Үкімет басшысы Асқар Мамин Қытайдың Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен келіссөздер жүргізді.
Кездесуде екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың, шекара маңы ынтымақтастығын, оның ішінде «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамыту арқылы да тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды.
«Нұрлы жол» экономикалық саясатын және «Белдеу және жол» стратегиясын ұштастыру аясындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Бұдан бұрын екі ел жалпы сомасы
27 млрд доллар тұратын 55 бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласқан еді. 2015 жылдан 2018 жыл аралығында соның жалпы құны 3,8 млрд болатын 12 жобасы пайдалануға берілді. Биыл 310 млн доллардың 5 жобасын іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде күн электр стансаларының, ГЭС, заманауи ет комбинаты кешенінің құрылысы бар. 5,5 млрд доллар инвестиция құйылатын 11 жоба жүзеге асырылу үстінде. 18,1 млрд доллар сомасындағы қалған жобалар бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, жобаларды іске асыру 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
А.Мамин қытай делегациясының XII Астана экономикалық форумына қатысуы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор қарқын беретінін айтты.
Келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы көлік-логистикалық біліктіліктер мен транзиттік дәліздерді, энергетиканы, өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы өзара іс-қимылды күшейтудің, әсіресе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың қажетін атап өтті.
– Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 11,1%-ға ұлғайып, 11,7 млрд доллар көрсеткішіне жетті. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық көлемі 2 млрд долларды құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12,1%-ға жоғары. Біз осындай оң қарқынның сақталуына мүдделіміз! – деді Асқар Мамин.
Премьер Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген Грузияның Үкімет басшысы Мамука Бахтадземен келіссөздер жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан ары қарқынды дамыту мәселелері талқыға салынды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысының қорытындылары қаралды. 2018 жылы Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы 34,6%-ға артып, 100 млн долларға жуықтаған.
Үкіметтер жетекшілері өзара сауда-саттықты одан ары арттырудың елеулі әлеуеті барлығын атап өтті. Елдердің экономикаларының құрылымы туризм, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, көлік, энергетика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тараптар экономиканың жекелеген салалары және нақты инвестициялық жобалар бойынша тауар айналымының көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қабылдауға ниет білдірді. Соның нәтижесінде, өзара сауда-саттық көлемін қысқа мерзімді кезеңде екі есе ұлғайтып, 300 млн долларға жеткізу көзделген. Транзиттік-көлік саласында, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағыттағы транзиттік тасымалдар 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін 13 еседен астамға артты. Биыл 120 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Грузияның премьер-министрі М.Бахтадзе Қазақстан мен Грузияның тарихи жақсы серіктестер екенін айта келе, ынтымақтастықты дамытуды тереңдетуге қызығушылығын білдірді.
Өз кезегінде Асқар Мамин бұл сапар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан ары дамытуға елеулі серпін беретінін айтты.
«Біздің ортақ міндетіміз – көлемдерді ұлғайтып, елдердің сауда саласындағы өзара іс-қимылына жаңа серпін беретін жобалар мен мүмкіндіктерді жүзеге асыру», – деді А.Мамин.
Үкіметтік келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.