Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында қаланың сол жақ жағалауының даму барысымен танысты, өндірістік-әлеуметтік нысандарды аралап, облыс жұртшылығымен жүздесті.
Алдымен Мемлекет басшысы 2017 жылы пайдалануға берілген мекеменің жұмысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.
Еркін әңгіме барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтып, медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.
– Күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ күріш өңдеу ісіне мамандандырылған «Жан-Арай» агроиндустриялық кешенінде болып, оның жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың негізгі шығаратын өніміне қатысты мәлімет берілді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгімелесіп, бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндігін қарастырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан ары Қазақстан Президенті Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді.
Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жөніндегі шаһардың бас жоспары таныстырылды. Аумағы 1,5 мыңнан астам гектар жерді қамтитын бұл құрылыс алаңына тиісті инфрақұрылымдар жүргізілген. Мемлекет басшысына алдағы уақытта бұл жерде неке сарайы, өрт сөндіру депосы, 900 орындық орта мектеп, тұрғын үйлер, отбасылық медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар салынатыны жөнінде баяндалды.
Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанына тоқталды.
– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті. Жиынға өңірдің зиялы қауым, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселеге тоқталды.
– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет екенін айтып, қуатты экономикаға қол жеткізудің маңызын атап өтті.
– Индустрияландыру саясаты өз жемісін берді. Бұл бағыт одан ары жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне септігін тигізетінін айтып, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.
– Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге аталған мәселені шешу үшін маған нақты жұмыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өңірдегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды. Байқоңырды Қазақстанның ғарыш саласының негізі ретінде атап өтіп, бұл кешен облысқа жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Біздің мақсат – ғарыш технологияларын Отанымыздың, халқымыздың мүддесі үшін қолдану. Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасуда. Мұнда 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үйлер және медициналық орталық салынды. Бес мектеп Қазақстанның білім стандартына көшті. Қазір әлемде инвесторлар ғарыш стартаптарына кең қолдау көрсетуде. Біз де Байқоңырдың әлеуетін тиімді пайдаланып, бұл үрдістен шет қалмауымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы