Қазақтың әдемі бір сөзі бар: «Асыл адам айнымас» деген, бұл тегінде адамдық қасиет-қалыбымыздың парасатты бағамы; мына өмірде өзінің сөзі мен ісі қатар қабысып, өмірлік өнегесі арқылы өз ұстанымынан ешқашан айнымайтын адамдар бар, сондай жандар кейде көктегі Темірқазық жұлдызындай өмірі бір орнынан табылады; соққан желдің, аққан селдің ыңғайымен кетпейді, солардың азаматтық болмысын танығанда, кісілік келбетін көргенде көңілің қарадай жүріп толады. Тап осы қалыптағы адам кім десе, еш ойланбастан Марат Тоқашбай деп айтар едім.
Қазақ журналистикасының қара нары Марат Тоқашбайдың өмір жолы елдің көз алдында. Марат Бәйділдаұлы 1949 жылы 18 мамырда Талғар қаласында дүниеге келген. 1969 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, 1982 жылдан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы «Заң газетінің» алғашқы бас редакторы болды. 1997 жылы Қазақ теледидарының жаңадан құрылған «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарды. «Қазақстан–1» телеарнасы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаждар жүргізді. 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қазақ теледидарының бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан–Заман» газетін басқарды. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы болған. Қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы.
1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1990 жылы Мәскеудегі Баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Публицистикалық мақалалардың, «Қазақстан–1» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түркі әлемі», «Истоки», «Сәлем, ХХІ ғасыр!», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал жобалардың авторы. Елбасының екі рет алғысхатын алған. «Астана» медалінің иегері.
Әріптес болған соң Марат ағамен ел ішіне және сырт елдерге талай бірге сапар жасадық. Сонда бір байқағаным – Марат аға мейлінше қарапайым, өзі де, сөзі де сергек; күнделікті өмір құбылыстарын қалт жібермей, жіті бақылайды; жасы алпыстан асқандар әлеуметтік желіні тұтына бермейді ғой, ал біздің Мәкең Фейсбукте өте белсенді, күн сайын көзқарасын ашық білдіріп отырады; «Осы пікіріме жоғары жақ қалай қарайды» деп жалтақтамайды, не айтса да, не жазса да уәжге, дерекке негіздеп жария етеді.
Мына жазбасына назар салыңызшы:
«Қоғам белсендісі болған жасырақ кезімде «Неге депутат болмайсыз? Депутаттыққа түссеңізші?!» деген тәрізді өтініш-сұрақтар жиі қойылатын. Қазақстандағы депутаттық маған өзіңді белгілі бір жақтауға (рамкаға) тығып қоюмен бірдей көрінетін де ешқашан депутат болуға тырысқан емеспін. Қайта маған депутат болғаннан гөрі айтарымды айтатын, жазарымды жазатын журналистік қызметімнің мүмкіндігі әлдеқайда кең көрінетін. Соған бүгінгі күні тағы да көз жеткізгендеймін. Күні кеше ғана, 20 наурызда сайланған Парламент Мәжілісінің депуттарының көбі Жер кодексіне қатысты қарсылық білдіріп, азамат ретінде, ұлт өкілі ретінде өз пікірін айта алмады. Халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соғудан қашты. «Өлгенде әрең жеткен» креслоларын қимады. Тіпті лағып кеткендері болды. Масқара мырқымбайлық!».
Ешкімнен, ештеңеден қаймықпайтын адамның ашық әңгімесі.
Қай жылы Қызылорда қаласында қазақтың қабырғалы қаламгері, көркемсөздің хас шебері Дүкенбай Досжан ағамызды еске алу кеші мен арнаулы асына Алматыдан бір топ жазушы, БАҚ жетекшілері барып қайттық. Ғұмырында 11 роман, жүздеген әңгіме-хикаяттар жазған Дүкенбай аға шығармалары жиырма шақты тілге аударылып, 8 миллион таралыммен жарық көрген. Қызылорда қаласының бүгінгі келбетіне Мәкең қатты риза болды. «Жаңарған, жайнаған шаһар сән-сәулетімен, қаламгер азаматтарына деген құрметімен
40 градустық аптапты да сездірмей жіберді. Халқымыздың қалтқысыз көңілін көрем десеңіз Қызылордаға тартыңыз. Соңғы бір он жылдай Қызылордаға барудың сәті түспей жүр еді. Қаланың бүгінгі өзгерістері таң-тамаша қалдырды. Алматы мен Астана бүгінде шалақазақтардың қаласы болса, ал Қызылорда таза қазақтардың қаласына айналыпты! Бәрекелді! Ел игілігіне, аруақ құрметіне еңбек еткен жігіттерге мың алғыс! – деген еді ағынан жарылып.
Марат Бәйділдаұлы дін исламның атын жамылып, түрлі ағымның жетегінде жүргендерге ашық майдан жариялаудан да қаймықпайды. «Хизб ут Тахир» исламдық ұйымы мүшелерінің Қазақстанда үнпарақшаларын таратып жүргенін білген Марат Тоқашбай саяси мақсатты көздеген бұл үнпарақшаларда, ең алдымен, Өзбекстанда «сайтан жолындағы үкіметті» құлатып онда және оған көрші елдерде бұртұтас Ислам халифатын құру идеясы насихатталғанын айтып, «Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында үнпарақшалар таратып жүрген жерінен ұсталған «шатақ» ұйымның эмиссарлары негізінен Өзбекстандағы құрылысты күштеп құлатуды көздейтінін айтады. Ал Қазақстан мен Қырғызстаннан олар, ең алдымен, қолдау күтеді. «Қазақстан мұсылмандары бізді қолдап кетсе, Өзбекстан ислам жұмхриятын құрсақ, одан кейін Қазақстан мен Қырғызстанға ауыз салып Орта Азияны ислам халифатына айналдырсақ» – олардың ішкі есебі осыған саяды. Тым құрыса аймақта тұрақсыздық туғызсақ дейтін есекдәмесі де жоқ емес» дейді.
Мәкең мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры. Күн сайынғы тірлікте мемлекеттік тіліміздің пұшайман халге түсіп қалатын жағдайын бәріміз де көріп жүрміз. Сондайда көбіміз «пәледен машайық қашыпты» дегендей, көріп тұрсақ та көрмеген, біліп тұрсақ та білмеген бола қаламыз. Ал біздің Мәкең қайтеді? Мұны әлеуметтік желідегі парақшасын бір сүзіп өтсеңіз, өзіңіз де көресіз.
«Өткенде Алматыдағы «Магнум» деген үлкен супермаркетке кіріп қалғаным бар. Сыр, колбаса бөлімінен бір өнімнің халалдығы туралы сатушыға қазақша сұрақ қойып едім, «Я не понимаю» дейді. Сұрағымды жай дауыспен қайталап тағы қойдым.
– Я же сказала, что ваш язык не знаю!
– Девішке, я на своей стране, на своей земле живу, и на своем, тем более на государственном языке говорю и пою. Вы не знаете мой язык?! Знашіт, вам чужая моя земля, чужая моя страна?!.
– Нет, не чужая. Я родилась здесь в Казахстане! Живу здесь!
– Если вам не чужая моя земля, не чужая моя страна, если хотите чтобы я поверил в это, тогда спойте, божалыста, гимн Казахстана! Если споете один куплет с припевом, я поверю в ваши слова и дам вам от своей пенсии 1 000 тенге, если споете полностью я дам Вам 5 000 тенге и всю жизнь буду считать вас родным!
– ?!.
Сатушы аузын ашып қалды. Мектепте Қазақстан әнұранын үйренбепті. Зейнетақым қалтамда қалды. Енді шаптыққан бәлені орнына қою керек қой:
–Дебішке, как то ученый Карл Маркс сказал: «Не знать языка страны проживания мөжіт: гость, идиот или оккупант». Вас отнести к идоту или оккупанту я не могу. Знашіт, вы – гость! Вы – гастарбайтер! И ведите себя соответственно, как пологается гостью!
– Я не гость, не гастарбайтер! Я… Я…
Сөйтіп «шақырылмаған қонақтың» аузына құм құйылды!».
Марат Тоқашбай тіл мәселесіне келгенде өте табанды. Ұстанымынан ешқашан бас тартқан емес. Тәуелсіз ел болғалы ширек ғасырдай өмірді артқа тастасақ та, мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміз қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік орыс тілінің көлеңкесінде қалып отыр. Оның себебін Марат Тоқашбай былай түсіндіреді: «Қазақстанда қазақ тілі мен орыс тілінің қолданылуы аттылы мен жаяудың жарысы тәрізді. Өйткені Заң бойынша қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі – тұлпарды бөтен тілден алып, өзінің заңды иесі – қазақ тіліне мінгізгенімен, ал іс жүзінде қазақтардың «ат сенікі» дегенге мәз болып, өзі әлі жаяу салпақтап жүргенін елестетеді».
Бір сөзбен айтқанда, Марат Тоқашбай – мезгіл мінберінде ұлтын барынша сүйген, халық болмысын терең білген, жетпіске келсе де жас жігіттей ұлт мұраты жолында жүрген, асыл да айнымас азамат!
Бірде ел азаматтары Ашық хат жазып, ұсыныстарын жариялады. Арасында Марат ағамыз да бар. Кездесе қалсақ, елдің жайы әңгіме болады. Сонда Марат аға «Көк туымызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жеткізген Тұңғыш Президентіміз – Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір ұлттық міндет, ұлт аманаты тұр! Ол ұлттың арманын орындау – мемлекеттік тіл мәртебесін әперу! Ұлт көшбасшысы ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп санағанда ел де өзін елміз деп санайды! Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі Тәуелсіздігін енді алатын кезі жетті! Өйткені 28 жыл бойы қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген аты болса да, Конституцияның орыс тілі туралы 7-бабының 2-тармағына тәуелді болып келді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген Елбасыға өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы ассамблеясы мен Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек! 2015 жылы Елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі мәңгілік дауға айналмай, мәңгілік елдің мәңгілік тілі болуы үшін, бұл ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді! Өйткені Кеңес Одағының құрамынан шықпаған бодан кезімізде, қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайызын құраған 1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң талабынан 28 жылдан соң, бостан кезіміздің 26 жылында, 70-75 пайыз кезімізде шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!! Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бастауын, Қазақтың ояна бастауына – ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық! Жоғарыда көтерілген мәселелерді саралай келе біз, Қазақстанның қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері осы Ашық хатымыз арқылы Конституциялық реформаға байланысты Президент Әкімшілігі жанындағы комиссияға ұсынысымызды мәлімдейміз: – ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты 2-ші тармағы алынып тасталсын!», – деген ұсыныс жасадық деп батыл әрекет себебін баяндаған болатын.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Түркияға бірге бардық. Марат ағаның білімі мен білігі зор екеніне сонда тағы бір куә болғанымыз бар. Әйгілі «Сүлеймен сұлтан» фильмі туралы үлкен әңгіме болып кетті. Сонда түріктердің өзі Марат Тоқашбайдың білгірлігіне қатты таңғалды. Фильм продюссері Тимур Саджи түсіру тобының алдына тарихи оқиғаларды қаз қалпында беру мақсаты қойылмағанын айтқан екен. «Бұл көркем туынды, сондықтан авторлар өз қиялына қарай түрлі персонаждар мен жағдайларды қосуы айып емес» дейді ол. Фильм авторлары «Ғажайып Сүлеймен» сериалы арқылы Османлы империясын еуропалықтар ойлайтындай артта қалған, жартылай жабайы ел емес, кезінде аса қуатты толыққанды империя болғандығын дәлелдеуді мақсат еткен тәрізді. Падишаһтың әділдігі, ақыл-парасаты, қолбасшылық қабілеті, махаббаты мен жүрек тебіренісі арқылы еуропалық көрермен бойында Османлы империясына құрмет сезімін оятады. Бүгінде әлемнің 70 елінде көрсетіліп жатқан сериал іс жүзінде көптеген тарихи шындықтарды бұрмалайды. Сүлеймен заманындағы өмір тіршілікті тым еуропаландырып жіберген. Ол кезде әйелдердің, әсіресе, гаремдегілердің тіпті ашық-шашық жүруі мүлдем жат нәрсе. Жалаң бас жүру аса ұят саналған. Шариғат жолын ұстанатын елде әйелдердің әлгіндей еркіндіктеріне жол берілмейтін. Ол кез түгілі қазірдің өзінде иманды, арлы әйелдер ондай қадамға бармайды. «Ғажайып ғасырда» тұрмыстық тұрғыдан да орын алған көптеген ағаттықтар бүге-шігесіне дейін сыналып жатыр. ХVІ ғасырда падишаһ жалғыз тамақтанады екен, фильмде еуропалық мәнер басым, кейіпкерлердің киімдері мен жиһаздары да сол тарихи кезеңге сәйкес келмейді. Түркияда бұл сериал көрсетіліп жатқан кезде наразы болған көрермендер бірнеше рет көшеге шығып демонстрациялар өткізген. Өйткені олардың айтуынша сериал авторлары Сүлеймен сұлтан образын қатты бұрмалаған. Империяны кеңейтіп, гүлдендірген жауынгер падишаһ мұнда қызба тиран, ешкімді аямайтын қанішер, араққұмар әрі қатынқұмар етіп көрсеткен. Бұл шындыққа үйлеспейтін нәрсе екені анық, – деп Марат ағамыз көптеген түйткілді тұстарды жіпке тізіп бергендей етіп, талдап берген.
Марат Бәйділдаұлы бірде «Латын әліпбиіне көшуді 2025 жылға дейін күтіп отырудың керегі жоқ. Бұрын шыққан кітаптың барлығын электронды нұсқаға түсіру арқылы компьютердегі бір нүктені баса салып, соның барлығын кирилл әліппесінен латын әліпбиіне ауыстырып алуға болады. Мұның ешқандай да қиындығы жоқ. Әрі бұны 2025 жылға дейін күтіп отырмай, мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыра берілуін қалаймыз», – деді.
Қытайда себепсіз сотталған қандастарымыздың жанайқайына да Марат Тоқашбай бейжай қарай алмайды. Бұған дейін Қытайдағы қандастарымыз екі елдің өзара достық қарым-қатынасы негізінде Қазақстанға еш кедергісіз, заңды түрде емін-еркін келіп-кетіп тұрған еді, олардың біразы қоныс аударып та үлгерді. Қытайдың ШҰАР, негізінен Қазақтар тұратын аймағында, тұрғындардың, ең алдымен, шетелге шығатын төлқұжаттарын жаппай жинап, олардың Қазақстанға шығуына тыйым салған. Бұрын Қазақстанға туысқаншылап немесе саяхаттап барған кез келген қазақты тергеуге алып, оларды «саяси үйрену» дейтін үйрету орталықтарына апталап, айлап жіберіп отырған. Ал сол «тәрбиелеу орталықтарында» өз мүддесін қорғап, қарсылық көрсеткендерді түрлі жаламен бірнеше жылға еш себебсіз, олардың туыстарына ескертпестен, жабық түрде соттап жатыр. Қазақстанда оқып жатқан жастарды қайта шақырып, оларды Қазақстанда оқуына тыйым салды, егер олар бармаған жағдайда Қытайдағы ата-анасы мен туыстарына қысым жасаған. Ал олардың мәйітін туыстарына ашқызбай, жудырмай арнаулы жасақпен көміп болғанша бақылап тұрған. Тіптен, қазақтардың салт-дастүрлері мен әдет-ғұрыптарына ашық шектеу қойып, олардың бір-біріне амандасуына, бір-бірін ауызашар, наурыз тәрізді мерекеге шақыруға тыйым салып отыр.
Марат Тоқашбай бастаған ұлт зиялылары Қазақстанның құзырлы органдарына, осы Қытайдағы қандастарымызды халықаралық және екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар негізінде оларды қорғау туралы арыз жолдады, егер оданда нәтиже шықпаса одан ары БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдарға да жеткізуді мақсат етті. Мұндай азаматтық ұстаным иесіне қалайша құрмет білдірмейсіз?
Жер мәселесінде де Марат Тоқашбай қатаң ұстанымда. Осы мәселе туралы да жұрттан бұрын жазып, елдің пікірін білдірді: «Егер мен депутат болсам, Жер кодексінің 4 нормасына қатысты Президенттің бүгінгі мораторийінен кейін ең болмаса ар-ұятымның алдында өзімді ақтау үшін өз еркіммен депуттаттық мандатымды тапсырып үйіме қайта берер едім. Бірақ біздің мырқымбайлардың қолынан ол да келмейді-ау. Енді замандастарының бетіне, бала-шағасының бетіне қайтіп қарайды?!» – деп, «халық қалаулыларының» терісін тірідей сыпырып, сойып салды.
Комсомолды аңсағандардың жиылысын қоғам тәуелсіздікке атылған оқтай қабылдағаны рас. Алматыда комсомолдың 100 жылдығын дүрілдетіп өткізуді, «Біз лениндік комсомолдың жасампаз дәстүрін сақтап жүрміз, әлі де жалғастыра беретін боламыз. Біздер комсомолдар ісін, оның революциялық, жауынгерлік және еңбектегі тарихын ешқашан ұмытқан жоқпыз» деп Мәскеудің Съездер сарайында өтетін Комсомолға 100 жыл съезіне құттықтау жіберіп, кеуделеріне Ленин бейнеленген қызыл медаль тағып қуанғанын көрген Марат Тоқашбай «Комсомол – партияның қолшоқпары болды. Қазақ жеріндегі ашаршылық, саяси қуғын-сүргінге, қудалауға көз жұмды. Халықты бірге талады, бірге қанады. Қан төгетін, жан беретін жерге «комсомолсың» деп оққа байлады. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарына қысым жасаудың өзіндік машинасына айналды. Қазіргі тілмен айтқанда, «топ менеджерлері» болмаса қарапайым қатардағы комсомолдар еш жақсылық көрген жоқ. Сондықтан комсомолдың 100 жылдығы қазақ xалқының мерекесі емес» деген мәлімдеме жасады.
Бір сөзбен айтқанда, Марат Тоқашбай – мезгіл мінберінде ұлтын барынша сүйген, халық болмысын терең білген, жетпіске келсе де жас жігіттей ұлт мұраты жолында жүрген, асыл да айнымас азамат!