Жақсы кітап – жан азығы. Рас сөз. Іздегеніңді, білгің келгенін, кейде тіпті сырласыңды да кітаптан табасың. Рухани дүниеңді байытып, ойыңа ой қосатын да, жан-жүрегіңді тебірентетін де осы кітап. Жақында қолымызға тиген Кенжетай Батырбекқызының «Дәуір дәрісі» кітабы оқырманға ой салып, жол сілтейтін ойлы кітап қатарында екен. Оқыдық, пікір білдіруді парыз санадық.
Кітаптың алғысөзін мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, ҚР Инженерлік академиясының Президенті Бақытжан Жұмағұлов жазыпты. «Есейіп кетсе де» өзін «сәби» сезінетін ұлдың анасына деген сағынышы төгіліп тұрған алғысөз ана рухымен сырласқан эссе-толғаныс деп айтуға лайық. Перзенттік парыз, азаматтық борыш, ананың ақ сүтін ақтау деген қасиетті ұғымдардың терең астарын тебірене жеткізе алған ой-толғам шынайы, тартымды. «Расында, өмірде жаныңа анадай ешкім жақын бола алмайды екен. Кімге болса да, тірліктің бір күні тоқтайтыны – ақиқат. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың бұралаң жолында күннің нұр-шуағы сияқты туған ананың мейірім-шапағаты сәт сайын керек екен адамға» деген жолдар кімге болса ой салады.
Өмірдің зейнетінен гөрі бейнетін көп көрген ардақты анасы туралы «Аумалы-төкпелі өмірдің мәнін түсініп өсті. Сондай ауыртпалықты көп көргендіктен бе, әйтеуір анам өте сабырлы еді. Тау қозғалса да қозғалмайтын» деп еске алады. Өнегелі отаудың өрісі кең болатынын сөзімен емес, өмір тәжірибесімен дәлелдеген ананың ақ пейілін сезініп, қадірлеп өскен ұлының есінде аманаттай қалып қойған ұлағатты сөздер оның өмірлік ұстанымына айналғандай. «Балам, әрбір істеген ісіңді осылай айтатын болсаң, істеме! Ал істеген екенсің, ендеше айтпа! Оның сауабы жойылады» деген ана ақылы өмірлік сабақ болғанын айтады. Бүгінде қазақ зиялыларының арасынан ойып тұрып орын алған Бақытжан Тұрсынұлының асқақ абыройы мен биік мәртебесінің бастау бұлағы да ананың аялы алақанында жатса керек.
«Анамыз «балалар кітап оқуы керек» деген қағиданы ұстанып, жүзеге асырды. Сонымен қатар талант пен талаптың тек еңбек арқылы келетінін санамызға сіңірді. Соның әсерінен балалық шақта, жасөспірім кезде барлық білімді кітаптан алдық»,– дейді алғысөздің авторы. Ардақты ананың даналығы да осында.
Естеліктің тағы бір жүрек тебірентерлік тұсы – ана мен бала арасындағы әдемі әзілдер. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де осыған саяды. Өткеннің еншісінде қалып, естелікке айналған сол сәттерді баласы бүге-шүгесіне дейін жадында сақтап, сағына еске алады.
Бірнеше бөлімнен тұратын кітапта Кенжетай Батырбекқызының өмір, қоғам, заман, адам туралы ой-толғаныстары берілген екен. Ал бір бөлігін ардақты ана туралы естеліктер алыпты. Адам үшін Жаратқанның берген өмірін өнегелі сүре білу де ақыл мен парасатқа байланысты болса керек. Осы тұрғыдан қарар болсақ Кенжетай Батырбекқызының өмірі көпке үлгі, өнеге екеніне кітапты оқи отырып көз жеткіздік. Тағылымды тұлғаның әр ойы өмір сабағы іспетті.
Өткенсіз бүгін жоқ. «Тарихпен, халықтың жадындағы шындықпен ұрпақтың көзін ашып, көкірегіне сәуле құйсақ қана азаматтық парызымызды өтейміз» деп білген Кенжетай Батырбекқызының, расында да, өз халқының темір құрсаулы, тар шеңберлі жүйеде өткен шерлі шежіреден хабары мол. Ғұмырының көп бөлігі кеңестік дәуірге тура келген Кенжетай Батырбекқызы ұлт тағдырына да бей-жай қарамайды. Ана тілін ардақтай білуді парыз, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді азаматтық міндет санайды.
«Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім, –
деп хакім Абай айтпақшы, бірақ оның салмағын әлі жете сезіне алмай келеміз, оған селт етер жан аз. Мұндай ұлттық құндылықтардың жүзеге асуына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білуіміз қажет» дейді. Ана тілдің салтанат құратын мезгілі жеткенін айтады. Ұлт қамын ойлар жанның ең бірінші мәселесі тіл болары сөзсіз. Себебі, автордың сөзімен айтар болсақ, «Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі».
«Жетісуым – жеті құтым, ырысым», «Жетісу – жерұйығым», «Қапалым – алтын бесігім» сынды мақалалары Кенжетай Батырбекқызының туған жерге деген кіршіксіз көңілі мен шексіз сүйіспеншілігін байқатады. «Адам баласы дүниеге шыр етіп келген күннен бастап, кіндік қаны тамған жерге деген ыстық махаббаты оянады. Сол сәттен оған туған жердің әрбір тау-тасы, тал-дарағы, көл-суы, бел-белестері қымбат қазынаға айналып, елден қырық қадам ұзасаң, сап-сары сағынышқа айналады» деп толассыз сағынышын білдіреді. Сөйтеді де, ел тарихын әлімсақтан қозғайды. «Ағашы тұнған жеміс, шаруаға жақсы қоныс» Жетісудың сайына дейін егжей-тегжейлі баяндайды.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де осыған саяды. Өткеннің еншісінде қалып, естелікке айналған сол сәттерді баласы бүге-шүгесіне дейін жадында сақтап, сағына еске алады.
Дәстүрге бай халқының ұмыт қалып бара жатқан салтын жиі айтады. «Заман өзгергенмен, ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, яғни ұлттық құндылықтардың бәрі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өз жалғасын табуы тиіс» деп түйіндейді.
Еліміздің басынан өткерген нәубат жылдарын адам тағдырымен астастыра ұлттық құндылықтарымызды дәріптей суреттеу автордың қаламгерлік қолтаңбасы болса керек. Дархан дала, бай салт-дәстүр, ұлттық әдет-ғұрып деп жалғаса беретін байлықтың иесі де киесі – кейінгі ұрпақты еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін жан аямай жұмыс істеуге, халыққа қызмет етуге шақырады. Замана мен халық, халық пен қоғам – осылардың арасынан жақсы ой, бала-шағамызға бағдаршам болатындай түйін мен тұжырым жасап, жеке пайымдауының философияға құрылуы – К.Батырбекқызының өмірлік тәжірибесінің нәтижесі.
Қорыта айтқанда, «Өмірдің шаңқай түсі – орта жаста көрген-білгенімізді, өткен шағымызды таразыға салып, елеп-екшеп, ой елегінен өткізіп, соның тәлім-тәрбиелік тұстарын ұрпағымызға жеткізгіміз келеді» деген ана арманы оқырманға ой салар өмір дастаны сияқты. Бүкіл саналы ғұмырын кітапханаға арнаған ананың қай жазбасында болмасын сөзі айшықты, ойы орамды. Біреу келіп, біреу кетіп, биіктік пен тереңдік толқын сайын алмасып тұрған уақыт көшінде Кенжетай Батырбекқызының кітапқа жинақталған ойлары келер ұрпақ үшін құнды, айтары мол, асыл сөз дер едік.
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты