Nur Otan партиясының Орталық аппаратында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Іс-шараны Мәжіліс депутаты, «Өнеркәсіптік даму» бағыты бойынша партия кураторы Аманжан Жамалов жүргізді.
Басқосуда «Өнеркәсіптік даму» бағыты бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Аманияз Ержанов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт баяндама жасады.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Аманияз Ержанов заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс барысында «Азаматтық құқық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 300-ге жуық ұсыныс келіп түскенін жеткізді. Ол сондай-ақ, толық талқылау үшін заң жобасы министрліктің ресми интернет-ресурсында арнайы бөлімде орналастырылатынын, онда кез келген адам өз пікірі мен ұсынысын қалдыра алатынын жеткізді.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы барлық қауіпті өндірістік объектілерде ішкі бақылауды жүзеге асыратын және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық мамандардан тұратын өндірістік бақылау қызметі бар. Осыған байланысты өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өндірістік бақылауды жүзеге асыратын ұйымның лауазымды тұлғаларына жұмыс орнынан шығуды тоқтатуға өкілеттігі бар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру және жүргізу құқығы ұсынылады, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік әзірлеген заң жобаларын ақпараттық қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде 2019 жылдың 3 сәуірінде мүдделі мемлекеттік органдардың, бизнес қоғамдастықтың, азаматтық қоғамның және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысқан Қазақстанның заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді.
Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт әкімшілік кедергілерді төмендету есебінен бизнес шығындары азайып, кәсіпкерліктің жаңа легі қалыптасатынына ерекше тоқталды. Ол сонымен қатар, заң жобасында мүгедектерге арналған элеваторларды, эскалаторларды, фуникулерді орнату, техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде сертификация енгізілетінін атап өтті.
Комиссия мүшелері азаматтық қорғаудың көптеген аспектілеріне қызығушылық танытты. Заң жобасына көп ұсыныстар енгізілгеніне қарамастан, кейбір Мәжіліс депутаттары бұл құжатта барлық нормалар жазылмағанын тілге тиек етті.
Жалпы алғанда, заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіруге, кәсіпкерлікке әкімшілік қысым көрсетуді азайтуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жиын соңында комиссия мүшелері өзгерістерді қабылдау және осы бағытта көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру зиянды өндірістік нысандардағы авариялар мен өндірістік жарақаттардың төмендеуін және ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ететінін айтты.