Жекпе-жек ақылы трансляция жүйесі (PPV) арқылы таратылмақ
WBA Regular тұжырымы бойынша әлем чемпионы Мэнни Пакьяо өзінің келесі жекпе-жегін WBA Super чемпионы Кит Турманмен өткізбек. Кездесу 20 шілдеге белгіленген.
Бұл туралы филиппиндік боксшы өзінің Инстаграмдағы парақшасында жария етті. Пакьяо соңғы рет шаршы алаңға биыл қаңтар айында шыққан. Сол жолы 40 жастағы боксшы Адриен Бронерді жеңіп кеткен еді. Жалпы, Пакьяо кәсіпқой боксқа келгелі бері 61 мәрте жеңіске жетіп, 2 рет тең түсіп, 7 рет жеңіліс тапқан. Ал 30 жастағы Турман болса 29 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен. Оның 22-ін мерзімінен бұрын аяқтапты.
Пакьяо осы кездесу үшін 20 миллион доллар сыйақы алады екен. Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында өтетін жекпе-жек ақылы трансляция жүйесі (PPV) арқылы таратылмақ. Бұл Турманның PPV жүйесіндегі алғашқы жекпе-жегі. Сондықтан оның да сыйақысы аз болмайтыны түсінікті.