Мысалы, санақ кезінде барлық қазақстандықтарға «Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе?» деген сұрақ қойылады. «Жоқ» десе, әңгіме әрі ұзамай, сонымен тынады. Ал егер «Иә» десе, сұрақтан сұрақ туады. Мәселен, «онда сіз мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданасыз ба?» деп нақтылай түседі.Бұған қоса, қазақшаны меңгеру деңгейі айқындалады. Қазақстан азаматтары қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша «1. ауызша түсінемін. 2. еркін оқимын. 3. еркін сөйлеймін. 4. еркін жазамын. 5. меңгермегенмін» деген жауаптың тұсына белгі соғып шығуы керек. Егер азамат тіл білмесе, санақшы оның тілді үйренуге қатысты жоспарын білуі тиіс. Біріншіден, қазақстандық қазақ тілін білуге құштар екенін танытып, «иә» деуі, немесе оған суық көзқарасын және отаншылдығының жоқ екенін паш етіп, «жоқ» деуі, болмаса ниетінен сыр тартып, «үйренудемін» деп жауап қатуы ықтимал. Санақ аясында көп тілде сөйлей алатын полиглоттар айқындалмақ. Осы орайда, «Сіз қай тілдерді меңгергенсіз?» деген сұрақтың жауабы 21-ге дейін арттырылды. Бұл – жауап нұсқасы ең көп сұрақ саналады: 1. Қазақ. 2. Орыс. 3. Өзбек. 4. Ұйғыр. 5. Украин. 6. Татар. 7. Неміс. 8. Әзербайжан. 9. Қырғыз. 10. Белорус. 11. Шешен. 12. Ағылшын. 13. Қытай. 14. Түрік. 15. Француз. 16. Корей. 17. Араб. 18. Испан. 19. Жапон. 20. Итальян. 21. Басқа. Қазақстандықтар осының ішінде 7-ге дейінгі жауап нұсқасын белгілей алады. Мазаққа айналдырмасын дегені ме, кім білсін, бірақ жетіден көп тіл тұсына таңба соғуға тыйым салынған. Бұл сұрақ әр отбасыдағы 5 жастағы және одан ересек барлық адамдарға қойылады. Тиісінше, әр адам үшін жеке санақ парағы толтырылады. Сөйтіп, 5-тен бастап барлық қазақстандықтардың тілді меңгеру жайы нақтыланады. Ел Үкіметі халық санағын өткізуге 2018 жылдан бері дайындалып жатыр. Содан бергі 2 жылда іс-шара жоспарын бекіту, пилоттық санақ өткізу, әдіснаманы әзірлеу және бекіту, санақ парағының бланкілерін даярлап, бекіту жұмысы қолға алынған екен. 2020 жыл – негізгі кезең. Әзірге пандемия бұл жоспарды өзгертпеді.
«Халық санағы биылғы қазан айының 1-нен 30-на дейінгі аралықта өтеді. Оның барысында еліміздегі және шет мемлекеттердегі Қазақстан азаматтары ғана емес, сонымен қатар республикадағы шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және елімізде 1 жылдан артық уақыт бойы тұрақты тұратын адамдар арасында сұрау салынады. Бұл жолғы санақтың ең басты жаңалығы – халыққа онлайн-сауалнама жүргізу. Яғни, әрқайсымыз өз бетімізше sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ парағын өзіміз толтыра аламыз. Қазіргі кезде онда тіркелу мен санақтан өту тестілік режимде жүруде. Биылғы 1 қазанда барлық тестілік жазбалар өшіріледі де, қазақстандықтарға қайтадан, енді шындап санақтан өтуге мүмкіндік беріледі», – дейді Статкомитет төрағасы Нұрболат Айдапкелов.Күздің екінші айында науқан бастау алады. Бір жағынан 1-15 қазан аралығында әлгі сайтта респонденттерге интернет-сауалнама жүргізіледі. Екінші жағынан 1-30 қазан аралығында санақшылар үйді-үйді аралап, планшетті пайдалану, не ол жоқ болса, қарапайым қағаз бланкіні толтыру арқылы халыққа сауал салады. Бұл ретте адамдар шамамен 80 түрлі сұраққа жауап бермек. Желтоқсан айында бақылаушылар әр елді мекендегі үйлердің он пайызын іріктеп алып, ондағы отбасылардың санаққа іліккен-ілікпегенін, санақшылардың өз ауданын қаншалықты дұрыс, адал қамтығанын тексеріп шығады. 2021-2022 жылдары жалпыұлттық санақтың түпкілікті қорытындылары шығарылады және жария етіледі.
Елдос СЕНБАЙ