Отбасылық дағдарыс
Америкалық ғалымдар жүргізген зерттеуге сенсек, қыз-келіншектердің қауіпсіз өмір сүруі бойынша еліміз 72 мемлекеттің ішінде ең соңғы орынға жайғасыпты. Сұмдық көрініс емес пе? Тіпті, әлеуметтік жағдайы төмен деген мемлекеттердің өзі рейтингте Қазақстанның алдында тұр. Қазақтың қорғансыз қыз-келіншектерінің тағдыры неге бұлайша тәлкекке түсті? Зорлық-зомбылық зардабын тартып отырған әйелдер мен балалар көп. БҰҰ мәліметіне қарасақ, 2019 жылы әлемде 50 мың әйел мен бала жақынының (күйеуі, ағайыны, туысы) қолынан қаза тапқан. Қиянатты жасайтын өзгеден бұрын өз жақыны. 2017 жылы 87 мың әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болыпты. Бұл қылмыс түрі Қазақстанда да азаяр емес. Бір жылда 400-ден астам әйел күйеуінің қолынан қаза табады екен. Зорлық-зомбылық себебі – адамның тәрбиесі мен мәдениетіне де байланысты. Оның үстіне, жалпы қоғамның құқықтық сауатсыздығы да аңғарылады. Халық ішінде қалыптасқан жаңсақ стереотиптер тағы бар. Оның бастысы – әйелдердің ерлерден бір саты төмен тұруы. Әйел күйеуімен ажырасуды абыройсыз көреді. Сол үшін де жұбайының ұрып-соққанына көндігеді. Ал Еуропа елдерінде «әйел мен бала құқығына қоғам бір кісідей жауапты» деген түсінік қалыптасқан. Әр кез әйелдер құқын сақтау – зорлық-зомбылықтан сақтанудың басты шарты.Өртенген тағдыр
11 сәуір күні Тасқала ауданы Ақтау кентінде жергілікті тұрғындар 30 жастағы Жадыра Жұмалиеваны қыздары 8 жасар Инабат және 6 жасар Айшамен бірге жерледі. 8 сәуір күні түнде олардың жанып кеткен денелері өртенген үйдің қирандылары астынан табылды. «Үйді өртеп жіберген» деген күдікпен полиция Жадыраның күйеуі және қыздардың әкесі Серік Қафизовты ұстады. Өрт сөндірушілер отты түнгі үштен кейін сөндірді. Үйдің алдында көрші-қолаң жиналып қалған. Бірнеше минуттан кейін жасақ жанып кеткен бала мен ересек адамның мәйітін тапты. Бұл Жадыра мен үлкен қызы Инабаттың денелері болатын. Кейін үшінші мәйітті келесі бөлмедегі қабырға мен пештің арасынан алып шыққан. Бұл – алты жастағы Айшаның денесі. Жантүршігерлік оқиға. Өз баласын тірідей өртеп жіберу – қандай қаныпезердің қолынан келеді? Жаны түршікпей, мұндай қылмысқа қалай барды екен? Иә, ақ-қарасын полиция ажырата жатар. Бірақ Жадыра мен өрімдей бүлдіршіндер өмірге қайта орала ма? Жазықсыз баланың обалы кімге? Тұрмыстық кикілжің десек те, мұндай әрекетті «ешбір сөзбен» ақтап алу мүмкін емес... Өткен жылы елордада күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйел ауруханада көз жұмды. Марқұмның артында алты бала қалды. Әйелдің денесінің 75%-ын термиялық күйік шалған. Трагедия өткен жылдың 6 қазанында болды. 43 жастағы ер адам әйеліне бензин шашып, өртеп жіберген. Полицейлер денесін күйік шалған әйелді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының аумағындағы аялдамадан тапты. Зардап шеккен тұрғын Түркістан облысынан көшіп келген екен. Осы оқиғадан кейін күдікті ретінде әйелдің күйеуі қамауға алынған еді. Осындай әйелін ұрып кетті, өртеп кетті, зорлап кетті дейтін әңгімелер өте көп. Тұрмыстық кикілжің салдарынан талай отбасының шаңырағы ортаға түсті. Талай отбасы ажырасып кетті. Талай отбасы қасірет қайғысын жамылды. Алайда әр күйзелістің соңы осындай қайғыға ұласа берсе, адам тағдырын, ана мен бала тағдырын, әйел құқын кім ойлайды? Адамзат баласы түрлі қиындықты бастан кешірген. Түрлі дерттен, соғыстан, ашаршылықтан, ауыртпалықтан көз жұмғандар көп. Ал бейбіт заманда өз отбасында жақынының қолынан қаза тапқандар ше? Олардың тағдырына кім алаңдайды?Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған
Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тиісті шараларды жүзеге асыруда. Карантин кезінде тұрмыстық кикілжің салдарынан болатын түрлі оқиғаға жол берілмеу үшін арнайы ІІМ арқылы нақты жұмыстарды қолға алды. Әр аймақта сенім телефондары орнатылып, дәріхана, подъезд, азық-түлік дүкендеріне арнайы плакаттар ілінген. Арнайы топ құрылып, отбасына көмек беруге әзір. Бір ғана мысал, Нұр-Сұлтан қаласында әкімдікпен бірлесе отырып құрылған жедел топтан тұратын 32 бөлімше бар. Олар кез келген уақытта жедел қызмет етуге дайын тұр. Әр баланың «бақытты балалық шақты» өткізуге құқы бар. Ол отбасынан, ата-анасынан зәбір көрмеуі тиіс. Сол себепті тұрмыстық кикілжіңдер туындаса, бала қиындық көрсе, әйел азап шексе, «жедел желіге» хабарласып, көмек алуына болады. Бұл – тұрмыстық қиындықтың алдын алу үшін жасалып отырған шаралар. P.S.«Отан – отбасынан басталады». Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп, бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызы қандай екенін көрсетіп берді. Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту барысында қыруар шаруа атқарылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаты нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша қаншама бағдарламалық құжат әзірленді. Ана мен бала зорлық көрмеуі тиіс. Бала құқығын аяқасты етпеуіміз керек. Әр баланың «бақытты болу үшін жаралғанын» ұмытпасақ болғаны.
Гүлзина БЕКТАС