Жамбылдық таксист ойлап тапқан жаңалығы үшін 138900 теңге айыппұл төлейді
Жамбылдық таксист ойлап тапқан жаңалығы үшін 138900 теңге айыппұл төлейді
181
оқылды
Жуырда Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғыны коронавирустан қорғану үшін көлігінің салонынан полиэтилендік целлофаннан қоршау жасап, такси қызметін ұсынып жүрген видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен болатын. Осылайша тұрғын өзін де, жолаушыны да ауру жұқтырудан сақтандырып жүргенін сүйіншілеген еді. Алайда меркіліктің бұл әрекеті өзіне таяқ болып тиді. Облыстық полиция департаменті бейнероликтегі автокөліктің иесін тауып, қатаң жазалап отыр. 39 жастағы өнертапқыш автоәуесқой екен. Ол өзін вирустан қауіпсіздендіруге көңіл бөлгенімен, көлік жүргізу қауіпсіздігін ойламаған. Себебі қолдан жасалған бөгет жолға толықтай шолу жасауға мүмкіндік бермейді. Тексеру барысында полиция қызметкерлері азаматтың өзге де құқық бұзушылық әрекеттерін анықтады. 2018 жылы меркілік сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша көлік құралын жүргізу құқығынан үш жылға айырылған екен. Соған қарамай азамат ауыл арасында такси қызметін ұсынып жүрген. Қазіргі таңда көлік айып тұрағына қойылып, жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі (көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаның көлік құралын басқаруы) және ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі (жүргізуші тарапынан шолуды және көрінуді нашарлататын заттарды орнату, салу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен құқық бұзушыға 50 АЕК (138900 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы