Алматы қаласында белсенді Әлнұр Ілияшев «Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты» деген күдікпен тұтқындалды. Оған дейін де «Төтенше жағдай режимін бұзды» деген айыппен бірнеше белсенді ұсталған болатын. Бұл туралы Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұтқындауға дейін оған жалған ақпарат таратуға болмайтыны туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда ешбір ескертуге құлақ аспай, заңсыз әрекеттерін жалғастыра берген көрінеді. Егер белсендінің кінәсі дәлелденсе, онда Әлнұр Ілияшев үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Күдікті қоғамды әдейі адастырмау туралы бірнеше рет айтылған талаптарды елемеді. Өзі жариялаған ақпаратты сот талап етсе де теріске шығармады. Нәтижесінде, сот азамат Ә.Ілияшевке оған бұрын таратылған ақпаратқа қатысты шара қолдануды және оны жоққа шығаруды бұйырды. Қазіргі уақытта бұл дерек Қылмыстық кодекстің 274-бабы, 2-бөлігі (төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген, – деп жазыпты Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әлнұр Ілияшев адам құқығы мен бейбіт митингілер тақырыбында көпшілік жиындарда белсенділік танытып келгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Алайда оны көпшілігі жергілікті әкімдікті сотқа берген белсенді ретінде таниды. Өз кезегінде айыпталушының адвокаты Нұрлан Рахманов қаулыға қатысты шағым түсіретінін айтып отыр.
– Мен карантинге байланысты Әлнұрды үйқамаққа жіберуді сұрадым. Алайда Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеушісі қамауға алуды сұрап, прокурор қолдап, судья тиісті қаулы қабылдады. Тергеушінің сөзіне қарағанда, Әлнұрдың әрекеті мен негативті сөздері мемлекеттік құрылым қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді екен, – деді адвокат.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, тергеу орындары бұл істі қозғауда Әлнұр Ілияшев және екі белсенді Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетовтерге қатысты былтыр қарашада шыққан Жетісу аудандық сотының шешімін негізге алған.
– Сот «Закирова, Ілияшев және Тұрымбетов желіде Nur Otan партиясы «Наше право» партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді. Осыған байланысты тергеу орындары Әлнұрдың әлеуметтік желідегі жазған посттары мен видеоларын жинап, сот шешіміне қарамастан партия мен билікті негізсіз сынады деп іс қозғаған. Видео дәлелдердің ішінде биыл 20 наурызда қала әкімдігі алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған үндеуі бар, – дейді Нұрлан Рахманов.
Дегенмен сотта Ілияшев Facebook парақшасында сот талап еткендей жазбаларын терістегенін, айыппұлды жартылай төлегенін айтқан. Сондықтан «белсендіні Жетісу аудандық сотының шешімін орындамады деп қылмыстық жазаға тарту заңсыз», – дейді адвокат.
Бізге белгілісі, әзірге Әлнұр Ілияшевті екі ай мерзімге қамау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр. Бұл мәселеге қатысты Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев та Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді. Ол жазбада кейбір адамдардың Ілияшевтің бұл жолғы тұтқындалуын партиямен байланыстыра бастағанын, мұның еш негізсіз екенін жазды.
Қазіргі уақытта төтенше жағдай талаптарына бағынбаған бірнеше белсенді тұтқындалуда. Осыдан бір апта бұрын Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Руслан Жанпейісовті (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков) «Шымкент қаласы бас санитарының карантин туралы қаулысын бұзғаны үшін» 35 тәулікке қамады. Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Жанпейісов Әкімшілік кодекстің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабымен – 10 тәулікке, «Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер» бабымен 25 тәулікке қамалыпты.
Қалалық сот «Шымкенттің бас санитары карантин кезінде аса зәру болмаса, қалада көлікпен не жаяу жүруге тыйым салғанына қарамастан, Жанпейісов 12 сәуір күні сағат 20.40-та тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан бөлек көшеде жеке көлігімен жүріп, төтенше жағдай кезіндегі ережені бұзған. Ол тікелей эфир арқылы карантин кезінде енгізілген тәртіпке қарсылығын білдіріп, жағымсыз пікірін айтып арандатқан, полиция жұмысына кедергі келтірген» деп хабарлады.
Алайда Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадов белсенді тағылған айыппен келіспейтінін, бұл іске қатысты апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Кейін Руслан Жанпейісовтің Facebook парақшасында да бірнеше жазба мен тікелей эфирде түсірген видео жарияланды. Онда белсенді карантин талабын бұзбағанын, жүруге рұқсат қағазы болса да, полиция себепсіз бір сағат блок-бекетте ұстағанын айтқан.
Төтенше жағдай талаптарын ескермегендерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Жақында оларға қатысты нақты шешім шығарылып, тиісті шаралар қолданылады.