Стартап – батылдық пен әбжілдікке жақ
Стартап – батылдық пен әбжілдікке жақ
545
оқылды

Қазақстан, Сингапур және Тайландтағы стартаптар-экожүйесінің айырмашылығы неде, жетістіктері мен кемшіліктері қандай?

ХІІ Астана экономикалық форумы аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ы ұйымдастырған, мемлекеттің венчурлық капиталды дамытудағы рөлін талқылауға арналған сессияда отандық және шетелдік білікті мамандар осы сауалдарға жауап берді.

Сессияға Оңтүстік Шығыс Азияда іс-шараларды ұйымдастырумен және технологиялық кәсіпкерлікті жабдықтаумен айналысатын e27 Singapore компаниясының негізін қалаушы және директоры Тадеус Ко модератор болып, жүргізіп отырды.

Жиында мемлекеттің венчурлық қаржыландыру индустриясын дамытудағы рөлі, венчурлық индустрияның дамуындағы Сингапур мен Оңтүстік Кореяның табысты тәжірибесі, сондай-ақ Қазақстан үшін ең жақсы венчурлық инвестициялық стратегияны таңдау бойынша ұсыныстар дайындау мәселелері қаралды.

Бүгінде табысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан өзінің алғашқы венчурлық қоры – «QazTech Ventures» АҚ-ын іске қосу арқылы төл инновациялық экожүйесін және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін дамыту бағытында маңызды қадам жасауда.

–Бизнес-періштелер дегеніміз – қалыптасқан, төрт аяққа нық тұрған кәсіпкер: ол бизнесті жақсы біледі, өз индустриясында табыс табуға қабілетті, әрі осы жолда біраз қиындық көрген, кедергілерді еңсерген жан. Ол өз тәжірибесімен ғана емес, капиталымен де бөлісуге даяр. Инвестордан айырмашылығы сол, бизнес-періштені өзге салалар қызықтырады, ол басқа деңгейлерге шығуға, өзге индустриялардағы жаңа бизнес бастамаларды қаржыландырып, инвестициялық портфель иеленуге ынталы, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әділ Нұрғожин.

Ол бизнесмендердің осы түрі Қазақстанда енді-енді пайда болып жатқанын жеткізді.

–Біз қазір өз дамуымыздың алғашқы сатыларынан өтудеміз. Біздің салада баршаға ортақ бірыңғай тәсіл жоқ, барлығы инвестициялау барысында айқындалады. Кейбір стартаптарда қаржы жоғалтады, өрге басқан басқа стартаптан жақсы табыс табады. Жаңа мәміле бекіткен сайын тәжірибе, бедел жинақталады. Бұл жерде ең бастысы –қателерді талдай білу, сабақ алу, байлам жасап, келесі жолы дұрыс шешім қабылдауға үйрену, – деді Әділ Нұрғожин.

Инновацияларды дамыту және басқару саласында Тайландтың пионер-агенттігі National Innovation Agency of Thailand атқарушы директоры, доктор Пун-Ардж Чайратана өз елінің де осы жолмен жүргенін айтты.

–Тайландта ірі өзгерістер 2016 жылы басталды. Қазір біз сингапурдағыдай, шетелдік венчурлық қорлардың мемлекетімізге инвестиция салуын қолдайтын жаңа саясат түздік. Тайландқа бұл салада негізінен, жапондық және жергілікті бизнес қаржы салуда. Еліміздің экожүйесінің ерекшеліктеріне тоқталсам, бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік түрі басымырақ дамыған. Ірі тайландтық компаниялар стартап комитеттерге ынта-ықыласпен қаражат құяды. 2016 жылы небары 250 миллион доллардан бастадық, қазір ол біршама артты. Тағы бір даралар сипаты сол, бізде бұл бағытта ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі секторларының үлесі басым, – деді Пун-Ардж Чайратана.   

Сессия отырысында «QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы М.Омаров және бірқатар шетелдік венчурлық инвесторлар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті, ой-пікірлерін ортаға салды.

Сингапурдың стартап-экожүйесі Оңтүстік-Шығыс Азияда бірінші орында тұр және венчурлық капиталдың ондаған ірі қорларын қамтуда.

«Мұндай саясаттың жетістігі неде? Қазақстан Сингапурдың қандай тәжірибесін өзінде қолдана алады?» – деп сұрадық Enterprise Singapore бас директорының орынбасары Эдвин Чоудан.

Эдвин Чоу сингапурлық Spring тобының директоры лауазымын атқарған тұста да Сингапур инновациялық технологиялық стартаптардың, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау секторларындағы шағын және орта бизнестің өркендейтін мекені ретінде қалуы үшін қызмет еткен.

–Сингапурлық стартап-экожүйе өркендеу жолына енді шығуда. Біздің елде жұмыс жасайтын технологиялық стартаптар саны кейінгі 5 жыл ішінде 30%-дан астамға өсті. Яғни, бұрын 3200 болса, қазір 4000-нан асты. Венчурлық капиталмен мәмілелер саны да елеулі түрде ұлғайып, шамамен 300 миллион долларлық 80 мәміледен жалпы құны шамамен 10 миллиард долларға жететін 300-ден астам мәмілеге дейін артып отыр. Бұған бірнеше фактор – бизнес үшін қолайлы орта, заңның үстемдігі, логистикалық байланыстар ықпал етті, – деді Э.Чоу.

Бұдан бөлек, оның байламынша, біріншіден, елде кәсіпкерлік дарыны бар адамдарды тәрбиелеу, екіншіден, бизнес-періштелер, венчурлық капитал секілді жеке сектордағы тәуекелді көтерер капиталдың болуы және үшіншіден тағат-төзім керек.

–Өзіндегі кәсіпкер студенттерге инвестиция салуға ынталы әлемдік деңгейдегі бірқатар университеттердің арқасында Сингапурдың жолы болды. Мәселен, Сингапурдың Ұлттық университетінде NUS Overseas College бағдарламасы жұмыс істейді, оның аясында 2-курста оқитын кәсіпкерлер Силикон алқабы, Бангалор, Стокгольм секілді шетелдік озық стартап-орталықтарға жолданады. Онда олар бір жыл бойы жарты күн оқып, толық жұмыс күнін стартаптарда интерн есебінде өткізеді. Осы дарынды студенттердің көбі қажетті тәжірибе мен сенімділікке қол жеткізіп, елдегі стартаптарға оралады. Табысты стартаптардың бастапқы толқынының үлкен бөлігінің негізін NOC түлектері қалаған, – дейді сарапшы.

Бүгінде Сингапур Үкіметі жергілікті университеттер мен политехникалық білім ордаларының осындай бағдарламаларына инвестицияны арттырған. Бұл сингапурлық технологиялық кәсіпкерлердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Эдвин Чоудың айтуынша, таланттар ағыны пайда бола салысымен, ақылды салаға бағдарланған ақшалар да оларға ілесе келеді.

Бұл үдерісті жеделдету, жеке секторды стартаптарға инвестиция салуға ынталандыру үшін Сингапур Үкіметі Enterprise Singapore арқылы көптеген қолдау бағдарламаларын іске қосқан.

–Біздің SG Equity стартап бағдарламамыз венчурлық капиталистердің технологиялық стартаптарға салған әрбір долларына 1 доллар инвестициялайды. Бұл ретте салым бағдарламалық қамтылым саласындағы стартаптарға 2 миллион долларға дейін, жоғары технологиялы стартаптарға 4 миллион долларға дейін барады. Бізде сондай-ақ өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді ынталандыратын гранттар да бар. Бұған қоса, стартаптар-экожүйесін нығайту ісі үлкен тағат-төзімді талап етеді. Ол көрнекті табыс тарихтары пайда болғанда ғана дамып, өсе бастайды. Жетістікке жеткен кәсіпкерлер келесі топ бой түзейтін үлгі-өнегеге айналады, – дейді сингапурлық мейман.

Оның айтуынша, әдетте, стартаптар іске қосылуы, оның өркен жаюы және табысқа жетуі үшін кем дегенде 5-7 жыл қажет. Үкімет, университеттер, инвесторлар, корпорациялар секілді стартаптар-экожүйесінің мүдделі тараптарына бұған қол жеткізу үшін сабыр сақтауы маңызды көрінеді.

–Мен Қазақстанның экожүйесі жайында аз білемін. Бұл менің осынау тамаша елге тұңғыш сапарым. Не үйрену керектігіне қатысты жауап бергендегі менің жалғыз кеңесім: Сингапурға және басқа стартап орталықтарына сапарлаңыздар, үлгісін қолданыңыздар, олардың қайсысы сіздердің экономикалық және әлеуметтік ортада жұмыс жасай алатынын анықтап, сабақ алыңыздар! – деп түйді Эдвин Чоу.