Қазіргі технологиялар дамыған заманда әскери дрондарды қарапайым құстардан не жәндіктерден айыру қиын болып барады. Соның дәлеліндей, биылғы жылдың басында өмірде шын болған оқиғаларға негізделген болливудтық «Ури: базаға шабуыл» (Uri: The Surgical Strike) әскери драмасы әлемдік прокатқа шықты. Онда лаңкестерді жоюда ұсқыны үкіден еш аумайтын, қанатын да дәп бір құстай табиғи қағатын дронның пайдаланылғаны суреттеледі.
Аталған болливудтық көркем фильм кинотеатрларда көрсетіле салысымен АҚШ пен Еуропада әлеуметтік желілерде дронға қатысты сұрақтар қардай жауды: «Фильмдегі Гаруда Үндістанда шынымен бар ма?» деп таң-тамаша болды Батыс жұртшылығы.
«Иә, бір жағынан адам сенбес технология болып көрінгенімен, бұл өмірде бар дрон және ол Үндістан әскерінде пайдаланылады. Оның нақты атауы – Robird Drone. Ол тек әскери мақсатта ғана емес, сонымен бірге әуежайларда және тіпті фермаларда өзге құстарды үркітіп, нысандарға жолатпау үшін де қолданылады», – дейді Techtobyte бас директоры Мукул Бедва.
Сан алуан мақсатқа қолданыла бастаған пилотсыз аппараттардың халықаралық қауымдастықты айран-асыр еткені жалғыз бұл емес. Былтырғы тамыз айының басында Венесуэла президенті Николас Мадуроға қатысты қастандық жасалды. Әрине, адамзат тарихында билеушілерге жасалған қастық оқиғалары аз кездеспейді. Бірақ бұл жағдай олардан күрт ерекшеленеді: алғаш рет мемлекет басшысын дрондар көмегімен өлтіруге талпыныс жасалған. Әрқайсысы бір келі С-4 жарылғышын көтере ұшқан олар ел алдында сөз сөйлеп тұрған Мадуроның жанына таяғанда жарылуға тиіс болған.
Бұл оқиға бойынша өз пікірлерін білдірген мамандар болашақта мұндай лаңкестік оқиғаларының саны тек көбейе беретінін мәлімдеді. Себебі пилотсыз ұшатын аппараттарды (ПҰА) кез келген ірі техника дүкенінде сатып алуға болады, ал одан қорғану жүйелері сонша тиімді емес: өткен ғасырдағыдай, тек мерген-снайперлер атып түсіреді.
[caption id="attachment_4071" align="alignnone" width="1000"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
2019 жылғы 21 маусымда Иран Парсы және Оман шығанақтарын біріктіретін Ормуз бұғазы төбесінде ұшып жүрген Американың «Жаһандық қаршыға» (RQ-4A Global Hawk) аталатын ұшқышсыз аппаратын атып құлатты. Бұл оқиға Вашингтон мен Теһран арасындағы онсыз да күрделі қатынастарды одан әрі шиеленістіріп жіберді. Тіпті АҚШ президент Дональд Трамп бұған шыдай алмай, Twitter-дегі өз парақшасында: «Иран өте үлкен қателікке жол берді!» деп ашуын білдірді. Өйткені біріншіден, АҚШ Үкіметінің есептілік басқармасының дерегінше, мұндай пилотсыз ұшақтың әрқайсысының құны 220 миллион доллардан асады. Екіншіден, ол өне-бойы аса қымбат заманауи озық технологиялармен жабдықталған.
Салыстыру үшін айталық, Ресей Сирияда сынақтан өткізген, әзірге орыс армиясына қабылданбаған, ең озық технологиялармен мұздай қаруланған бесінші буындағы Су-57 жойғыш ұшақтарының әрқайсысының құны 34,4 миллион долларға (2,236 миллиард рубль) бара-бар.
Осыдан келесі байлам туады: ұшқышсыз ұшатын ұшақтар қазірден-ақ ұшқышы бар ұшақтардан бірнеше есе қымбатқа бағалануда. Бұл жайт соғыс технологияларының қайда бет алғанынан хабар береді.
Ядролық қолшоқпарына сеніп, ПҰА саласында арттап қалған солтүстік көршінің көшбасшысы болашақ қорғаныс және барлау саласындағы пилотсыз технологияларда екенін түсініп, бармақ тістеп отыр.
«Болашақ соғыстары қарсыласушы тараптардың бірінің пилотсыз аппараттарының барлығын екінші жағы жойып жібергенде-ақ аяқталатын болады. Ары қарай ол елге тек тұтқынға берілу қалады. Біз ПҰА саласында лидер емеспіз. Ал бұл экономикада да, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде де аса маңызды сала!» – деп мәлімдеді Владимир Путин тікелей таратылған «Россия, устремленная в будущее» деген ашық сабақта.
Жалпы, 2018 жылғы маусымда америкалық TIME журналы дүниежүзінде «Дрондар дәуірі» туғанын көркем түрде жариялады: осының құрметіне 958 дрон ғажап оттай лапылдап, жарқ-жұрқ етіп, Калифорния аспанында жаһандық танымал басылымның мұқабасын сомдады. Пилотсыз аппараттар тек Сомали, Йемен, Пәкістан, Ауғанстан және басқа да қақтығыс ошақтарындағы әскери операцияларда ғана емес, сонымен қатар медициналық препараттарды тасымалдауда, пошта және басқа да жүктерді жеткізуде, ядролық реакторларға инспекция жасауда, күн тұтылғанда атмосфераны зерттеуге, цунамидің туындау қаупін анықтауда пайдаланылады. Жасыратыны жоқ, көрші Ресейдің әскерилері мен журналистері Украина жеріндегі, сондай-ақ Сириядағы соғыс кезінде дрондар қызметіне жаппай жүгінді. Ресейлік телеарналар майдан даласынан көрсеткен бейнежазбалардың біразы ПҰА-лар көмегімен түсіріліпті.
PricewaterhouseCoopers мәліметінше, пилотсыз ұшатын аппараттар қызметінің әлемдік нарығының көлемі 127 миллиард доллардан асқан.
Пилотсыз технологиялармен Қазақстан армиясы да қарулануда. 2017 жылы астанада өткен кең ауқымды әскери парадта Қорғаныс министрлігі тұңғыш рет отандық Қарулы күштер иелігіндегі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды жұртшылық назарына ұсынды. Бірақ олар Израильден алынған дрондар болатын. Былтырдан бастап, ПҰА-ларды өз елімізде шығару ісі жолға қойылуда.
[caption id="attachment_4074" align="alignnone" width="1240"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
Елордада ұйымдастырылған «KADEX-2018» халықаралық көрмесінде отандық әскери дрондардың прототиптерінің тұсауы кесілді. Оның бірін «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жобалап шыққан. Көп мақсаттағы К-310 аппараты квадракоптер секілді жерден тік көтеріле алады. 1,5 сағат бойы ұшып, 1,5 келіге дейін жүк алып жүре алатын ол инфрақызыл режимде, қараңғылықта бейнежазба, фототүсірілім жасауға қабілетті. Бұл өнім күш құрылымдарында барлау жасау, нысаналардың соңынан қадағалау секілді міндеттерді атқара алады.
Ұлттық әскеріміз үшін қажетті ПҰА-ларды басқа да әзірлеушілер жасауға кірісуде.
–Қазақстан армиясы пайдаланатын израилдік пилотсыз ұшатын аппараттардың әрқайсысы 1,5 миллион доллар тұрады. Одан әлдеқайда арзанға түсетін, сонымен бірге тиісті ақпаратты толымды жинап, live режімінде жеткізетін отандық барлау дрондарын дайындау үшін грант берілді. Біз жылына осында 200-300 аппарат шығара аламыз. Өзіміз әзірлеген ұшқышсыз аппараттың қанатының ұзындығы 2 метр, 15 келіге дейін жүк көтере алады. Оның прототипін KADEX көрмесінде ұсындық. Енді ұшақтың сынағын өткізіп, кемшін тұстарын анықтаудамыз, – дейді KazTechInnovations бас директоры Тайыр Балбаев.
Әйткенмен, компания байланыс және бейнемәліметтерді беру жүйелерін әзірлеуде қаржылық қиындықтар көруде екен. Яғни, жергілікті әзірлеушілер мемлекеттік қолдауға зәру.
Бүгінде бұл сала тиісті заңнамамен қамтамасыз етілген. Ұшақсыз аппараттар Азаматтық авиация комитетінде тіркеледі, ал олардың әрбір ұшырылымы құжатталады, ұшу уақыты мен «дәліздері» бекітіледі.
Алайда бұл өнімнің «жан-жүрегін» – автопилотын өзімізде өндірмей, бұл істе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын. Әйтпесе, шетелден автопилотты импорттаушылар жатжұрттық мамандар жазған алгоритмдерге бағынуға мәжбүр. Демек, шет мемлекеттің әзірлеушілері ол алгоритмдерді пайдалануды бұғаттап тастай алады.
Айта кету керек, қазақстандық пилотсыз ұшатын аппараттардың өндірісі Шымкентте, «РобоАвиа» бірлескен кәсіпорнында жолға қойылды. Компанияның бас директоры Николай Пажитнев ПҰА зауытының Шымкентте және Түркістан облысында ашылу себебін осы жақта ауа райының қолайлы болуына байланысты жылына 220 күн бойы аппараттарды тестілік ұшыруды орындау және оларды тау, құм, дала секілді әртүрлі жер бедерінде сынау мүмкіндігінің барлығымен түсіндіреді.
«Біз әзірлеген және сериялық өндіріске қойылған соңғы моделіміз – Sapsan-3000 шусыз қозғалтқышқа ие, ұшу жолағын қажет етпейді және қарапайым. 2 келіге дейін жүк алып, 200 шақырымға және 3 мың метр биіктікке дейін 40 градус суық пен 50 градус ыстықта 2,5-4 сағат бойы ұша алады. Әзірге өз өндірісіміздің шағын бөлігі ғана іске қосылған, егер сұраныс болса, жылына 200-300 дронға дейін шығара аламыз. Аппараттарымыздың баламалары жоқ, оларды толығымен өзіміз жасап шықтық. Біз құрастырушы цех немесе кейбіреулер ойлайтындай, ресейлік өндірушінің еншілес кәсіпорны емеспіз. Қазақстанның да төл ПҰА-ларын шығаратынына кейбіреулер сене алмай жүр, бірақ бұл – шындық», – дейді Н.Пажитнев.
Әйтсе де, бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталының үлкен бір бөлігі ресейлік азаматқа тиесілі. Оның үстіне Ресейден, шетелден келген бірқатар мамандар жұмыс істейді. Компания аға менеджері Александр Ли отандық бұл аппараттар автопилотының елімізде шығарылған отандық өнім екеніне сендіреді. Кәсіпорын әзірге қорғаныстық тапсырысты орындамайды, бірақ Қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті. «РобоАвиа» биылғы 6 тамызда Қырғызстанда, ҰҚШҰ елдерінің «Thunder-2019» есірткіге қарсы қызметтерінің халықаралық жаттығулары кезінде қазақстандық ПҰА-лардың әлеуетін паш етіпті.
Осы аптада, 12-13 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі өкілдері үшін отандық пилотсыз ұшатын аппараттардың демонстрациялық ұшулары өткізіледі деп жоспарлануда. Одан бұрын Шекара қызметі үшін әскери сынақтар жүргізілген.
Қалай болғанда, «Цифрлы Қазақстан» мембағдарламасы аясында тек Қарулы күштер мен шекара қызметі ғана емес, сондай-ақ басқа да меморгандар адами фактордан арылу мақсатында патрульдеу, аэрофототүсірілім, бейнебақылау және басқа жұмыстарда ұшқышсыз аппараттар қызметіне көбірек жүгінеді деп күтілуде.
Айхан ШӘРІП