқпалы дерт етек-жеңін жиып, ауыздықталған соң да тір­­лік керек қой. Осыны есте ұс­­та­ған жетісулық шаруалар көк­­темгі дала жұмыстарына бел ше­­ше кірісіп кетті. Ауа райының жауын-шашынды болуына қа­ра­­мастан, егіс алқаптары қар­ба­лас­қа толы. Еңбекшіқазақ ауданына қа­рас­ты 20 жылға жуық жүгерінің жо­ғары сортты тұқымын өсіріп, одан еселеп өнім алып жүрген «Бу­дан» ЖШС-інің іс-тәжірибесі мен жеткен жетістіктері жұртқа кеңінен мәлім. Жүгері өсіруде тә­жірибесі толысқан серіктестік Нұра ауылдық округінің аумағы­нан жүгері мен тұқымдық жүгері, бидай өсіруге мың гектарға жуық егіс алқабын алып, онда жер­гілікті тұрғындардың еңбек етуіне мүм­кіндік жасап отыр.
– «Көктемнің бір күні – жыл­ға азық» деп бекер айтпаған. Күн райының қолайсыздығына бай­ла­нысты жер жырту мерзімін ке­шіктіріп алдық. Бірақ қол қу­сы­рып қарап отырған жоқпыз. Күн­делікті алқап басындағы арық­тар мен каналдың арнасын ба­сып қалған қамыс-қурайдан та­зартуға кірістік. Бұл жұмыстар тек қол күшімен атқарылады, – дейді «Будан» ЖШС Нұра ауылдық учас­кесінің жетекшісі Айдар Атеев.
Енді біраз уақытта тұқым се­біледі. Оны таңның атысынан кештің батысына дейін қарғадан қорғау да тынымсыздықты қажет ететін, бейнеті көп жұмыс екен. Тұқым өніп, көктеп шыққаннан кейін өскінді уақытылы суарып, күтіп-баптау жұмыстары да ке­зең-кезеңімен атқарылады. Жү­гері учаскесіндегі жұмыстарға сырт­­тан емес, ауылдың өз аза­мат­тары жұмылдырылыпты. Да­ла аруын өсірудің қыр-сырына қа­нық диқандар күрек-кетпен, шал­ғы-қайрақтарын алып, ка­нал­ды арнасын тазартуда. Ұзақты күн еңбек ететіндіктен, алқап ба­сында бір мезгіл ыстық тамақ ұйым­дастырылған.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы