Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесті. Жүздесушілер екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде парламентаралық қатынасты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері Кипр – Қазақстанның Оңтүстік Еуропадағы маңызды саяси әріптесі екеніне тоқтала келе, еліміз бұл мемлекетпен саяси диалогты, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ынталы екенін жеткізді. Нұрлан Нығматулин мемлекетіміз өзінің айрықша географиялық жағдайының және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының арқасында Еуразия бойынша жаңа көлік-логистикалық хабқа айналғанын атап өтті.
Кипрдің «жасыл» экономика, цифрлық технология, жаңартылған энергия саласындағы жетістіктерін сөз еткен Н.Нығматулин осы бағытта жан-жақты тәжірибе алмаса отырып, парламенттік әріптестікті жаңа деңгейге көтеру керегіне тоқталды.
Елімізге алғаш рет келген Кипр Сыртқы істері министрі Қазақстанның даму қарқынына таңданысын жасырмады. Сондай-ақ елдеріміздің өзара іс-қимылы табысты дамып келе жатқанын айта келе, барлық салада екіжақты қатынасты нығайтудың, соның ішінде, инвестиция, сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларының әлеуеті зор екеніне назар аудартты.
Тараптар бұл кездесу елдер арасындағы өзара ықпалдастықты одан ары күшейтуге және тереңдетуге жол ашарына сенім білдірді.