Парламенттің Жоғарғы палатасының басшысы елімізге келген мәртебелі меймандарды қабылдады. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Кипр сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесті. Д.Назарбаева сапар барысында қол қойылған үкіметаралық құжаттар екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстан мен Кипрдің көптеген өңірлік және халықаралық мәселені шешу әдістерінің ұқсастығына назар аудартқан Сенат басшысы еліміздің халықаралық және өңірлік бастамаларын қолдағаны үшін кипрлік әріптестерге ризашылығын білдірді. Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Дариға Назарбаева Кипр депутаттарын Қазақстанға келуге шақырды.
– Парламент делегацияларының сапарлары саяси үнқатысуымызды кеңейтіп, өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Бұдан бөлек, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Жүздесушілер өзара сауда көлемін арттыру және оны әртараптандыру үшін барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Дариға Назарбаева Кипрге бірлескен инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға қатысуды ұсынды, жұмысы ағылшын құқығына негізделген АХҚО алаңында ашылатын қаржы және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктері туралы жан-жақты әңгімеледі. «Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жақсы заңнамалық база құрылды», – деді ол.
Никос Христодулидис еліндегі экономикалық ахуал жайында хабардар етіп, Қазақстанда Орталық Азия елдеріне арналған Кипр елшілігін ашу ниеттерін жеткізді. Дипломаттың айтуынша, «Кипр Қазақстанның Еуропалық одақтағы елшісі болуға дайын».
Сенат төрағасы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағаны үшін Кипрге алғысын айтты. Қазіргі кезде құжатты ЕО-ға мүше 27 елдің парламенттері ратификациялады.
Н.Христодулидис Д.Назарбаеваны Кипрге сапарлап келуге шақырды.
Грузияның премьер-министрі Мамука Бахтадземен кездескен Сенат басшысы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқыға салды. М.Бахтадзе екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытудағы Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін жоғары бағалады.
Әңгіме барысында сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту, маңызды инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар жайын тілге тиек ете келе, Дариға Назарбаева көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды өрістету қажетін нықтады. «Транзиттік мүмкіндіктерді пайдалану тиімділігін арттыруда Қазақстан мен Грузияның мүдделері сәйкес келеді. Мемлекеттеріміздің аумағы арқылы ірі трансқұрлықтық көлік дәліздері өтеді. Бұл зор артықшылықты пайдалану керек», – деді ол.
Тараптар туристік әлеует пен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылады. Грузия премьер-министрі өз елінің ЖІӨ-сінің 6 пайызын білім беруді дамытуға бағыттауды көздейтін жаңа заң туралы ақпараттандырды. Ол қос мемлекеттің жоғары оқу орындарына ынтымақтастықты белсенді дамытуды ұсынды.
Сенат төрағасы еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалар, қазақстандықтардың келешекке зор сеніммен қарайтыны жөнінде мәлімдей келе, алдағы президенттік сайлау науқанының барысы туралы әңгімеледі. Д.Назарбаева Грузияны алдағы тәуелсіздік күнімен құттықтады: «Грузия халқының өркендеп, дамуына тілектеспін! Бұл мақсатқа еліңіз таяу болашақта қол жеткізеріне сенімдімін», – деді ол.