Қазақ тілінің ахуалын санақ анықтайды

Қазақ тілінің ахуалын санақ анықтайды

Биылғы жалпыұлттық санақ Қазақстан халқының мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергенін нақты анықтап бермек. Осы мақсатта тиісті құжаттарға өзгеріс ен­гізілгелі отыр. «Қазақстан–2050» стратегиясында «2025 жылға қарай қа­зақ­стан­дықтардың 95% қазақ тілін білуге тиіс» деп жазылған. Халық санағы осы меженің қан­шалықты жақын қалғанын байқатып, алдын ала қорытынды жасауға ықпал етуі мүмкін. 10 жылда бір оралатын осы аса маңызды науқанға жауапты ме­­морган – Ұлттық экономика ми­­нистрлігі «2020 жылы Қа­зақ­­стан халқының ұлттық са­на­­ғын өткізуге арналған са­нақ па­­рақтарын бекіту тура­лы» Ста­тис­тика комитеті тө­ра­ғасының 2019 жылғы 7 қазандағы №11 бұй­рығына өзгеріс енгізетін жаңа бұй­рық жобасын жария етті. Оған сәйкес, бүкілхалықтық са­наққа арналған «Жеке» (ин­ди­­видуальный) санақ парағы жаңа­ша жазылады.

Мысалы, санақ кезінде бар­лық қазақстандықтарға «Сіз мем­лекеттік тілді меңгергенсіз бе?» де­ген сұрақ қойылады. «Жоқ» де­се, әңгіме әрі ұзамай, сонымен ты­нады. Ал егер «Иә» десе, сұрақ­тан сұрақ туады. Мәселен, «онда сіз мемлекеттік тілді күнделікті өмір­де қолданасыз ба?» деп нақ­тылай түседі.
Бұған қоса, қазақшаны мең­геру деңгейі айқындалады. Қа­зақстан азаматтары қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойын­ша «1. ауызша түсінемін. 2. ер­кін оқимын. 3. еркін сөй­лей­­мін. 4. еркін жаза­мын. 5. меңгер­ме­ген­мін» деген жауаптың тұсына белгі со­ғып шығуы керек. Егер азамат тіл білмесе, са­нақ­шы оның тілді үйренуге қатысты жос­парын білуі тиіс. Біріншіден, қа­зақстандық қазақ тілін білуге құш­тар екенін танытып, «иә» деуі, не­месе оған суық көзқарасын жә­не отаншылдығының жоқ еке­нін паш етіп, «жоқ» деуі, бол­­­­маса ниетінен сыр тартып, «үй­ренудемін» деп жауап қатуы ықтимал. Санақ аясында көп тілде сөй­лей алатын полиглоттар айқын­далмақ. Осы орайда, «Сіз қай тіл­дерді меңгергенсіз?» деген сұ­рақ­тың жауабы 21-ге дейін арт­тырылды. Бұл – жауап нұс­қа­сы ең көп сұрақ саналады: 1. Қазақ. 2. Орыс. 3. Өзбек. 4. Ұй­ғыр. 5. Ук­раин. 6. Татар. 7. Неміс. 8. Әзер­бай­жан. 9. Қырғыз. 10. Белорус. 11. Шешен. 12. Ағылшын. 13. Қы­тай. 14. Түрік. 15. Француз. 16. Корей. 17. Араб. 18. Испан. 19. Жапон. 20. Итальян. 21. Басқа. Қазақстандықтар осының ішінде 7-ге дейінгі жауап нұс­қа­сын белгілей алады. Мазаққа ай­налдырмасын дегені ме, кім біл­сін, бірақ жетіден көп тіл тұсына таң­ба соғуға тыйым салынған. Бұл сұрақ әр отбасыдағы 5 жас­тағы және одан ересек бар­лық адамдарға қойылады. Тиі­сінше, әр адам үшін жеке са­нақ парағы толтырылады. Сөй­тіп, 5-тен бастап барлық қа­зақ­стан­дықтардың тілді меңгеру жайы нақ­тыланады. Ел Үкіметі халық санағын өт­кізуге 2018 жылдан бері дайын­далып жатыр. Содан бергі 2 жылда іс-шара жоспарын бе­кіту, пилоттық санақ өткізу, әдіс­на­маны әзірлеу және бекіту, санақ па­рағының бланкілерін даярлап, бекіту жұмысы қолға алынған екен. 2020 жыл – негізгі кезең. Әзір­ге пандемия бұл жоспарды өз­герт­педі.
«Халық санағы биылғы қа­зан айының 1-нен 30-на дейін­гі аралықта өтеді. Оның ба­ры­сында еліміздегі және шет мем­лекеттердегі Қазақстан аза­мат­тары ғана емес, сонымен қа­тар республикадағы шетел аза­маттары, азаматтығы жоқ адам­дар және елімізде 1 жылдан ар­тық уақыт бойы тұрақты тұра­тын адамдар арасында сұрау са­­­лынады. Бұл жолғы санақтың ең басты жаңалығы – халыққа он­лайн-сауалнама жүргізу. Яғни, әрқайсымыз өз бетімізше sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ па­рағын өзіміз толтыра аламыз. Қа­зіргі кезде онда тіркелу мен са­нақтан өту тестілік режимде жүруде. Биылғы 1 қазанда барлық тестілік жазбалар өшіріледі де, қазақстандықтарға қайтадан, енді шындап санақтан өтуге мүм­кіндік беріледі», – дейді Стат­комитет төрағасы Нұрболат Ай­дапкелов.
Күздің екінші айында науқан бас­тау алады. Бір жағынан 1-15 қа­зан аралығында әлгі сайтта рес­понденттерге интернет-сауал­нама жүргізіледі. Екінші жа­ғы­нан 1-30 қазан аралығында са­нақшылар үйді-үйді аралап, планшетті пайдалану, не ол жоқ болса, қарапайым қағаз бланкіні толтыру арқылы халыққа сауал са­лады. Бұл ретте адамдар шама­мен 80 түрлі сұраққа жауап бер­мек. Желтоқсан айында бақылау­шы­лар әр елді мекендегі үйлердің он пайызын іріктеп алып, ондағы отбасылардың санаққа іліккен-ілікпегенін, санақшылардың өз ауданын қаншалықты дұрыс, адал қамтығанын тексеріп шығады. 2021-2022 жылдары жал­пыұлт­тық санақтың түпкілікті қо­рытындылары шығарылады жә­не жария етіледі.  

Елдос СЕНБАЙ