Қазақстандық бір топ жас Африка елінде тұратын мұсылман жұртшылығына ауызашар асын берді. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлады.
Ұйымдастырушылар Африкадағы мұсылман халқына ауызашар беретін қор құрып, оған Алматы мен Ақтөбе облысындағы 50-ге жуық жас ақша аударған. Дастарқан 250 адамға жайылған.
– Қасиетті Рамазан айындағы игі істердің төресі – ауыз аштыру. Африка мұсылмандары ауызын қара сумен ашатынын естігенде, ас бермекші болдық. Олардың күнкөріс деңгейі өте төмен. Осыған қарап, шүкіршілік етсек деген ой болды.Ол жақта ауызашарда бір адамды тамақтандыруға 1 доллар, яғни 380 теңге шамасында жұмсалады екен. Қазақстанда бұл баға бір адамға – 600-1500 теңге. Оның үстіне елімізде ауызашар беріп жатқандар өте көп. Өңірлердегі әрбір мешітте де олар күнделікті тегін ұйымдастырылады, – деді ұйымдастырушылардың бірі Ержан Мизамов.
Оның айтуынша, алдағы күндері еліміздің жастары Мысырда білім алып жатқан 80-ге жуық қазақстандық студентке ауызашар беру жоспарланған.