Үйінің ауласына қарағай отырғызу үшін орманда 18 түп қарағайды қазып алып жатқан Ақмола облысының тұрғындары ұсталды.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қарағайды тамырымен қазып алған күдікті ағашты өзінің учаскесіне отырғызбақ болған.
«2020 жылғы сәуірдің 17-інде Ақкөл аудандық ПБ қызметкерлері мен Краснобор орман шаруашылығының жұмысшылары Степной орман шаруашылығы аумағында өсіп тұрған 18 түп қарағай ағашының қазып алынғандығын анықтаған. Күдікті ретінде Астрахань ауданының тұрғыны, бұрын сотты болған 50 жастағы ер адам ұсталды. Алдына ала мәліметтер бойынша келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгеден асады. Күдікті ағашты қазып жатқан жерінде ұсталды. Сондықтан, ағаштар қазылған жерінде қалды. Ер адам ПБ кезекшілік бөліміне жеткізілді» делінген полицияның мәлімдемесінде.