Өмір дастаны
Өмір дастаны
698
оқылды

Жақсы кітап – жан азығы. Рас сөз. Іздегеніңді, білгің келгенін, кейде тіпті сырласыңды да кітаптан табасың. Рухани дүниеңді байытып, ойыңа ой қосатын да, жан-жүрегіңді тебірентетін де осы кітап. Жақында қолымызға тиген Кенжетай Батырбекқызының «Дәуір дәрісі» кітабы оқырманға ой салып, жол сілтейтін ойлы кітап қатарында екен. Оқыдық, пікір білдіруді парыз санадық.

Кітаптың алғысөзін мемлекет және қо­ғам қайраткері, техника ғылым­дары­ның докторы, ҚР Инженерлік акаде­мия­сының Президенті Бақытжан Жұмағұлов жазыпты. «Есейіп кетсе де» өзін «сәби» сезінетін ұлдың анасына деген сағынышы төгіліп тұрған алғысөз ана рухымен сыр­ласқан эссе-толғаныс деп айтуға лайық. Перзенттік парыз, азаматтық борыш, ана­ның ақ сүтін ақтау деген қасиетті ұғым­дардың терең астарын тебірене жет­кізе алған ой-толғам шынайы, тартымды. «Ра­сында, өмірде жаныңа анадай ешкім жа­қын бола алмайды екен. Кімге болса да, тірліктің бір күні тоқтайтыны – ақи­қат. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр­дың бұралаң жолында күннің нұр-шуағы сияқты туған ананың мейірім-шапағаты сәт сайын керек екен адамға» деген жол­дар кімге болса ой салады.

Өмірдің зейнетінен гөрі бейнетін көп көр­ген ардақты анасы туралы «Аумалы-төк­пелі өмірдің мәнін түсініп өсті. Сон­дай ауыртпалықты көп көргендіктен бе, әйтеуір анам өте сабырлы еді. Тау қоз­ғал­са да қозғалмайтын» деп еске алады. Өне­гелі отаудың өрісі кең болатынын сө­зі­мен емес, өмір тәжірибесімен дәлел­де­ген ананың ақ пейілін сезініп, қадірлеп өскен ұлының есінде аманаттай қалып қой­ған ұлағатты сөздер оның өмірлік ұста­нымына айналғандай. «Балам, әрбір істеген ісіңді осылай айтатын болсаң, істеме! Ал істеген екенсің, ендеше айтпа! Оның сауабы жойылады» деген ана ақылы өмірлік сабақ болғанын айтады. Бүгінде қазақ зиялыларының арасынан ойып тұрып орын алған Бақытжан Тұрсынұлының асқақ абыройы мен биік мәртебесінің бастау бұлағы да ананың аялы алақанында жатса керек.

«Анамыз «балалар кітап оқуы керек» деген қағиданы ұстанып, жүзеге асырды. Сонымен қатар талант пен талаптың тек еңбек арқылы келетінін санамызға сіңірді. Соның әсерінен балалық шақта, жасөспірім кезде барлық білімді кітаптан алдық»,– дейді алғысөздің авторы. Ардақты ананың даналығы да осында.

Естеліктің тағы бір жүрек тебірен­терлік тұсы – ана мен бала арасындағы әдемі әзілдер. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де осыған саяды. Өткен­нің еншісінде қалып, естелікке айналған сол сәттерді баласы бүге-шүгесіне дейін жадында сақтап, сағына еске алады.

Бірнеше бөлімнен тұратын кітапта Кенжетай Батырбекқызының өмір, қо­ғам, заман, адам туралы ой-толғаныстары берілген екен. Ал бір бөлігін ардақты ана туралы естеліктер алыпты. Адам үшін Жаратқанның берген өмірін өнегелі сүре білу де ақыл мен парасатқа байланысты болса керек. Осы тұрғыдан қарар болсақ Кенжетай Батырбекқызының өмірі көпке үлгі, өнеге екеніне кітапты оқи оты­рып көз жеткіздік. Тағылымды тұлға­ның әр ойы өмір сабағы іспетті.

Өткенсіз бүгін жоқ. «Тарих­пен, ха­лықтың жадындағы шындықпен ұрпақ­тың көзін ашып, көкірегіне сәуле құйсақ қана азаматтық парызымызды өтейміз» деп білген Кенжетай Батырбекқызының, расында да, өз халқының темір құрсаулы, тар шеңберлі жүйеде өткен шерлі ше­жіреден хабары мол. Ғұмырының көп бө­лігі кеңестік дәуірге тура келген Кен­жетай Батырбекқызы ұлт тағдырына да бей-жай қарамайды. Ана тілін ардақтай білуді парыз, мемлекеттік тілдің мәрте­бесін көтеруді азаматтық міндет санайды.

«Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,

Көп наданнан түңілдім, –

деп хакім Абай айтпақшы, бірақ оның салмағын әлі жете сезіне алмай келеміз, оған селт етер жан аз. Мұндай ұлттық құндылықтардың жүзеге асуына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білуіміз қажет» дейді. Ана тілдің салтанат құратын мезгілі жеткенін айтады. Ұлт қамын ойлар жанның ең бірінші мәселесі тіл болары сөзсіз. Себебі, автордың сөзімен айтар болсақ, «Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі».

«Жетісуым – жеті құтым, ырысым», «Жетісу – жерұйығым», «Қапалым – ал­тын бесігім» сынды мақалалары Кенже­тай Батырбекқызының туған жерге деген кіршіксіз көңілі мен шексіз сүйіспен­шілігін байқатады. «Адам баласы дүниеге шыр етіп келген күннен бастап, кіндік қаны тамған жерге деген ыстық махаб­баты оянады. Сол сәттен оған туған жер­дің әрбір тау-тасы, тал-дарағы, көл-суы, бел-белестері қымбат қазынаға айналып, елден қырық қадам ұзасаң, сап-сары са­ғынышқа айналады» деп толассыз са­ғынышын білдіреді. Сөйтеді де, ел тари­хын әлімсақтан қозғайды. «Ағашы тұнған жеміс, шаруаға жақсы қоныс» Жетісудың сайына дейін егжей-тегжейлі баяндайды.

 «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де осыған саяды. Өткен­нің еншісінде қалып, естелікке айналған сол сәттерді баласы бүге-шүгесіне дейін жадында сақтап, сағына еске алады.

Дәстүрге бай халқының ұмыт қалып бара жатқан салтын жиі айтады. «Заман өзгергенмен, ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, яғни ұлттық құндылықтар­дың бәрі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өз жалғасын табуы тиіс» деп түйіндейді.

Еліміздің басынан өткерген нәубат жылдарын адам тағдырымен астастыра ұлттық құндылықтарымызды дәріптей су­реттеу автордың қаламгерлік қолтаң­басы болса керек. Дархан дала, бай салт-дәстүр, ұлттық әдет-ғұрып деп жалғаса беретін байлықтың иесі де киесі – кейінгі ұрпақты еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін жан аямай жұмыс істеуге, халыққа қызмет етуге шақырады. Замана мен ха­лық, халық пен қоғам – осылардың ара­сынан жақсы ой, бала-шағамызға бағ­даршам болатындай түйін мен тұжырым жасап, жеке пайымдауының филосо­фияға құрылуы – К.Батырбекқызының өмірлік тәжірибесінің нәтижесі.

Қорыта айтқанда, «Өмірдің шаңқай түсі – орта жаста көрген-білгенімізді, өткен шағымызды таразыға салып, елеп-ек­шеп, ой елегінен өткізіп, соның тәлім-тәрбиелік тұстарын ұрпағымызға жет­кізгіміз келеді» деген ана арманы оқыр­манға ой салар өмір дастаны сияқты. Бүкіл саналы ғұмырын кітапханаға ар­наған ананың қай жазбасында бол­масын сөзі айшықты, ойы орамды. Біреу келіп, біреу кетіп, биіктік пен тереңдік толқын сайын алмасып тұрған уақыт көшінде Кенжетай Батырбекқызының кітапқа жинақталған ойлары келер ұрпақ үшін құнды, айтары мол, асыл сөз дер едік.

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты